1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (16211)   30 наурыз, бейсенбі 2017
30 наурыз 2017
Митингтік мимикрия

«Навальный – нағыз азамат! Оның шақыруы, ұйымдастыруымен халық Мәскеудің ортасын қақ жарып өтіп шықты!» деген сөздер қазір біздің елде де жиі айтылып жатыр. Мен де бұл мақтау-қолдауларға қосыламын. Қосылмай қайтейін, ол халық ішіндегі ең түйткіл боп тұрған тақырып – сыбайлас жемқорлықты ғана қозғап отырған жоқ. Ол нақты бір адам – Ресей премьері Медведевтің жеке байлығының қалай қалыптасып, құралғанын терең зерттеп, көрілу, қаралу жағынан Голливуд экшндерін шаң қаптырып кетіп, миллиондардың санасы мен жүрегіне тікелей жеткен, олардың көңілі мен ойын дөп басқан фильм жасады.
Егер бұл фильмде айтылған жайттар мен тұлғалар өтірік болса, Медведев неге оны сотқа бермейді екен? Ресейдегі соттың да жағдайы белгілі ғой, үкімет басшысы оп-оңай өз сыншысын жеңе салар еді... Әлде мәселе одан сайын ушығып кетпесін деп отыр ма? Бір ғана реакция жасапты: Навальныйды өзінің инстаграмдағы парақшасынан алып тастапты. Бірақ оған қапа боп жатқан Навальный жоқ секілді.
Көрші елдегі «Навальный феноменінің» Қазақстанға да қатысты бірқатар тұсы бар.
Жемқорлық – кез келген авторитарлық жүйенің сыңары іспеттес, неғұрлым демократия аз болса, парақорлық пен мемлекет ақшасын жеу соғұрлым көбірек болады. Сондықтан бізге де өз «навальныйларымыз» керек. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас». Сондықтан жемқорлыққа қарсы бүкілхалықтық қозғалыс қажет. Осы ұранды көтерген кез келген тұлға не ұйым ел қолдауына сөзсіз ие болады.
Бірақ жемқорлықты шын мәнінде жеңгісі келген адам жеме-жемге келгенде елдегі саяси жүйе туралы сөз қозғамай, мәселенің түп мәнісіне жете алмайды. Конституциядан бастап, басқа заңдарға өзгерістер енгізу қажет боп қалады. Ал ондай саяси батырлыққа кез келген адамның жүрегі дауалай бермесі анық: аяқастынан оппозиционер боп шығасың да, көрмегенді көресің!
Мұның бәрі «Қазақстанда жемқорлық секілді құбылысты жеңуге деген саяси ерік-жігер бар ма?» деген, біз ежелден қойып келе жатқан сауалға тіреледі. Менің пайымдауымша, ондай ерік атымен жоқ. Бір-бірінің көзін шұқымайтын қарғаларға не дейсің енді: бірін айтсаң, екіншісіне тиіп кетеді. Бәрінің де ымы-жымы бір, тонның ішкі бауындай араласқан. Оның үстіне топтық, кландық ынтымақты қосыңыз. Трайбализм мен құда-жекжаттық деген «дәстүрлі дертіміз» тағы бар.
Бірақ біздегі олигархтық жүйенің өзіндік бір «плюсы» бар. Олардың өзара бәсеке мен тартысы бір-бірін сын тезіне салуға мәжбүрлейді. Қарсыласын жамандай бастайды, даттай бастайды. Олар ақпарат тезірек елбасына жетсін дейді. Олардың қолында бір-біріне қарсы сұмдық компроматтар бар. Олар сол ақпараттық бомбаларын пайдаланып, өздері қаржыландырып отырған БАҚ-та жарқ етіп, жариялап та жатыр. Оның үстіне сыртта жүрген саяси эмигранттардың да қоржындарында билік туралы небір қызықты хикаялар бар. Оның бәрі бір күні жарық көрсе, билік ішінде ел сенетін адам қала ма, қалмай ма, бір Құдайдың өзі біледі...
Жалпы, жемқорлыққа қарсы наразылықтың бой көрсетуі жер-жерде болып жатыр. Мәселен, кеше ғана Оңтүстік Корея секілді дамыған, басқаға үлгі боларлықтай бірегей елдің басшысы – президенті өзінің бір құрбысының мемлекет істеріне араласқаны үшін, трансұлттық компаниялардан заңсыз қаржы алғаны үшін өз орнынан кетуге мәжбүр болды. Ал бізде қаншама «құрбы» мен «отбасылық достар» биліктің ең басты саяси, экономикалық шешімдеріне ықпал етіп, өз дегенін істетіп жатыр десеңізші?!
Біздің билік болса, себептермен емес, салдармен күресіп әлек. Оны мен шартты түрде «митингтік мимикрия» деп атар едім. Яғни заңдарды қатайтсақ, бәрі қорқып-үркіп, наразылық таныта алмайды деп өз-өзін алдау.
Кеше ғана заңдарға тағы бір бұрын ел естіп-көрмеген жаңалықтар енгізілді. Яғни «мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян келтіру» секілді екіұшты, әлі нақтыланбаған айып үшін тіпті өлім жазасын беру ұсынылып отыр. Әрине, мемлекеттің түпкі мүдделерін қорғау керек, оған ешкім де шәк келтіре алмайды. Бірақ осынау жалпылама анықтама ертең тағы да билікке сын айтып жүрген адамдарға қарсы пайдаланылып кетпей ме?
Әлемге әйгілі Мэрфи заңдарында «Үкіметтегі жемқорлық туралы ақпарат тек өткен шақта ғана хабарланады» делінген. Өткен шақ лезде қазіргі шақ боп кетіп, келер шақты анықтап қоюы ғажап емес.
Әйтпесе билік, бір проресейлік телеарна жария еткендей, «қазақтар алаңға тек 150 доллар берсе ғана шығады» деп ойлай ма екен? Сол 150 доллары қалтасында болмағандықтан да митингтерге шығуы әбден мүмкін.

Әміржан ҚОСАНОВ, арнайы «Жас Алаш» үшін

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Азат | 30 наурыз 2017 18:11
Халық онсызда билiктi жақтырмайды. Қозғаушы күш керек Навальный сияқты жетесiне жеткiзiп санасына сiңдiрiп көрсетiп беретiн. Бiрақ көрсетпейде бiрiккен кездерi болды қазақтың. Бiр ауыз сөз ғо қазақтың жүрегiне жетпей тұрған тек,өре түргелсiн бәрi. Тек ұлттың нақ сүйер азаматы шықсын ортаға.
қонақ | 4 сәуір 2017 17:59
Біз қазақтар осы Ә. Қосанов т.б. сиятыларға сеніп, "тоқал ешкі мүйіз сұрап, сақалынан аыйрыптытың" күйін кешпейік Украйна сияқты.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті