1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №24 (16210)   28 наурыз, сейсенбі 2017
28 наурыз 2017
Депутаты төбелескіш партиядан не қайыр?

Парламенттің алаңы күш сынасатын орын емес, әрине. Десек те, депутаттар арасындағы төбелестің өзінше бір қызық «өнер» екендігі рас. Қай парламентте төбелес болмады дейсіз?! Ресей, Украина, Қырғызстан... Осы жуырда ғана Түркияның парламентінде нағыз «қатын төбелес» орын алды. Ата заңға енгізілген өзгерістерге қарсылық ретінде нәзікжанды депутаттың бірі өзін-өзі мінберге кісендеп тастады. Сол-ақ екен, әйел депутаттар екіге жарылып, шаш жұлысуға кірісті де кетті...
Қазақстанда депутаттар төбелесе ме? Төбелескенде қандай! Бірақ өзге елдің депутаттары парламенттің алаңында жік-жік, партия-партия болып жұдырықтасса, біздің қалаулылар жеке-жеке, оның өзінде де сахнаның сыртында, мейрамханада, қызметтік кабинетте күш сынасады.
Ендігі сауал – біздің депутаттар не үшін төбелеседі? Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеевтің мейрамханада Қарағанды қалалық мәслихатының депутатын ақша әкелмегені үшін шашынан ұстап тұрып, бетіне шапалақпен тартып-тартып жіберген видеосы елге тарап кетті. Мұның ақыры депутаттың елден кешірім сұрап, өз еркімен отставкаға кеткені есіңізде шығар. Депутаттар арасындағы төбелестің жалғасы жақында Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Дәлірегі, бұған дейін де ақпарат құралдарында айтылғандай, Түлкібас аудандық мәслихатының хатшысы Өтепбай Мәткәрімов өзінің әріптесі, аудандық мәслихаттың депутаты, «Ақсу-Жабағылы» қорығының директоры Айтбек Меңлібековті кабинетінде бір топ шенеуніктің көзінше бет жағына жұдырығымен ұрып, ауруханаға түсірді.
Дәрігерлердің айтуынша, ауыр соққыдан А.Меңлібековтің миы шайқалып, көз айналасындағы сүйегі сынған. Сол күні түнде хатшы Өтепбай Мәткәрімовтің жүрегі сыр беріп, аурухана төсегінен бір-ақ шыққан. Облыстық ішкі істер департаментінің таратқан мәліметіне қарағанда, төбелескен депутаттың екеуі де полицияға арыз жазыпты. Осыған байланысты «денеге орташа дәрежеде зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Айтбек Меңлібековтің арызды не үшін жазғаны түсінікті, ал Өтепбай Мәткәрімовтің әрекеті ақылға сыйымсыздау болып отыр. Ол не үшін, нендей негізбен арызданады? Бұрын полицияда лауазымды қызметтерді атқарған азаматтың бір ойлағаны, бір сүйенгені бар шығар, әрине. Мәткәрімов құзырлы органдардан отставкаға шыққан соң, ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған. Былтырғы мәслихат сайлауында депутат атанып, артынша хатшының креслосына қонжиған. Елдің ол туралы пікірі әрқилы.
Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, хатшы мен депутат арасындағы төбелеске Кемербастау ауылдық округіне жаңа әкім сайлау себеп болған көрінеді. Меңлібеков осы сайлауда ойласқан түрде ұсынылған кандидаттың емес, не себепті басқа біреудің өтіп кеткенін хатшымен талқыламақ болғанға ұқсайды. Жұрттың айтуынша, онсыз да жүйкесі жұқалау Мәткәрімов әріптесін жұдырығымен періп кеп жіберген. Байқап отырғандарыңыздай, депутаттар дүние үшін емес, сайлауға қатысты мәселе үшін төбелесіпті. Бірақ сол әкім сайлаудың арғы жағында қандай мүдденің тұрғаны және оның елдің мүддесімен қаншалықты қабысатындығы күңгірт. Бір кептің бары анық. Мәткәрімов пен Меңлібеков арасындағы қарым-қатынасқа да біржақты баға беруге болмайтын сияқты. Екеуі де Жабағылы ауылының тұрғындары. Бала күнінен тай-құлындай тебісіп өскен. Түйдей құрдас. «Отбасымен араласып тұратын еді» деген де әңгімелер айтылады. Алайда осыдан он шақты жыл бұрын Мәткәрімов ауыл әкімі болып тұрған кезде А.Меңлібековтің ұлын ұрып, жағын сындырғандығын да сенімді ақпарат көздерінен естідік. Жағымсыз ақпарат рас болса, кеше баласының жағын, бүгін әкесінің бет сүйегін сындырған Мәткәрімовтің Меңлібековтерден ала алмай жүрген нендей өші бар?
Әрине, елге сыйлы, сайлаушыларының аманатын арқалаған депутаттардың өзара төбелесуі, осыдан кейін де мәселені у-шусыз шешудің орнына арыз жазып, текетіреске түсуі қайбір абырой дейсіз? Бұл «бас жарылса бөрік ішінде» деп жылы жауып қоя салатын мәселе еместігі де бесенеден белгілі. Жалпы, Түлкібас аудандық мәслихатында 16 депутат бар. 16 депутат түп-түгел «нұротандық» екен. Өзге әріптестері сияқты Ө.Мәткәрімов пен А.Меңлібеков те уақтысында партияішілік праймеризден өтіп, серіктерінің сенімін иеленген, сайлауға партияның жалауын көтеріп кіргендер. Яғни олардың партиялық және депутаттық мәселесі жеке-жеке қаралуы мүмкін. Біз осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, мәслихат депутаты, мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Асланбек Нұрановпен хабарласқан болатынбыз.
– Партия абыройына кір келтірген оқиға екендігі рас. Мұндайды күтпеген едік. Екі депутат та абыройлы, сыйы бар азаматтар. Жастары 62-ге келіп отыр. Мәткәрімов аудан әкімінің орынбасары болып істеген. Айтбек Меңлібеков төрт шақырылымның депутаты. Олардың мәселесін бастауыш партия ұйымынан бастап қараймыз. Екеуі де Жабағылы ауылында тұрады, осындағы бастауыш партия ұйымына тіркелген. Жабағылы бастауыш партия ұйымы төрағасының ұлы қайтыс болып, жерлеу рәсімдерімен жүріп қалды. Мәселені анықтап, шешім қабылдауды таяу арада бастаймыз, – деді А.Нұранов.
Жалпы, депутаттың дау-жанжалдың ортасынан табылуы оңтүстікте бірінші рет емес. Былтыр өткен мәслихат сайлауына бір ай толмай жатып облыс мәслихатының су жаңа депутаты Айдархан Орынбасаровтың үстінен «қорқытып алу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Депутат ұзамай мандатынан айырылды. Былтыр қыркүйекте Шардара ауданында дастархан басында жергілікті кәсіпкер аудан әкімінің басынан бөтелкемен ұрып, оның шуы дүйім жұртқа тарады. Осы дастарханның төрінде отырған облыс мәслихатының хатшысы Қамытбек Айтөреев ұзамай қызметімен қоштасты. Алайда осы екі іс бойынша қозғалған қылмыстық істің кейінгі тағдыры «жабулы қазан жабулы күйінде» қалды. Ал мына істің немен тынары әзірге белгісіз. Белгілісі, дәрігерлердің айтуынша, Мәткәрімов 24 наурызда ауруханадан шығарылған. Ал бет сүйегі сынған Меңлібеков Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасына ауыстырылған. Бұл дау бойынша көп кешікпей тергеу амалдары да аяқталар. Кінә кімнен екені де белгілі болып, заңдық тұрғыдан шара қолданылар. Бірақ «Нұр Отанның» депутаттары өздерімен өздері осылай төбелесіп жүрсе, билік партиясынан халыққа не қайыр бар? Ел көкейіндегі осы сұраққа жауап бар ма?


Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар