1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
POST(NEW) КЕҢЕСТІК КЕҢІСТІК

Ресейдің империялық астам пиғылы күн өткен сайын асқынып барады. Асқынған сайын одан іргелес мемлекеттерге келер қауіп те күшейетіні сөзсіз. Міне, Кремльдің кезекті жымысқы ойы бой көрсетті. Ол – өзге елдердегі орыс тілі мен мәдениеті өкілдеріне Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру туралы заң жобасы.

Жоба 2016 жылдың 30 желтоқсанында Ресей Думасына енгізіліпті. Жоба авторы – ТМД істері жөніндегі комитеттің төрағасы, Еуразиялық интеграция бойынша кеңесші Константин Затулин. Заң жобасы Путиннің 2012 жылғы 12 желтоқсандағы «Ресей империясы мен Совет Одағында туғандардың ұрпағына және тұрып жатқан елдің азаматтығынан шығып, тұрақты тұру үшін көшіп келу ниеттілерге, орыс тілі мен мәдениетінің тікелей өкілдеріне Ресей азаматтығын беру тәртібін түзуді тездету» жөніндегі тапсырмасына сәйкес жасалыпты. Яғни тікелей Путиннің қалауымен іске асқалы отырған қадам. Бұл жобаның түпкі мақсатын Затулиннің pravda.ru сайтына берген сұхбатынан аңдауға әбден болады. Затулин бүй дейді: «2014 жылы депутаттар заң жобасын қабылдағанда территорияны қазіргі Ресей Федерациясының аумағымен шектеген. Ал президент Ресей империясы туралы айтты. Оған қоса, РФ азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алғысы келетін азаматтар тұрып жатқан елдің азаматтығынан шығып қана қоймай, азаматтықтан нақты шыққанын айғақтайтын анықтама әкелу керектігі туралы ақылға қонбайтын түсініксіз талаптар қойған. Міне, осындай дүниелерді заңнан тазалап, жаңа жоба ұсындық. Әрі қарай біз өзге елде тұратын отандастарымыздан сол елдің азаматтығынан шығу туралы талап қою керек пе, жоқ па деген мәселеге сөзсіз барамыз. Олар 1991 жылы Украинаның, Қазақстанның, Белоруссияның, Балтық жағалауы елдерінің азаматтары болып шыға келді».
Мұның астарында не бар? Егер Ресейдің соңғы жылдар бедеріндегі көршілес елдерге ұстанып отырған саясатын есепке алсақ, әсіресе, Украинаның территориялық тұтастығын бұзып, әлі күнге соғыс қимылдарын астыртын қолдап жүргізіп отырғанын ескерсек, шетелдегі ұлты орыс азаматтарға азаматтық берудің ар жағында Кремльдің Ресей империясын қалпына келтіру дейтін арманы жатыр. Ол арманның жолында бүгінгі Ресей билігі ештеңеден тайынбайтынын дәлелдеп те үлгерді. Демек, теріскейдегі көршінің мұндай саясаты түптің түбінде Қазақстанның территориялық тұтастығына қатер төндіріп, елді ішінен бөлшектеуге апаруы мүмкін. Ал ресми Мәскеудің қас-қабағын бағып үйренген Астана мұндай жымысқы саясатқа қарсы тұра ала ма? Бұл – басы ашық сұрақ.
Ресей өзге елдегі отандастарымыз деп есептейтін адамдарға азаматтық беруді заңдастырмай-ақ, қос азаматтық иемденіп жүргендердің қарасы мол. Мәселен, өткенде Ақмола облысында қос азаматтығы бар 300-дей азамат бар екені анықталған. Бұл тек анықталғандары ғана. Біздің елдің заңы бойынша қос азаматтықа тыйым салынған. Ал нақты жағдай анау. Демек, заңда екі елдің азаматы атанып, заң бұзып жүргендерді қатаң жазаға тарту механизмдері жетілдіріліп, оның орындалуы да ерекше бақылауда болуы тиіс. Өйткені ұлттық қауіпсіздіктің басты мәселесі. Ресей жоғарыдағыдай заң жобасын дайындап жатса, қос азаматтық проблемасы күн тәртібінен түспейтін ең маңызды дүниелердің бірі екені айтпаса да түсінікті. Осы тақырыпқа орай, саясаттанушы Айдос Сарым abai.kz порталына пікір білдірген екен. Сарапшының ойын біз де беруді жөн көрдік.

Айдос САРЫМ: МҰНЫҢ АРТЫНДА ҮЛКЕН ҚАУІП БАР
– Әрине, алаңдауға негіз бар. Себебі біздің Солтүстік Қазақстан жақтарда қазіргі күннің өзінде қос азаматтығы бар адамдар туралы ақпараттар шығып жатыр. Екі елдің зейнетақысын алып отырғандар да бар. Және өткендегі ШҚО мәслихатының депутатына қатысты нақты қандай шара қолданылғаны белгісіз. Сондықтан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстандағы елшісін шақырып, наразылық нотасын тапсыруы керек. Мұның артында үлкен қауіп бар.
Мұнда бірінші назар аударатын жайт, егер бұл Ресейдің ішкі мәселесі болатын болса, қабылданатын заңдарында этникалық орыс азаматтары және тұрғылықты мемлекеттің азаматтығынан шығу туралы құжат арқылы ғана жүзеге асуы тиіс. Ал, көріп отырғанымыздай, жеңілдетілген жүйемен паспорт үлестіру, азаматтықтан шығу туралы құжатты керексіз деп тану, сондай-ақ КСРО-да туғандарға жалпылама береміз дегені арандатушылық іспетті көрінеді. Себебі мен де КСРО кезінде тудым. Демек, кез келген Қазақстан азаматы Ресей паспортын ала алады деген сөз. Бұл өз кезегінде Қазақстан заңдарына қайшы. Екіншіден, кезіндегі Абхазияның мысалы: Ресей паспорттарын таратып жіберді де, артынан бүлік шығарды. Ертең сол жағдай қайталанбасына кім кепіл?..
Рас, Ресейде қазір депопулизация жүріп жатыр, еңбек күші аз. Әлемдік саясатта адам ресурстарына талас үлкен. Ресей ішкі демографиясын осылай реттемек көрінеді. Бірақ кімнің есебінен? Сондықтан СІМ бір шара қолдануы керек.


Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер: БҰҒА БЕРСЕҢ... ТӨЛҚҰЖАТЫН СҰҒА БЕРЕДІ!
– Жалпы, бізді одақтас әрі мәңгілік дос деп санайтын мемлекет мұндай екіұшты, таза арандатушылық сипаты мен астары бар қадамдарға бармауы тиіс.
Ресей жағына салсақ, мұны тек шет жақтағы отандастарға қамқорлық ретінде ғана көрсетері анық. Ешкім де, оның ішінде Затулин де мұның астарында шын мәнінде не жатқанын айта қоймас. Бірақ «аузы күйген үрлеп ішеді» демей ме?! Ресейдің қазірдің өзінде әлем жұртшылығы танымай қойған Приднестровье мен Оңтүстік Осетияда жасаған осы азаматтыққа қатысты төлқұжаттық қитұрқыларын ешкім де ұмыта қойған жоқ қой. Бәленің бәрі содан басталды емес пе? Оның арты неге ұласқанын бәріңіз білесіздер.
Сондықтан да бұл мәселеде ерекше сақ әрі табанды болуымыз керек. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Көршінің қабағына қарап, «ондай иттікке бара қоймас» деп бейқам отырудың реті де, жөні де жоқ.
Және де бұл бастамалар қайдағы бір бейресми топтар немесе еш мәртебесі жоқ жеке тұлғалардан шығып отырған жоқ. Мемлекеттік Дума – ресми орган, ресейлік биліктің бір тармағы. Сондықтан да ресми органның бұл арандатуына біздің ресми органдар – Сыртқы істер министрлігі мен біздің парламент осы мәселеге қатысты дипломатиялық және саяси жолдар мен тәсілдер арқылы өз позициясын анық әрі қатты түрде жеткізуі тиіс деп ойлаймын. «Бұға берсең, сұға береді». Әшейінде сайлау алдында «отаншыл, патриотшыл» бола қалатын депутаттар қайда?!
Бәлкім, осындай жағдайлар үшін біздің өз парламентімізде жергілікті «жириновскийлер» мен «затулиндер» болуы керек шығар?! Оларды неге тәрбиелеп, қалыптастырмаймыз? Ана жақта ит үрсе, біздікілер солардың стилінде лайықты жауабын беріп отырсын. Бұл да саяси өмірдің, оның ішінде өзімізге қарсы арандатушылықтармен қарсы күресудің бір тиімді жолы емес пе?
Біздің қоғамда, биліктің ішінде бір бейқамдық бар. Яғни Украинадан кейінгі санкциялардан кейін Кремль өзінің экспансиялық саясатын доғарады, енді басқаның жеріне қол салмайды-мыс деген түсінік. Бірақ саясат та сусып, күнде өзгеріп жатқан бір дүние. Неоимпериялық пиғылдар қайта жанданбасына еш кепіл жоқ. Мәселен, Ресей экономикасы сол санкциялардың кесірінен тежелді, әлеуметтік проблемалар ушығып бара жатыр. Сондықтан да елдің назарын басқа жаққа аудару үшін Кремль идеологтары «кішкентай жеңімпаз соғыс» ашып жібермейді деп кім айта алады?! Ондай жағдаят Ресеймен шекаралас кешегі Совет Одағының кез келген кешегі республикасының басына түсуі мүмкін. Сондай кезде Затулин секілділердің осындай бастамалары өз миссиясын орындап қалуы әбден мүмкін.

ДЕРЕКТЕР:
Солтүстік Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 530 адам анықталып, 80-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған (2016 жыл).
Ақмола облысында елдің азаматтығын алып алған 300-ден астам факті тіркеліп, 6 адам әкімшілік жазаға тартылып, оның ішінде 3 адам ел аумағынан шығарылған (2016 жыл).
2014 жылы Бас прокуратураның департамент басшысының орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков:
«Екі елдің азаматтығын алып, заң бұзған азаматтардың аты-жөнін алдағы уақытта міндетті түрде жариялаймыз. Олар қазір мемлекеттік қызметте, тіпті парламенттің қос палатасында еңбек етіп, екі елдің де жеңілдіктерін бірдей пайдаланады. Яғни екі жақты зейнетақы, жәрдемақыға қарық болып жүр. Ал бұл біздің Ата заңымызға мүлдем қайшы келеді», – деп мәлімдеме жасаған болатын.
Биыл ШҚО мәслихаты хатшысы Владимир Головатюктің қос азаматтығы туралы дерек БАҚ-та жарияланып, бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі «мәслихат хатшысының қос азаматтығы туралы дерек тексеріліп жатыр» деп мәлімдеген.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар