1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Жаңа әкім Кулагиннің командасынан емес

Көрісу күні бірнеше облыстың әкімдері ауысты. Солардың арасында «ауыр салмақтылардың» бірі болып есептелетін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин де бар. Сонау кеңес дәуірінде атқа мініп, аудандық, облыстық деңгейде басшылық қызметте болған Кулагин тәуелсіздік алғасын да тұғырынан түспей, Торғай облысы әкімшілігінің басшысы болып бастап, кейін талай-талай лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған. Білетіндер оны президентке жақын адамдардың бірі десетін. Бұл сөз тегін айтылмаса керек.
Оған бір мысал айтсақ, 2004-2012 жылдары Қостанай облысын басқарған Кулагин ол жерден дау-дамаймен кеткені әлі есімізде. Облыс әкімінің аппарат жетекшісі Анатолий Твердохлебов пен облыстық экономика және жоспарлау департаментінің басшысы Мария Щеглова, тағы да бірнеше шенеунік «пара алды» деген күдікпен ұсталып, жазаға кесілген болатын. Дәл соның алдында ғана президенттің өзі «егер қарамағындағылар қылмыспен ұсталса, басшылары бірге жауап береді» дегені де есімізде. Бірақ Кулагинге түк те болған жоқ. Қылмыстық оқиғадан соң әкімдіктен кетіп, біраз уақыт сенатта отырды да, дау-дамай ұмытыла бастағанда бұрын өзі басқарған Ақмола облысына қайтадан әкім болып оралды. Осыған қарап оның жоғарғы жаққа жақындығы бары рас шығар деп түйдік.
Естеріңізде шығар, 2015 жылы Н.Назарбаев зейнет жасына жеткен біраз шенеуніктің қызмет істеу мерзімін ұзартқан болатын. Ақпарат құралдарында жарияланған президент жарлығында «Ақмола облысының әкімі С.Кулагиннің қызмет істеу мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылсын» делінген. Бірақ ол айтылған мерзімге жетпей лауазымын тапсыруға мәжбүр болды.
Кулагиннің командалық тәсілмен жұмыс істегені де әркімге белгілі. Ана бір жылдары «А корпусы» деген жаңалық шығып, «қызметке командамен келуді доғарыңдар» деген нұсқау беріліп жатқанда ол оған пысқырмастан, Ақмолаға екінші рет әкім болып келгенде бұрынғы командасын қайтадан жинап алған болатын. Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы болып жүрген Қадырхан Отаровты екінші рет өзіне бірінші орынбасар етіп алып келді. Бұрын өзінің орынбасарларының бірі болған, кейін мемлекеттік қызметтен кеткен Ғалым Бекмағамбетовті «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалын басқаруға әкеліп қойды. Қостанайдан өзімен бірге алып келген бірнеше адамға лауазымды қызметтер ұсынды. Бұл жайлы кезінде талай мәрте жазылған, бірақ оған Кулагиннің түгі де қисайған жоқ. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген осы.
Биылғы жылдың басында ғана Кулагиннің талай жылғы сенімді серігі, бірінші орынбасары болған және өзімен бірге Ақмола облысына екі рет келіп, екі рет кеткен Қ.Отаров зейнет жасына жетуіне байланысты қызметін тапсырған болатын. Сол кезде Кулагинге орынбасар болып жаңадан екі адам тағайындалды. Бірі – бұрын осы облыстағы Шортанды ауданы мен Степногорск қаласының әкімі, төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр болған Жанболат Смайылов, екіншісі – бұрын Аршалы, Ерейментау аудандарын басқарған, кейінгі жылдары мәжіліс депутаты болған Егор Каппель. Екеуі де осы облыстың тумасы. Сондықтан ел ішінде «Кулагин кетсе, осы екеуінің бірі әкім болатын шығар» деген гу-гу сөз жүрген еді. Бірақ облыс әкімі болып бұрын аты белгісіздеу Мәлік Мұрзалин деген азамат тағайындалды.
Сонымен, ондаған жылдар президенттің командасында болған Кулагин секілді мықты да аттан түсті. Кез келген шенеунік орнын босатқасын, «осы адам ел үшін не істеп кетті, несімен есте қалды?» деген сауал туады. Ақмоланың бұрынғы әкімі қандай еді дегенде, ең бірінші оның Қостанай облысының Рудный қаласындағы православ храмының шаңырағына христиан дінінің қасиетті адамдарымен бірге өзінің суретін салғызғаны есімізге түседі. Одан бөлек, Кулагиннің Қазақстандағы ірі жер иеленуші екенін де білеміз. Былтырғы жылы жерге қатысты дау шыққанда оны өзі де мойындап, 80 мың гектар ауылшаруашылық жерінің меншік иесі екенін айтуға мәжбүр болған-ды. Тіпті ана бір жылдары Мәскеудің атақты Рублевкасында оның зәулім үйі бар екенін ақпарат құралдары да хабарлағаны есімізде. Мемлекеттік қызметте жүріп-ақ біраз меншікке ие болған Кулагин, міне, кетті. Ал оның орнына келген Мәлік Мұрзалин мырзаның халыққа жағуы қалай болады?
«Емшінің жақсысы – ауруға ауру қоспағаны» деген сөз бар. Сол секілді әкімнің жақсысы – ел ішін бүлдірмей кеткені. Ақмола облысын басқарған әкімдердің ішінде ешкімді ауыстырмай, өз жөнімен кеткен адамдар – Қ.Қожамжаров пен марқұм С.Дьяченко. Ал қайсыбір әкімдер тағына мінер-мінбестен кадр ауыстыруды бастайды. Осының себебінен аудандарда қолға алына бастаған жап-жақсы жобалар, тың бастамалар аяқсыз қалып жатады. Ел ішіндегі тірлікті алға бастырмайтын себептердің бірі осы. Енді аймаққа жаңа басшы келгесін қайсымызды орнымыздан жұлып тастайды екен деп аудан әкімдері де алаңдаулы. Тек әкімдер ғана емес, жаңа басшы жай-күйімізді жақсарта алар ма екен деп, ел іші де Мұрзалиннен жағымды жаңалық күтетіні рас.

Сайлау БАЙБОСЫН
Ақмола облысы


 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті