1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
Ит жоқта шошқа үреді

Өзінің журналистік (не басқа бір ел қызығарлық әрі мойындарлық) талантынан гөрі «кремльдік пропагандист» ретіндегі біржақтылық, бұрмалаушылық, орынсыз табандылық қасиеттерімен дүйім жұртқа танылған ресейлік медиатұлға Владимир Соловьевтің Қазақстанға бір күнге келіп-кетуі қоғамдық резонанс жағынан Путиннің бізге жасап жүрген сапарларынан да асып түскен сияқты. «Той бітті, қу кетті», ал у-шу әлі де жалғасып жатыр.
Сонымен, Соловьевтің секемді сапарының салдары қандай?
Біріншіден, біз Қазақстандағы Ресей телеарналарының шектен тыс таралуы мен идеологиялық озбырлығының жемісін көріп отырмыз. Сол телеарналар күні-түні Кремльдің аннексиялық, неоимпериялық саясатын жатпай-тұрмай насихаттап жататын оны ресейлік «гуру», «данышпан» етіп тастаған жоқ па?! Сол арналарға Қазақстан эфирінің төрінен орын берген біздің билік «соловьевтердің» сойылын соқпағанда, кімнің сойылын соқты?! Міне, постсоветтік кеңістіктегі танымалдық деген осы емес пе? Сол күмәнді әрі екіұшты телехабарлар Қазақстанда көрсетілмегенде, сол пәтшағарды кім таныр еді біздің ауылда?!
Екіншіден, «бұл «тренингшіл» тұлғаны төбемізге шығарып тайраңдатып қойған кім?» деген заңды сұрақ туады. Ресей территориясының біртұтастығына шәк келтірген, «Орынбор мен Омбы – ежелгі қазақтың жері» деп, «Ресейдің Украина секілді тәуелсіз мемлекеттің бір бөлігі – Қырымды аннексиялауы дұрыс емес» деп жүрген бір қазақ жүргізушісі көрші мемлекетте дәл осындай құрмет пен қошеметке ие бола алар ма еді?!
Және де «Кремль бұлбұлының сөзсіз саяси қозғау туғызатын сапары жоғары жақтың рұқсатынсыз өтті» дегенге сіз де, қадірлі оқырман, мен де сене қоймаспыз. Яғни бұл жеке тұлғаның өз-өзін танытып, ақша тапқысы келген сапары емес. Мұның астарынан терең саясат іздеу – әбден орынды!
Өз-өзін сыйлайтын, өз территориясының тұтастығын көзінің қарашығындай сақтағысы келетін мемлекет және оның жауапты органдары осындай гео- және ішкі саяси жүгенсіздікке жол бере ме?! Жоқ!
Меніңше, мәселенің түп мәнісі мынада: біздің идеология үшін жауапты органдар әлі де болса Кремльдың тікелей ықпалында. Әйтпесе «Мырза! Сіздің біздің елге келуіңіз қоғам наразылығын туғызуы мүмкін. Өйткені сіз өз хабарларыңызда постсоветтік кеңістіктегі тәуелсіз мемлекеттердің территориялық тұтастығына күмән келтіріп, Кремльдің аннексиялық саясатын жақтап сөз сөйлейсіз. Ал Қазақстанда ондай пиғылдарға заң бойынша тыйым салынған, яғни сізді ресми түрде жауапқа тартуы мүмкін» деп неге оған ешкім тоқтау салмады? Оның өзінен қорыққан жоқ, біздің сүмелек шенеуніктер Кремльдің ызғарынан именді. Сөйтіп, ресми Мәскеудің бейресми өкіліне осындай сый-құрмет көрсетті.
Мемлекет идеологиясында қалыптасқан мұндай мүшкіл әрі мінезсіз ахуалдың өзінің салдары бар.
«Астананың түпкі ниеті – Мәскеуде» деп түсінген жергілікті бизнес топтар (олар болса өздерін еш шімірікпестен «элита» деп атап қояды!) да басты геосаяси трендке сәйкес боламыз деп өз шолақ белсенділігін танытып қояды. Сөйтіп, көзге түскісі келеді. Соңғы оқиға соны ап-айқын көрсетті. Және де олардың дені орысша оқыған, яғни орыс тілі олар үшін өмірлік маңызды.
«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дейді атам қазақ. Осы күндері кейбіреулер «мына ресейлік мықты, оған тең келер, онымен пікір таластыруға жарайтын Қазақстанда тұлға жоқ» деп те айтып қалды.
Оу, айналайындар-ау! Мына жүгермек кім, ал біздегі шын мәнінде интеллектуал боп елге танылып жүрген дуалы ауыздар кім?! Ішінде жасы үлкені де бар, кішісі де бар. Мен, әсіресе, соцреализм мен капреализм арасындағы өліара формацияда қалыптасып, екі жүйенің де ағы мен қарасын көріп, жіті ажыратып, ұлттық және жалпыадамзаттық білім алған жастарымызды айтып отырмын. Ол жастардың ішінде мен Айдос Сарым, Ерлан Қарин, Берік Әбдіғали, Расул Жұмалы, Досым Сәтпаев, Талғат Мамырайымов, Толғанай Умбеталиева секілді ой серкелерін атар едім. Өз қатарластарымнан Дос Көшім, Меруерт Махмұтова бар. Басқалар да баршылық.
Олардың «кінәсі» біреу ғана: күнделікті жалпыұлттық телеарналардан көрініп жатқан жоқ (рас, Ерлан Қарин «Қазақстан» телеарнасына келгелі тоң жібіп, сең қозғала бастаған секілді, бірақ арты не боларын кім білген)! Әйтпесе мына «Кремль құйыршығының» шатпақтарына лайықты тойтарыс беріп, екі аяғын бір етікке тығып жіберуге мына қазақтардың әрқайсысы да лайық. Олай болса, неге біз өз мықтыларымызды БАҚ арқылы кеңінен елге көрсетіп, танымал етпейміз?! Қазіргі мемлекеттік идеологияның ахиллес өкшесі осы боп тұрған сияқты...

Әміржан Қосанов

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар