1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (16211)   30 наурыз, бейсенбі 2017
30 наурыз 2017
Ресей «көктемі»

Ресейге көктем шерулете жетті. 27 наурызда Ресейдің көптеген қалаларында мыңдаған адам қатысқан митингілер болды. Наразылық шерулерін коррупциямен күрес қорының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұйымдастырған. Мыңдаған адамның шеруге шығуына түрткі болған нәрсе – «Он вам не Димон» («Ол сендерге Димон емес») деп аталатын фильм. Фильм Ресей прьемер-министрі Дмитрий Медведевтің жемқорлығы жайлы. Оны Навальный негізін қалаған коррупциямен күрес қоры түсірген. Осылайша биліктің жоғарғы эшелонындағы жемқорлыққа қарсы шеру бүкіл Ресей аумағын қамтыды десе де болады. Милиция митингіге шыққандарды топырлатып күшпен тұтқындаумен айналысты. Бұған таңғалмаймыз. Өйткені түрлі қоғамдық-саяси мәселелерге наразылық танытқан халықты жаппай тұтқындау, іс қозғау, қудалау – көптеген постсоветтік елдердегі авторитарлық билік жүйесінің қоғаммен байланысының кең тараған түрі.
Үйреншікті, ескі әдеті. Бірақ орыс қоғамындағы бұл жолғы шерудің өзгеше бір сипаты бар. Ол – шеруге шыққандардың дені жоғары сынып оқушылары. Яғни митинг жасарған. Ал бұл ешкім күтпеген, болжамаған құбылыс. Бұл ресейлік сарапшылардың да басты тақырыбына айналды. Шындығында, Ресейдің қоғамдық-саяси сахнасына жаңа буынның талабы шықты. Жас ұрпақтың бұлай бірден шеру арқылы өзін көрсетуі көп нәрседен хабар береді. Біріншіден, осы уақытқа дейін саяси сахнада жүрген оппозициялық, халықшыл партиялар мен тұлғалардың жаңа толқынның қолдауына мүлдем ие еместігі көрінді. Демек, өскелең жастардың бойында Путин билігіне қарсылық өте күшті деген сөз. Себебі Ресей жастары бүгінгі саяси жүйеде өз болашақтарын көре алмай отыр. Оның негізгі себебі – санкция қысымында қалған Ресей экономикасындағы терең дағдарыс жастарға анық сезілген. Олар бүгінгі саяси бағытпен ертеңгі өмірдің бұлыңғыр тартып бара жатқанын білді. Ал Навальныйдың фильмі мен оның жемқорлыққа қарсы шеруге шақыруы жастар бойындағы лықсып тұрған қарсылықтың тиегін ағытқан тетік қана болды. Олай дейтініміз – Навальный Мәскеудегі шеру басталуы тиіс межелі жерге жеткен бойда оны ұстап әкеткен. Ал ауқымды наразылық әрі қарай Навальныйсыз жалғасқан. Демек, Навальныйдың әрекеті – «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келген.
Ресей сарапшылары бұл жолғы шерудің өте ауқымды және жасарғанын айта келіп, митингілер мұнымен тоқтамайтынын, күзде шерудің екінші толқыны басталатынын айтады. Сарапшылардың айтқаны расқа айналып, күзде шеру қайталанатын болса, Ресейдің бүгінгі билігінің ақыры көрінетін шығар. Ал билік митингілердің қайталанбауы үшін не істей алады? Одан шығатын жол жалғыз: ол – саяси реформа. Алайда Путиннің саяси реформа жасай алмайтыны осы бастан белгілі болып тұр. Неге? Өйткені оның ұстанған саяси бағыты дүниеге мәлім болды. Агрессияға толы өзімшіл әрі өктем жолды таңдаған Путин билігі елдің ішкі қиындығын сыртқа күш көрсетіп, Ресейдің ұлылығын паш ету арқылы бүркемелегісі келетіні Украина мен Ресей арасындағы саяси тартыстан, соғыстан тұтанған күрделі жағдайдан кейін су бетіне қалқып шыққан бұтақтай аныққа шықты. «Ресейде реформадан басқаның бәрі мүмкін» деген Оскар Уайльдтың сөзі шындыққа айналды.
Ондаған мың жас орыс азаматтарын біріктірген шеру болса, Ресейдің ішкі мәселесінің шатқаяқтап тұрғанының дәлелі. Оның үстіне бұл жолғы шеру Қапқазда да болды. Дағыстан астанасында шеруге шыққандардың 150-ін полиция тұтқындаған. Бұл – Ресейдегі билікке қарсы шерулердің федерацияның аумағында автономияларға көше бастағанының көрінісі. Егер митингілер толқыны өсіп, ол автономияларды тұтастай қамтыса, Ресейдің бөлшектенуі ғажап емес. Мұның бәрі Ресейдегі жасарған шерудің табиғатынан түйген ойлар.
Кремльге деген көзқарасы мен ұстанымы ерекше Ақорда бұл шерулерден қандай ой түйіп, нендей әрекетке барады? Бұл сауалдың жауабын саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінен аңғаруға болады.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
АЙМАҚТАР МЕН «ТҰРАҚТЫЛЫҚ АРАЛЫНДАҒЫ» МИТИНГІЛЕР
– Постсоветтік елдердегі қоғам қатты өзгеріп, тереңде архитектоникалық өзгерістер жүріп жатыр. Саясат әр астананың меншігі болудан қалып барады. Саясат пен экономика нарығына жаңа буын келді. Және қазақтардың шексіз төзімі туралы айта беруді де қою керек. Өткен жылы қазақтар жаңа толқынды шеруді бастап берді. «Постсоветтік көктем» басталды деп айтуға бола ма? Көреміз. Негізі, «көктем» біздің аймақтағы елдерге тез келмейді, бірақ міндетті түрде келеді.
Барлық авторитарлық биліктің ақыры қалай болғанда да сәтсіздікпен аяқталады. Әрине, олар соншалықты ақымақ емес. Олар бір-бірінен сабақ алып, үйренуге тырысады. Ресейдегі жағдай және оның басып-шаншылуы бір жыл бұрынғы Алматыдағы оқиғаны еске түсірді. Схема мен әдіс-тәсіл өте ұқсас. Әр билік бұрандалар шашылып түскенше гайкаларды қатайтуға кірісетін шығар. Әсіресе, Белоруссияда. Ресейде Навальныйды қамайды. Ол наразылықтың көшбасшысына айналды, Путин оның сайлауға түсуінен қорқады. Оның үстіне президент сайлауы мен ірі девальвация келе жатыр.
Белоруссиядағы жағдай қызық, бізге ұқсас. Онда қарсылық көрсетушілердің жетекшісі жоқ. Ал Қырғызстанда билік жаңа революцияға өзі негіз жасап жатыр. Ол елдегі билік оппозиционерлерді түрмеде көбірек ұстаған сайын, олардың ел ішіндегі рейтингі өсе береді. Қырғыз экономикасында қуанарлықтай жаңалық жоқ.
Басты сұрақ, бізде қандай әрекет жасайды? Жерге қатысты халықтың наразылығы жоғалып кеткен жоқ. Ол наразылық кез келген сәтте бас мәселемен астасып кетуі мүмкін. Мысалы, қымбатшылық, мектеп реформасы, ақылы медицина. Көрші елдердегі оқиғалардың біздің қоғамдағы наразылықты күшейте түсетіні сөзсіз. Өйткені экономика құлдырады, азаматтардың табысы азайды. Ішкі қор жоқ. Мұндай жағдайда таңдау аз. Билік өзінің ертегісін жалғастырып, шынайы өмірге қатысты реформа жасауға құлықсыздығын, әлсіздігін көрсетеді немесе демократиялық процестерді бастайды. Билік қайсысын таңдайды екен?..

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
РЕСЕЙ БӨЛШЕКТЕНІП КЕТУІ ӘБДЕН МҮМКІН
– Ресейдегі митингілердің негізгі қозғаушы күші Навальный және оның Дмитрий Медведевтің жемқорлығы жайлы фильмі болғанымен, жаппай шеруді тек қана жемқорлыққа қарсы қоғамдық қозғалыс деп айту өте қиын. Өйткені соңғы бес жылдың бедеріндегі Ресейдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелермен қатар, шулы қылмыстық оқиғалар, санкция, басқа да жағдайлар қоғамның ашу-ызасын тудырды. Және бұған дейінгі митингілерді болдырмауға бағытталған биліктің түрлі әрекеттерінен қарамастан, Мәскеуден бастап, өзге де ірі қалаларда мыңдаған адам шеруге шықты. Бұл, ресми Кремль айтып жатқандай, «ел ішіндегі жағдай толық бақылауда» емес екенінің көрінісі. Бұл – бір. Екіншіден, Ресей билігінің, яғни Путиннің рейтингі 80-90 пайыз деген көрсеткіштердің бәрінің жасанды, жалғандығын шерулер дәлелдеді. Үшіншіден, митингіге шыққандардың дені жастар. Демек, баяғы советтік түсінікпен өмір сүріп жатқан орта буынның қоғамдық-саяси өмірдегі орнын жаңа көзқарастағы, өз ұстанымдары мен бағыт-бағдары бар жастар басқан.
Ресейдегі соңғы оқиғаларға қарап, ол елдегі наразылықтар осы жылы шешуші кезеңге өтеді деп санамаймын. Себебі көрші елдегі жағдай әлі де болса шырқау шегіне жете қойған жоқ. Бірақ Кремльдің шеруге шыққандарды тұтқындап, «сыртқы күштер айдап салды, пәлен евро берді» деп айыптауы былтырғы Қазақстандағы жер туралы митингіге өте ұқсас. Екі елдің әдісі бірдей. Биліктің «жемқорлықпен күресіп жатырмыз» деп жар салғаны шын мәнінде өтірік болып шығып, халық жемқорлыққа қарсы өзі шықты. Бұл – билікке сенімнің өте төмендігінің анық белгісі. Осы сораптан алып қарағанда, Ресейде шерулер жалғасуы әбден мүмкін. Ал теріскейдегі елдің ішкі тұрақсыздығы көршілеріне де әсер етеді. Қазақстан Ресейден сабақ алып, халық шерулерге шыққан жағдайда оларды тұтқындап, қудалап, қараламай, керісінше, мәмілеге келуі тиіс. Өйткені қоғамда қордаланған белгілі бір мәселеге қатысты халықтың көшеге шығып, наразылық танытуы заңды құбылыс. Мұнымен ғана шектелмей, Ресейдің құлдырап кеткен халықаралық беделі мен қысымда қалған экономикалық жағдайын есепке ала отырып, Ресейдің ықпалын мейлінше азайтуға жұмыс жүргізілуі керек. Ресеймен бірлескен түрлі одақтардың Қазақстан үшін шығынға батыратын дүние екені қазір түсінікті болды.
Қазіргі Ресейдің ахуалы сексенінші жылдардағы Совет Одағының жағдайын еске салады. Өте ұқсас. Ол кезде Совет Одағы одақтас республикаларға ие бола алмай, ыдырау процесі бірте-бірте басталып кетіп еді. Бүгінгі таңда федерация құрамындағы автономияларды Кремль қорқытып-үркітіп, армияның қаһарымен басып, бас көтерулерді басып-жаншып, қысымда күшпен ұстап отыр. Шындығында, әрбір автономияның Ресейден бөлініп, тәуелсіз ел болуға деген талпынысы, ниеті күшті екені белгілі. Егер Кремльдің автономияларға қатысты ұстанымы өзгермесе, түптің түбінде Ресей ыдырап, бөлшектеніп кетуі әбден мүмкін.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
молда | 31 наурыз 2017 17:32
барекелдi! жер картасында жана мемлекеттер пайда болады, ресей емес московия болып калады де. узагынан болсын
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар