1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (16207)   14 наурыз, сейсенбі 2017
14 наурыз 2017
Соловьевті сайратуға кімдер құштар?

Сәуір айында Ресейден Владимир Соловьев, Радислав Гандапас пен бизнесмен Роман Василенко келіп, ақыл-кеңес беріп, бағыт сілтеп, семинарлатып қайтпақ. Бұл үшеуі 1 сәуірде Алматыдағы 1200 орындық «Риксос» қонақүйінде, 8 сәуірде Астанадағы 3000 адамдық Тәуелсіздік сарайында семинар өткізбекші. Семинар тақырыбы: «Қатаң келіссөздер немесе көшбасшы болу өнері».
Соловьевтан бастайық. Бұл кісі ресейлік тележурналист. Қайшылыққа толы кереғар көзқарасымен, соңғы жылдар бедеріндегі Кремльдің басқыншылық саясатын қолдаумен көзге түсіп жүрген адам. Әдетте, мұндай журналистерді саяси билік қоғамның негізгі табын өз дегеніне иландыру үшін пайдаланады. Ресейдің «Бәрі біздікі» деген кеудемсоқ, өле жатса да, өзін өзгелерден биік көріп, дүниені билеп-төстеуге құмар астам саясатын бүгінгі орыс билігін жақтаушы қалың бұқарасының құлағына құйып, қолтығына су бүркіп отырғандардың бірі – Владимир Соловьев. Семинар тақырыбына қарап, сонда Соловьев не деп сайрамақ деген ойға қаласың. Кәсібі өрге жүзген, халықаралық саудада тасы өрге өрмелеп тұрған бизнесмен болса бір сәрі. Ресейдің қатардағы тележурналисі қатаң келіссөздер жүргізу мен көшбасшы болу жайлы не айтпақ?! Бәлкім, Соловьевті аттай қалап шақырып, әр кеңесіне 54 мың теңгеден 324 мың теңгеге дейін ақша төлеп қатысқалы отырған жұрттың да бір білгені бар шығар.
Кремльдің үгіт-насихатшысы деп сипатталатын Соловьев 2015 жылы «Қатаң келіссөздер» жайлы өткізген бір семинарында Гитлер мен Муссолиниді мысалға келтіріп, олардың шешендігін, аудиторияны үйіріп әкетіп, иландыратын қасиеттерін тамсана айтыпты. «Көшбасшы болу өнерінде де» соларды үлгі еткен. Демек, Қазақстанға келгенде де сол дәрісін қайталайды деген сөз. Сонда Соловьев кәсіпкерліктің ұңғыл-шұңғылын меңгергісі келетіндерге кеңес беруге келе ме, әлде ел ішінде әлдеқалай төтенше жағдай болса қалса соны пайдаланып, «қатаң келіссөздер жүргізіп, көшбасшы болып шыға келудің» тәсілін үйрете ме? Соңғысы – алаңдатады. Алаңдататыны – Соловьев Украина мен Ресей арасындағы мәселеде Кремльдің басқыншылық пиғылдағы саясатын қолдап, оны насихаттап, қара үзіп топтан озған «майталман». Ар жағын өзіңіз ойлай беріңіз.
Енді Радислав Гандапасқа келейік. Гандапас 2014 жылы Астанаға келіп, депутаттарды көпшілік алдында сөйлеуге үйретіп кеткен. Сол кездегі мәжілістің вице-спикері Дариға Назарбаева: «Ол бізге Мәскеуден келді. Ол мықты тренер дейді. Бұған жауапкершілікпен қараңыздар. Біздің партия тренингті төлеп отыр», – деген еді. Содан бері екі жыл өтті. Жұрт алдында қисық сөйлеген біраз депутатты көрдік.
Гандапас тренингті, әлбетте, орыс тілінде өткізеді. Ал ел аумағындағы сайлаушылардың басым көпшілігі қазақтар. Сонда Гандапастан халық алдында қалай сөйлеуді үйренген мәжілісмендер жалпы халық санының 20,61 пайыз (2016 жылдың басындағы дерек) болатын орыс диаспорасымен ғана тілдесуді, сол этностың алдында ғана өздерінің шешендік өнерін көрсетуді мақсат тұтқан болып тұр. Бірақ саясаткерлер, депутаттар, шенеуніктер бұқарамен байланыста қандай жағдайда да мүдірмеуі тиіс. Жұрт алдында екі сөздің басын құрай алмай, өз ісін түсіндіре алмай, түрлі мәселеде жауап қата алмайтын адам екібастан лауазымды мемлекеттік қызметке бармайтыны, депутат болмайтыны атам заманнан белгілі.
Алайда біздің елде әуелі тағайындап, сайлап алып, сосын бастауыш сыныпта өтетін «Шешендік өнер» сабағын Ресейден аттай қалап Гандапасты алдырып оқытады. Шамасы, бұл Қазақстанға ғана тән ерекшелік болса керек. Әрі мемлекеттік биліктің бұқарамен байланыста әлсіздік көрсетіп, қабылданған шешімдер мен заңдарды қайтара түсіндіріп жататыны да содан болса керек. Гандапас келіп кеткелі де қаншама қоғамдық-саяси оқиғалар болды. Сондай кездерде Гандапастың шәкірттерінің суырылып шыққанын көре алмадық. Енді, міне, сол Гандапас тағы келе жатыр.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Владимир Соловьев Ресейдің аймақтарына және өзге елдерге барып, іріткі салып арандатып жүрген, Кремльдің саясатын насихаттап, Совет өкіметінің қайта орнауын көксейтін журналист. Ал Соловьевтің кез келген аудиторияға айтатыны бір-ақ нәрсе. Ол – Ресейдің ұлылығы, Ресейдің көршілерге сес көрсетуі және сталиндік тоталитарлық советтік жүйені қайта «тірілту» жайы. Қазақстанға келгенде де оның айтары белгілі: ұлттарды бір-біріне айдап салу, елдің ішінен дау-дамай шығару.
Біріншіден, оны Қазақстанға кім шақырып отыр деген сауал өте маңызды. Сырт елден келіп, ел ішіне у сеуіп кететін адамдарды шақырып отырғандармен неге ҰҚК, құқық қорғау орындары айналыспайды? Соловьевтің келісі – мемлекеттің біртұтастығына, қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін нәрсе.
Екіншіден, бұл саяси тұрғыда ұйымдастырылып отырған іске ұқсайды. Мастер-класс дегеніңіз – белгілі бір адамдардың, ұйымдардың мұрындық болуымен әрі кетсе 50-100 адамға арналған кәсіби бағыттағы кішігірім жиын. Ал Соловьевке «Тәуелсіздік сарайын» беріп отыр. Бұл 3-4 мың аудиториясы бар үлкен орта. Соловьев сияқты арандатушыларға үлкен сарайдың төрін беру кімнің бастамасы? Олардың түпкі ойы қандай? Демек, Соловьевтің арандатушы, іріткі салушы пиғылына жақтастар Қазақстанда да бар деген сөз. Ол жай ғана лекция емес, ресейшіл күштерге қандай жағдайда не істеп, қалай қимылдау қажеттігін, бесінші колоннаны қалай қалыптастырып, Донбастағыдай орталық билікке бағынбаудың тәсілдерін үйретіп кетеді. Сондықтан бұл мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте қатерлі нәрсе.
Мұндай әрекеттерді, арандатушы әрекеттерді ресейлік саясаткер, депутаттар да жасады. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, Қазақстанда Ресейдің сойылын соққан шешімдер қабылданады. Мысалы, Путинге тіл тигізгені үшін Қазақстан азаматын бас бостандығынан айырғаны – ел естімеген жағдай. Осындай жағдайлардан кейін Қазақстан қаншалықты тәуелсіз мемлекет деген ауыр сұрақ туындайды.
Соловьев Белоруссияға барғанда жергілікті белсенділер митинг ұйымдастырып, оның кездесуін болдырмады. Ал Қазақстанда митинг жасайтындай заң тұрғысынан мүмкіндік жоқ. Десе де, заңды жолдармен – ашық хат жазу, мәлімдемелер жасау, әлеуметтік желілер арқылы үн қату, мемлекеттің тұтастығы алдындағы әрбір азаматтың парызы.
Ал Гандапас секілді шетелден адам шақырып, депутаттардың бұқарамен қалай сөйлесіп, қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы кеңес тыңдап, дәріс алуы – құлдық психологияның көрінісі. Шенеуніктер мен депутаттарға халықпен байланысуды, жұрт алдында өзін-өзі ұстау мен сөйлеудің әдіс-тәсілдерін отандық мамандар-ақ үйрете алады. Әрі ондай мамандар бар.
Ресейлік маман өз еліндегі кейбір тәжірибелерімен бөлісетін де шығар. Алайда ол елдегі дүниелер бізге жүрмейді. Және олар қалай болғанда да Ресейдің сыртқы саясатын, сол елдің мүддесін тықпалайды, соны айтады. Тіпті депутаттар одан үйренді деген күннің өзінде қазіргі «халық қалаулыларына» қоғамның сенімі, көзқарасы белгілі ғой. Көптеген жағдайда депутаттар күлкі болып, ұятқа қалып жатады.
Саясаттанушының сөзінің жаны бар. Мәселен, «бесінші колонна» туралы президент те айтқан еді. 3 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев: «Жекеменшік емхана ашу мүмкін емес. Неге, бұл өз қолымызда ғой. Мұны кім істеп отыр? Үкіметтің ішінде «бесінші колонна» отыр ма? Біз айтамыз, шешім қабылдаймыз, ал іс жүзінде басқаша болып шығады», – деген еді. Президент сөзін және Расул Жұмалының пікірін қабыстыра қарағанда, Соловьевтердің «Тәуелсіздік сарайының» төріне келіп сайрауының сыры бар сияқты...
2014 жылы мәжіліс депутаттарына дәріс оқып кеткен Гандапасқа қатысты «Нұр Отан» партиясына хабарласқанымызбен мардымды жауап ала алмадық. Біздің мақсат партия қаражат шығындап, әдейілеп Мәскеуден алдырған адамның үйреткендерінен нәтиже шықты ма, соны білу еді. Осы сауалдың ізімен депутат Нұртай Сабильяновқа хабарластық.
– Шетелден келетін ондай адамдардың бізге қажеті жоқ. Біріншіден, біз тәуелсіз мемлекетпіз. Екіншіден, ондай мастер-кластарды қазақша жүргізе алатын азаматтар бар. Сондай азаматтармен бірлесіп, қоғамды алға жылжытатын іс-шаралар өткізуіміз керек. Сондықтан шетелден келіп, мастер-класс өткізетіндер-
ге біздің елде қажеттілік бар деп айта алмаймын. Бәлкім, шақырып отырған азғана топ бар шығар, ал көпшілікке оның керегі жоқ. Олардың ақылы, көрсетер бағыт-бағдарының бізге қажеті шамалы.
Депутаттың пікірі осындай. Алайда Соловьевтің сапарына әл-әзір ешкім кедергі бола алмайтын сықылды. Сарапшылардың пікіріне сенсек, бұл күні ертең қоғамның тұтастығына сына қағуы мүмкін іс. Белоруссияда азаматтық қоғам қарсы тұрып, Соловьевтің сайрауына жол бермеген. Ал ел ішінің біртұтастығын қадағалайтын біздің ішкі-сыртқы қауіпсіздік саласы Соловьевтерді қашанғы сайратып қояды?!.


Таңатар ТАҒАН
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Асылбек | 15 наурыз 2017 13:56
Баратын жагына барып сайрасын московит.
Көкшеұлы | 15 наурыз 2017 17:18
Егер, Владимир Соловьев, Радислав Гандапас сияқты неоимперл3к агрессиялық үгіт-насихат жүргізу үшін "Тәуелсіздік" сарайын берсе онда оның не айтатын, нені көксейтінін Дәурен Абаев барлық Қазақстанның телеарналарынан берсін. Сосын көрейік, оның қандай "провокатор" екенін. Сосын билік адамдары салдарына жауап берсін. Соны істей алса өз бауыры славяндар сөйлетпей отырғанда біздікі не сонда?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар