1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №23 (16209)   18 наурыз, сенбі 2017
19 наурыз 2017
Қазақ ұлтшылдығы қандай болу керек?

АЙҚЫНДАМА СӨЗ
Құдай уә тәбәрәка тағала қасиетті құрани кәрімнің «Құжра» сүресінде: «Бір-біріңді тану үшін сендерді жер бетінде түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым», – дейді. Қазақ – әлімсақтан мұсылман жұрт. Ендеше, бұл – түп сенімнің анық сөзі. Анық сөздің мөлдіреп көрініп жатқан астарынан түйетініміз мынау – Аса рақымды Алла тағала адамды ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқандықтан, әр адам қай ұлттың қатарынан жаратылса, сол ұлтты сүюі, ана тілінде сөйлеп, ата дәстүрін ұстануы, құндылықтарын құп алып нығайтуы, қажет кезде ұлтқа тиесілі жерді қорғауы, ұлт жолында қызмет етуі – Жаратқанға жақ іс. Яғни ұлтшыл болу – сүннет.
Замана өзгерісіне, уақыттың талабына, қилы кезеңдердегі ұлт тағдырына қарай ұлтшылдықтың формуласы, қызметі, бағыты құбылып отырады. Бірақ түп негізі, идеялық тұғыры еш өзгермейді. Ол идеялық тұғыр – ұлттың өмір өзегі. Өзектің жұлыны – ұлтшылдық.
Тарихшылар ұлтшылдықты Алаш қайраткерлерінің тарих сахнасына шығуымен, дәлірек айтқанда, 1905 жылғы «Қарқара құзырхатының» жазылуынан бастайды. Яғни Алаш идеясымен жаңа тұрпаттағы мемлекет құру ісін ту еткен Алаш ардагерлері қазақты жаңа заман талабына қарай біртұтас мемлекетқұраушы ұлт ретінде ұйыстыра отырып, саяси ұлтшылдықты күрес бағыты есепті айқындап, осы жолда рухани-ағартушылық жұмыстың да көрігін қыздырды. Бұл саяси һәм рухани бағыт өзінің нәтижесін берді. Алаш ұлттық санамызда зор төңкеріс жасады. Әрі жаңа сипатты ұлттық саяси-рухани мектеп қалыптастырды.
Ұлт тарихының қойнауына үңілсек, ұлтшылдық ұлттың дамуының, күрескерлігінің қозғаушы күші болған. Мәселен, соңғы хан – Кенесары Қасымұлы бас болған ұлт-азаттық көтерілістің де түп тамырында ұлтшылдық жатыр. Басқыншылардан ұлтты құтқару, оның жер бетіндегі жалғыз ұясы – жерді қорғау және тәуелсіз хандық мемлекетті сақтап қалу. Тұнып тұрған ұлтшылдық. Осы қатарға Қазақ хандығы құрылғаннан бермен қарай хандық мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына өмірін арнаған асыл текті хандар мен батырлардың, қараша халықтың күреске толы жолын да жатқызамыз. Бәрі де ұлт үшін, ұлт өмірін ұзартудың қасиетті қамы еді.
Міне, осылай әріден жалғасып келе жатқан ұлтшылдық Ресей патшалығының отарлауынан кейін Совет өкіметінің тұсында басқа реңк алды. Қызыл өкімет ұлтшылдықты тұншықтыруды басты нысанасына алды. Алаш қайраткерлері ұлтшыл деп есептеліп сотталды, атылды. Қызыл қыспақ ұлт жанына қатты батты. Соның кесірінен халық ұлт, ұлтшыл сөзінен безініп кетті.
Себебі – анық. Жаннан қорықты. Жазалаудан жасқанды. Сөгіс жоқ. Кінәлаудан аулақпыз. Десе де, ұлтшылдық түбірімен жойылып кеткен жоқ. Қазақ тірі еді. Ұлтшылдықтың күрескерлік, саяси жағы әлсіреп, біржола өшуге айналғанымен, рухани саладағы ішкі ағысы тоқтаусыз жүріп жатты. Мұны біз совет кезінде дәуірлеген қазақ әдебиетінен көре аламыз. Сол тұстағы шоқтықты тарихи шығармалардың дені ішкі рухани ұлтшылдықтың отын өшірмей, өрістете түсті. Саяси күрестегі ұлтшылдық орнына мәдени-рухани ұлтшылдық келді. Сол жауынгер, ұлтшыл әдебиеттің оқырманы болып, ықпалына оранып өскен ұрпақ 1986 жылы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінде ұлтшылдықтың саяси қанатына жан бітірді.
Қазір ше? Қарап тұрсақ, екі тарапта мылтықсыз әрі көзге көрінбес майдан жүріп жатыр. Ұлтшылдық және оған қарсы тарап. Бірақ Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Бұл – саяси ұлтшылдық күрестің басты жеңісі. Сонда ендігі жерде ұлтшылдықтың керегі жоқ па? Керек болса, ол қандай мазмұнда өрістейді? Мұндай сауалға жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай бүй дейді: «Біздің жағдайымызда, Қазақ Республикасында саяси ұлтшылдық жүрмейді. Саяси ұлтшылдық – егер елдің тізгіні өзгенің қолында болса, соған қарсы бірігіп күресу. Біз өз елімізді өзіміз басқарып, тәуелсіз ел болып отырып, кімге қарсы саяси ұлтшылдық ұстаным боламыз? Сондықтан ұлтшылдық бізде ұлтын сүю, патриотизм сөзінің баламасы ретінде қолданылуы керек. Қазір саяси мақсаты болмаса да, ұлтшылдық керек».
Рас, ұлтшылдық әркез қажет. Бүгінге қоғамдық сипаты басым ұлтшылдық қажет-ақ. Неге? Өйткені қоғамдық-саяси жүйеде қазақ мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Ал қандай формада, қандай мазмұнда болсын ұлт мәселесі бар жерде ұлтшылдық ояу болады.
Ендеше, қазіргі ұлтшылдықтың сипаты қандай? Бүгінгінің ұлтшылы кім? Оның ұстанымы қандай? Ол ұлтқа қызмет етуді қалай түсінеді? Ендігі ұлтшыл қандай болуы керек? Ұлтшылдық нендей істен көрініс табады? Жалған ұлтшылдық пен ұлтшылдықты топтық, жеке мүддеге пайдалануды қалай ажыратып, бағасын береміз? Қарапайым адамның ұлтшылдығы неден көрінеді? Міне, осы қатарлы сан сауалға жауап тауып, біздің заманымыздағы ұлтшылдыққа жан-жақты талдау жасауды мақсат тұтып отырмыз. Бүгінгі сөз – сол мақсаттың анықтама-айқындаушы сөзі.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Еркин | 21 наурыз 2017 14:32
Ултшыл казакта копкой Досан Сырым Махамбет Исатай Ахмет Байтурсыновты улт камы деп енреген ерлер улттык орнектеримиз десе болады
Көкшеұлы | 24 наурыз 2017 15:36
Дін де модернизацияланған руханият та экономика да Ұлтқа қызмет етуі тиіс. Жер шарының 9 шы территориясын жайлаған қазақ ұжымшыл-қауымшыл ұлт. Сондықтан жалғыз Дара жекешіл емес, ұлт үшін Отқа да сотқа да түсе алатын Макс пен Талғат,Жанболат,Арон секілді азаматтар ғана азаматшыл ұлтты қалыптастырмақ.
солай | 7 сәуір 2017 13:43
Дін де модернизацияланған руханият та экономика да Ұлтқа қызмет етуі тиіс. Жер шарының 9 шы территориясын жайлаған қазақ ұжымшыл-қауымшыл ұлт. Сондықтан жалғыз Дара жекешіл емес, ұлт үшін Отқа да сотқа да түсе алатын Макс пен Талғат,Жанболат,Арон секілді азаматтар ғана азаматшыл ұлтты қалыптастырмақ.

ұлт үшін отқа, сотқа түсер. Тәуір азаматтар солай қамалып қалса немесе оларды құртып жіберсе қазақта кілең ез қалмағанда қайтеді?Қашанда үнсіз, тілсіз күрестер үстем болған.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар