1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Ресейден маман шақыру сандырақ па, әлде саясат па?

Шымкент қаласындағы орыс мектептерінде орыстілді мұғалімдердің саны күрт азайып кетіпті. Бүгін-ертең зейнет демалысына шыққалы отырған мұғалімдер саны екі жарым мыңға жуық. Оңтүстікте орыс тілі пәндері бойынша оқу бітіретіндер саны аз болғандықтан, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева қажетті мамандарды солтүстік өңірден іздеуді жөн көреді. Бірақ қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов құшағын одан да кеңірек жайып, «орыстілді мамандарды Ресей мен Украинадан шақыртсақ болады» деп отыр. Әкім мұндай мұғалімдерді шақырып қана қоймай, оларға арнайы жатақхана беруге де бейіл.
«Болашақ» бағдарламасымен Германияда мемлекеттік басқару жоғары мектебінің тыңдауынан өткен, Қазақстандағы мемлекеттік басқару істері жөніндегі агенттік төрағасы, премьер-министр кеңсесінің жетекшісі, президент әкімшілігі басшысының орынбасары, одан кейін Шымкент қаласының әкімі болған 42 жастағы Ғабидолла Әбдірахымов Ресей мен Украинадан мұғалім шақыртуға қатысты сөзін ойланып, «жеті рет өлшеп, бір кесіп» айтты ма? Мәселен, Қазақстан мектептерінде үш тілде білім беру жүйесін енгізу үшін ағылшын тілінде жоғары сыныптарға сабақ өтетін 30 мыңға жуық мұғалім қажет. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектептерге қажетті ағылшынтілді 30 мың мұғалімді Еуропадан шақыртып жатқан жоқ. Қысқа мерзімде бәріне ағылшын тілін қиналмай үйретіп алмақ. Ал Шымкент қаласының әкімі үшін мұндай амал утопия, яғни жүзеге аспайтын іс сияқты. Ол ештеңеге басын ауыртпастан дайын оқытушыны алыстан аттай қалап алдырмақ. Қазақстанмен салыстырғанда Ресей мен Украинада мұғалімнің айлығы айтарлықтай жоғары. Еңбектері бағаланады. Яғни Шымкентке шақыртумен келген мұғалім жергілікті оқытушыдан еселеп айлық алмақ. Қала әкімі мұндай шығынға да дайын сияқты. Қазақтілді пәндерге сабақ беретіндердің жалдамалы пәтер жағалап жүргенін елегісі келмейтін әкім Ғ.Әбдірахымовтың сырттан алдыратын мұғалімдерге арнайы жатақханасы да бар. Бір қарағанда бұл жүзеге аспайтын, айтылған жерде қалатын сөз сияқты. Себебі қала әкімінің бірнеше бастамасы бұған дейін де аяқсыз қалған.
Айтқан сөзін қайтарып алған кездері де болды. Соған қарап, оның Ресей мен Украинадан мұғалім шақыртуын қатардағы сандырақтың бірі дей салуға болар еді. Бірақ дәл осы жерде сандырақ сияқты көрінген сөздің астарында саясаттың қолаңса иісі шығатындай.
Мәселен, наурыз айының соңында мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко шағын қалалар мен ауыл балаларына токарь, слесарь, электрик сияқты мамандықтар бойынша квота көбейту мәселесін айта келіп: «Білім және ғылым министрлігі және әкімдіктер Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына түскен азаматтарымызды елге қайтару бағытында біріккен жұмыс жүргізуі керек. Жоғары оқу орындарынан келгендер қажетті бизнес-идеология мен кәсіби білімді таратушы болады», – деп үкіметке депутаттық сауал жолдады. В.Божко бос сөйлейтін қатардағы қарапайым депутат емес. Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов сияқты кезінде жауапты үлкен қызметтер атқарған, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға орынбасары болған, ішкі-сыртқы құпияны бес саусағындай біледі. Ал оның «Ресейдің жоғары оқу орындарына түскендерді елге қайтаруға біріккен жұмыс жүргізуі керек» дегені өте астарлы һәм күрделі мәселедей. Мысалы, қазір мектеп бітірген орыстілді талапкерлер Қазақстанның жоғары оқу орындарына қалмай, Ресей асып жатыр. Себебі ол жақта білім біздікінен гөрі сәл сапалы, ақысы айтарлықтай арзан. Отандастарына деген жеңілдігі көп.
Анық байқалатын бір үрдіс Қазақстанда туған орыстілді жастар болашағын не Еуропа, не Ресеймен байланыстырғысы келеді. Сол себепті мүмкіндікті мүлт жібермей шекара асып жатыр. Мысалы, КТК телеарнасында Ярослав Красиенко деген журналист болды. Осы тілшіні Ақорданың айналасындағылар алақанына салып мәпелеп ұстады. Я.Красиенко Н.Назарбаев туралы фильмдер түсірді, президенттің саясатын шаң жұқтырмай мақтаумен жүрді. Сөйткен Красиенко Мәскеуге тайып тұрды. Ақорданың одашысы оранған үлде мен бүлдесіне қарамай, өзі айтатын «жұмақ орнаған Қазақстанды» тастап кеткенде өзге жастардың болашағын сырттан іздеуіне өкпе арта алмайсыз. Әрине, атажұртын аңсағандарға тілеріміз ақ жол! Бірақ бұл кетістің іштегі саясатқа әсері де бар ғой. Биліктегілер осыны енді аңғарған сияқты. Ол – қазақтілді ортаның басымдығының артқаны. Кезінде «Отаннан» кетіп, сайлауда атқа мініп, топқа түскен шағында Жармахан Тұяқбай президент Н.Назарбаевтың саясатын «қазақты орыспен, орысты қазақпен қорқыту» деп сипаттап, онысын тоқтатуға шақырған еді. Расында да, Амангелді Айталы сияқты зиялылар осы ойды қостағандай, «елдегі бірлік пен татулық қазақ ұлтының етегінен басу арқылы жүрмеуі керек» дейтін.
Енді, міне, орыстілді жастардың жаппай шетке кетуінен, қазақтілді ортаның басымдығы артқандықтан билік жаңа саясат ұстануға мәжбүр болып тұр. Бірақ құбыласын Мәскеу деп білетін біздің шенеуніктер бүгінгі күннің, бүгінгі саясаттың жаңа талабына икемделгісі келмейтіндей. Қайта табиғи үрдіске қолдан тосқауыл қойып, Ресей мен Украинаға көшкен жастарға ақша шашып, оларды елге оралту арқылы Қазақстандағы тілдік һәм ұлттық үлесті теңестіргісі келетіндей. Әйтпесе жетіспейтін маман болса, бос жүрген жан көп. Қажетті маманды Ресей мен Украинадан алдырту керек дегенше, жоғары оқу орындарында грантты көбейтіп, білім ақысын азайтса, өзінен-өзі шешіліп тұрған шаруа ғой.
Бұл амалды депутат В.Божко мен әкім Ғ.Әбдірахымов місе тұтпаса, «жастарды техникалық мамандыққа жаппай тегін оқытамыз» деген президент Н.Назарбаев бастамасының соңына түссін. Бірақ бәріне ақылы жеткен шенділер бұл мәселені көтергісі келмейді. Қайта олардың миссиясы маман жоқ, күніміз Ресейге кеткен жастарға қарап қалды деу арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру болса керек. Егер Ақорданың ішкі ойы шын мәнінде осындай болса, онда қатты қателеседі. Билік қаласын-қаламасын ұлттық, тілдік басымдықты мойындайды. Мойындатады.

Жасұлан АҚКЕР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Ф | 12 сәуір 2017 09:39
3тілділік туралы :147м.Алматы келесі жылы бүкіл пəн ағылшынша болады жаңа программа деп кеше ұлым жылап келді сонда ағылшын сабағын əрең түсініп жүргенде 8-7кл.басқа бəрі пəнді ағылшынша қалай оқимыз апа не істейміз көшейік басқа мемлекетке дейді,басқа мем-те қазақ тілінде оқымайды десем шынымен күйзеліп жылады,бұл сұмдыққа кім жауапты ертең балалар өздеріне қол жұмсаса кім кінəлі?-үкімет кінəсіз боп.шығады осындай "реформаторствоға"газет бетінде жауап жазылсын не істеуге болады сотқа барамыз ба?
Ф | 12 сәуір 2017 09:42
Сотқа барып балаларымыздың құқы аяқ асты болып жатыр деп өз тілінде оқи алмай отыр өз елінде деп, шағым түсіруіміз керек пе?--заңгер,оқу мамандары бəрі газет бетінде түсінік берсін.
Алаңғасар. Аңқаулар елі. | 12 сәуір 2017 13:49
Қайтсін енді санасы сондай болса! Патша ағзасы мен Хрущев көкесінің аманаттаған ісін жандандырайын деген ғой!
НН | 13 сәуір 2017 09:33
Барып тұрған сандырақ
samat | 22 сәуір 2017 17:32
сабақты үш тілде мәжбүрлеп оқытуға қарсы республика деңгейінде тамыз айында акция өткізу керек. ағылшын тілін болашақта маған керектер өздері-ақ оқып алып жатыр. жалпыға текке керегі жоқ. ағылшын тілі түгілі жалпыға тригонем., т.б. бәлекеттердің де текке керегі жоқ. пәнді өз тілінде түсінбей жүрген балаға сол пәнді білетін тілінде түсіндіре алмай жүрген мұғалім қалайша ағылшын тілінде /оны өзі де білмейді ғой/ түсіндірмек? ал облыс әкімдерін облыс халқы сайлайтын кез жетті. онда бұл әкімді шымк
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті