1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
«ТҮЙЕНІ ЖЕЛ ШАЙҚАСА, ЕШКІНІ АСПАННАН ІЗДЕ»

Әлемнің түкпір-түкпірінде алуан түрлі оқиғалар, қанды қақтығыстар боп жатады. Ғаламдық шахмат тақтасында ерсілі-қарсылы жүріс. Екі жақ бір-бірінің фигураларын «жеп жатыр». Дене түршігерлік сюжеттерді теледидардан көреміз де, «бізде болса бәрі тыныш, ол у-шудың бізге қатысы жоқ» деп жайбарақат отыра береміз. Меніңше, жаппай әрі тоқтаусыз жаһандану кезінде мұндай ой мүлдем орынсыз.
Мәселен, АҚШ-ты алайық. Былай қарасаң, бізбен ортақ шекарасы жоқ, мұхиттың ар жағында жатыр. Тіпті азуы алты қарыс ол державаның сыртқы саясатының басым бағыттарында не стратегиялық әріптестер санатында жоқпыз. Тәуелсіз Қазақстанға АҚШ-тай алпауыт жүргізіп жатқан сыртқы саясаттың не қатысы, не ықпалы болуы мүмкін деп қаласыз.
Ондай ықпал бар. Өйткені сонау Вашингтонда не Мәскеуде, Сирияда не Иранда дүмп еткен дау-дауылдың шұбатылған шаңы Астананың төрінен бұрқ етуі – қазіргі, мемлекетаралық мүдделер қиюласып жатқан заманда ғажап емес.
Мәселен, АҚШ-тың Сирияға, Еуроодақтың Украинаға қатысты позициясын алайық.
Ресейге қарсы санкция жариялаған Обама кетіп, орнына Трамп келгенде біраз сарапшылар «Кремльдің «Әлем аруы» конкурсының құрылтайшысы Трампқа компроматы бар екен, енді ол қойдан жуас болып, ресейшіл болады» деген жорамал айтқан еді. Оның арты не болды?
Обаманы өгейсітіп, «Обама – чмо!» ұранына бейресми рұқсат берген Кремль Трамптың күні кешегі әрекетінен кейін Баракпен жылап көрісетін шығар. Өйткені Трамп аяқастынан мінез көрсетіп, Обама жасауға батпаған нәрсені жасады: ұшқыр «томагавкі» зымыранымен Сирия әскерін атқылады. Ол аз десеңіз, Трамп Хан-Шейхунға газ шабуылын жасаған Ресейді ресми айыптады. Ал АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі өкілі «АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды одан сайын күшейтеді» деп ашық айтты. АҚШ-тың бұл бастамалары мен әрекеттері еуропалық державалардың қызу қолдауына ие болып жатыр.
Онсыз да батыс санкцияларының астында қалған Ресей экономикасы одан сайын құлдырай түсетіні айдан анық болып тұр. Әрине, Путин мен Медведев: «Санкциялар жақсы болды: импорт орнын өзіміз толтырып, ішкі тауар өндіруді арттырып жатырмыз», – деп айналаға сыр бермеуде. Бірақ Қазақстандікі сияқты диверсификацияланбаған, тек қана мұнай мен газға арқа сүйеп кенжелеп қалған Ресей экономикасы шетелдік озық технологияларсыз дами алмасы түсінікті. Ал Трамптың тынышталатын түрі жоқ. Ақ үй әкімшілігі анонс жасаған санкциялардың жаңа толқыны онсыз да санкциялық нокдаун алған көрші ел экономикасының түбіне жетіп, ақыр соңында түпкілікті нокаутқа жіберуі де әбден ықтимал.
«Мұның бәрі АҚШ пен Ресей арасындағы ахуал, бізге не қатысы бар?» дейтін болар кей ағайын. Әрине! Тікелей әрі теріс әсері бар.
Неге десеңіз, біз Ресеймен ресми де, бейресми де бір одақтамыз. Әлемнің саяси элитасында бізді әлі де Мәскеудің сателлиті деп қабылдайды. Қанша тыраштансақ та, біз шын мәнінде дүниежүзілік саяси аренада өзіндік, ешкімге де тәуелді емес, көзқарасы мен пікірі бар мемлекет ретінде орныға алмадық. Мәселен, ең көкейкесті халықаралық қақтығыстарға байланысты біз ресейлік баға беруден аса алмай жатырмыз.
Сондықтан да әлемдік күн тәртібіндегі қос оқиға – Сирия мен Украинаға қатысты ешкім де біздің дербес пікірімізді сұрап жатқан жоқ: «Лавров не айтады, сол ойға қазақтар да қосылады, қосылмай қайда барады?» деген пікір қалыптасып қалған.
Меніңше, осы құбыжық ахуалдың біз үшін аса зиян екі жағы бар.
Біріншісі – экономикалық байланыс жағынан Ресеймен тонның ішкі бауындай араласып кеткендіктен, батыс санкцияларының салқыны біздің тауар өндірушілерге де сөзсіз тиеді. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде». Басқа барар жері, басар тауы қалмағандықтан, көрші елдің капиталы Қазақстанға мықтап келіп жатқаны өтірік емес. Қаржылық айналымы анағұрлым зор олар біздің нарықта демпинг жасап, отандық бизнесті ығыстырып жатқаны да рас. Бірлескен компаниялар ашылуда. Бірақ ресейлік ресми тіркеуге қатысы бар олар ертең санкция астында қалып, батысқа шыға алмасы хақ.
Екіншісі – Ресеймен келісімшартта «Қазақстан мен Ресей келісілген (!) сыртқы саясат жүргізеді» деп тайға таңба басқандай бекітілген жағдайда біз, әрине, Кремльдің құйыршығы боп қала береміз...

Әміржан Қосанов

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Азат | 17 сәуір 2017 11:08
Қазба байлықтарымызға дұрыс ие болатын адам қажет. Осы уақытқа дейiн ненiң қайда,қанша кетiп жатқанын бiлмейтiнiн ұлт ешқашан болашағын қалыптастыра алмайды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті