1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №24 (16210)   28 наурыз, сейсенбі 2017
28 наурыз 2017
Трамп пен Атамбаевқа күлгенде...

Соңғы бір-екі аптада қазақ шенділері түсініп болмайтын жаңалықтар көбейіп кетті. Депутат кезінде қыздарын көмекшілік қызметке алып, ел есебінен айлық төлеткені белгілі болғаны сол еді, Францияның ішкі істер министрі Бурно Ле Ру мырза өз еркімен отставкаға кетіп қалды. Бала-шағасынан бастап, немерелерін, жиендерін, құда-жекжаттарын мемлекеттік қызмет пен тендер бөліске қалдырмай сүйреп жүрген біздің министрлер әділдік, теңдік, бірлікті ұран еткен сонау Франциядағы Бурно Ле Ру мырзаға бейшара көргендей қарайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Біздің шенділер үшін бейшара кейіпке түскен Францияның министрі ғана емес.
АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрестен ел аузында Obamacare аталып кеткен медициналық сақтандыру бағдарламасын өзгертуге жолдаған заң жобасын соңғы сәтте кері қайтарып алды. Дональд Трамп бұрынғы президент Барак Обаманың осы бағдарламасын сынау арқылы және оны тоқтату туралы бастамасымен сайлау кезінде ұпай жинаған еді. Енді сол уәдесінің үрдісінен шыға алмады. Конгрестің екі палатасы демократияшыл партияның уысында болып, АҚШ президенті айтқанына жете алмай қалса, кешірімді еді. Бұл жолы Трамп заң шығару органында айқын басымдыққа ие өз жақтасы – республикашылдардың қолдауына ие бола алмай қалды. Салыстыра қарап, ойланып көріңізші, Қазақстан президенті көтеріп келген заң жобасын «Нұр Отан» мен билікшіл партиялардан тұратын парламент қабылдамай қояр ма еді? Біздің депутаттар үшін Дональд Трамптың жағдайы күлкілі, әрине! Ал қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың бар үміті – депутаттарына сөзін өткізе алмаған Трампта.
Наурыздың 24-і күні Бішкекте сөйлеген сөзінде Атамбаев Азаттық радиосының Қырғыз қызметі мен Zanoza.kg сайты туралы біраз сөз айтып, «Бұлар – журналистер емес, жала жапқыштар» деп салды.
«Азаттык радиосына келсек, оларды халықаралық соттарға беруге әзірмін. Азаттык радиосы үшін бұл жақсы сабақ болар еді. Денсаулығым жақсарып келеді, құдай қаласа, осы қыркүйекте Америкаға барып қалмақпын, Трамппен кездеспекпін. Бәлкім, сөйтсем тоқтар», – деді Атамбаев. Қайтсін енді, қырғыз сотына сөзі өтпейтін, Қырғызстанда өзіне ұнамайтын сайттарды бұғаттап тастауға қолы бармайтын президент Атамбаевта халықаралық сотқа жүгініп, АҚШ президентіне базына айтудан басқа не қалады? Қарап тұрсақ, қазір президент пен президенттік биліктің қадірі кетіп барады. Алпауыт АҚШ-тың басшысы Трамптың шамасы шығарған жарлығының күшін жойып тастайтын жергілікті судьяға, одан қалса, Кон-
греске жетпейді. Іргедегі көршіміздің жағдайы жоғарыда айтқандай. Бірақ жығылып жатып, сүрінгенге күлу жоқ.
Бес тілшімен алдын ала түсіріліп, наурыздың 17-сі күні телеарналарда көрсетілген сұхбатта президент Н.Назарбаев өз атымен қала атауға, өзіне ескерткіш орнатуға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді.
«Бір сөзбен айтқанда, мұндайға қарсымын, оның маған қажеті жоқ. Мен мұны бәріне ашық айтып жүрмін. Барлық билеушілердің кеңесшісі болған Марк Аврелий тірі кезінде ескерткіш тұрғызу болашақ ұрпақтың есінде қалудың кепілі еместігін айтқан. Сіңірген еңбегіңмен бағалайды ғой. Ешқандай ескерткішпен емес. Қараңыздар, кезінде Ленин, Сталинді қолдап, шулап дауыс бергендердің өздері солардың ескерткіштерін құлатып тастады», – деген президент өз есімін «Қазақстанның ғылыми орталығына» айналған Назарбаев университетіне беруге ғана келіскенін айтып өтті. Көрдіңіздер ме, президент өзіне ескерткіш салуға тапсырма да, келісімін де бермеген. Бірақ онысын тыңдап жатқан кім бар? Сосын дәл осы мәселеге келгенде президентті айналасындағылар неге тыңдамай қалады? Қараңыз, Астанадағы «Қазақ елі» монументінде Назарбаев бейнесі тұр. Алматыдағы Бірінші президент саябағының алдында Назарбаевтың ескерткіші тұр. Былтыр біреуі Талдықорғанда ашылды. Мұның бәрін аз көргендей, депутаттар қала мен әуежайға Назарбаевтың атын беру үшін өңештерін жыртып жүр. Назарбаев қой десе де, қоймайтын бұлардың бұл тірлігі Трамп пен Атамбаевқа күлкілі екенінде дау жоқ.
Ал қыздарын көмекшісі етіп алғаны үшін қызметінен ұшып кеткен Франция министрі Бурно Ле Руды ойлаған сайын менің ішім ауырады. Қазақстанда тумай, қор болған шенеунігім-ай...

Жасұлан АҚКЕР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар