1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
Ресейдегі жарылыс Астананы әлекке салды

Әрине, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы 14 адамның өмірін қиған террорлық жарылыс әлем жұртының үрейін туғызды. Ал «жарылысқа қазақстандық Максим Арышев деген студенттің қатысы болуы мүмкін» деген ақпарат Қазақстан жұртын тіптен шошытып жіберді. Әйтеуір, құдай сақтап, бұл ақпарат кейіннен жалған боп шығып, Максимнің жарылыс құрбаны болғаны анықталды.
Дегенмен де көрші елдегі жарылыс астаналық құқық қорғау органдарын да аяғынан тік тұрғызды. Күтпеген жерден қаладағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жедел тексеру жұмыстары басталып кетті. Алдымен бас қаладағы теміржол вокзалы жабылып, артынша қаланың бірнеше көшесіндегі жол қозғалысы шектеліп, арнайы қызмет сарбаздары қоршап алды.
Кейін белгілі болғандай, мұндай дүрбелеңге бір бұрышта жатқан бос қорап себеп болған көрінеді. Оны тексеру барысында да күдікті ештеңе табылмады. Кейін Абай даңғылында осындай көрініс орын алып, полицейлер көше бойын түгелдей жапты. Сөйтсек, бұл жолы да бір тұрғын арнайы органдарға хабарласып, дүкенге белгісіз біреу сөмкесін қалдырып кеткенін айтыпты. Алайда полицейлер мен жедел қызмет өкілдері күллі қаланы аяғынан тік тұрғызған күдікті сөмкеден бәлендей қауіпті ештеңе таппады.
«Сақтықта қорлық жоқ» деген, күштік құрылымдардың мұншама қызыл сорпа болатындай жөні бар. Билікшіл басылымдарда «бейбітшілік пен бірліктің ордасы» деп сипатталатын Қазақ елі біраз уақыт «лаңкестер ұясына» айналып кете жаздағаны белгілі. Тек өткен жылдың өзінде ғана құпия қызмет өкілдері елімізде жоспарлы түрде іске асырылуы тиіс болған 12 бірдей жойқын жарылыстың алдын алыпты. «Бір жыл ішінде Қазақстанда жоспарланған 12 терактінің алдын алдық. Нәтижесінде діни экстремизмнің 123 радикалы түрмеге жабылды. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейдегі әріптестерімен бірлесе отырып көрші елде ұйымдастырмақ болған үш терактінің жолы кесілді. Бұлардың көбі салафи ағымының өкілдері. Шетелде лаңкестік топтардың қатарында соғысуды жоспарлаған 91 қазақстандық ұсталды. 81 студент елге қайтарылды. Діни оқу іздеп шетелге аттанғалы отырған тағы 177 адамға елден кетуге тыйым салынды», – дейді ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.
Лаңкестік демекші, Санкт-Петербургтегі жағдайдың шуы басылмай жатып көрші елдің тыныштығын алған тағы оқиға болғанын айта кету керек. Нақтысын айтар болсақ, Ресейдің Астрахан облысында екі бірдей полицей белгісіз бір топтың қолынан оққа ұшты.
Көп ұзамай «тәртіп сақшыларын өлтірді» деген күдікпен іздеу салынған сегіз адамның үшеуі Қазақстан азаматы деген сыбыс тарап үлгерді. Келесі күні бұл сыбыс расқа айналып, облыс губернаторы Александр Жикин: «ГИБДД қызметкерлерін өлтіргендердің үшеуі Қазақстан азаматы», – деп мәлімдеме жасады. Оның сөзіне сенсек, қаныпезерлердің барлығы радикалды исламист-ваххабиттер тобының мүшелері. Іздеу салынған үшеудің бірі – Әлібек Гизатов Атырау облысының Ганюшкино ауылында туған. Алайда 31 жастағы Ахмед Магомедов пен 27 жастағы Ильяс Магомедовтердің әзірге Қазақстанның қай облыстарынан екендігі әлі анықталған жоқ.
Кейін жол сақшыларын өлтірген радикалды топ мүшелерінің екеуі Атырауда қолға түсті. Ұсталғандардың ішінде басты күдіктілердің бірі саналатын Ғизатов Әлібек те бар. «Алайда Ғизатов республика аумағына қанды оқиғадан бірнеше күн бұрын, яғни 31 наурызда кәсіпорындардың біріне вахталық әдіспен жұмысқа келгені анықталып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қарулы шабуылға қатысы бар деуге әзір негіз жоқ», – дейді арнайы қызметтегілер. Қазіргі уақытта Әлібекті қылмысқа қатысы барын анықтау мақсатында ресейлік тарапқа беру мәселесі қарастырылып жатыр.


Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Еркин | 6 сәуір 2017 16:52
Астананын тиршилиги уксап кетти неге? Кожайыннынын уйiнде кайгылы жагдай болып оз уйiнде безег каккан жалшыга
Азат | 8 сәуір 2017 21:53
Жас алаштың қызметкерлері кілең әдебиетші ма? Бәрі қазақшаның майын ағызып-тамызып тұрып берекесін келтіре жазады, өте ризамын. Неге басқа газеттердің мақалалары мұндай емес, олрдікі өте жұпыны майы жоқ, маңызы да тұзы да жоқ деген ой келеді де тұрады.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар