1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
Ердоған Түркияны қайда бастап барады?

Түркия тарихи таңдау жасады. Жексенбі күні Түркияда конституциялық реформаға орай, жалпыхалықтық референдум болды. Референдум нәтижесінде дауыс берушілердің 51,37 пайызы конституцияға енгізілмек 18 түрлі өзгерісті жақтаса, 48,63 пайызы қарсы болған. Міне, осылайша сәл ғана басымдықпен конституциялық реформаға жол ашылды. Бұл реформа Түркия тарихындағы ең зор өзгеріс.
Өйткені елдегі саяси басқару жүйесі өзгереді. Басты заңға жасалған өзгеріс Түркияны парламенттік басқару жүйесінен бірден президенттік басқару жүйесіне өткізеді. Конституцияға жасалған реформаға сәйкес, бар билік президенттің қолына шоғырланады. Осылайша 2005 жыл-
дан бері президенттің өкілеттілігін қайта қарауды ұсынып келе жатқан Ережеп Тайып Ердоғанның арманы орындалып, мақсатына жетті деп айтуға болады. Енді Ердоған жаңа конституцияға сәйкес, парламентті таратуға, төтенше жағдай жариялауға, министрлер мен судьяларды, конституциялық сот мүшелерін тағайындауға, премьер-министрдің қызметін атқаруға, ел бюджетін жасауға, заң мәртебесі бар қаулы шығаруға мүмкіндік алады және президент болса да, саяси партияның мүшесі болып қала алады. Ал Түркияның қазіргі заңы бойынша президент саяси партия мүшесі бола алмайды. Бір сөзбен айтқанда, ел басқару жүйесінің ең негізгі, құрылымдық тетіктерінің барлығы Ердоғанға өтеді. Ал осы конституциялық реформа Түркия үшін кері кету ме, алға басу ма? Болжамдар сан түрлі. Біз де өз тарапымыздан айтылған пікірлерді, болжамдарды, оқиғаларды негізге ала отырып өзіміз қойған сұраққа жауап іздеп көрдік.

КЕРІ КЕТУ МЕ, ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ?
2005 жылдан бері президенттің өкілеттігін қайта қарауды ұсынып келе жатқан Ердоған үшін конституциялық реформа жасаудың маңызы өте зор. Өзі жетекшілік жасайтын Әділет және даму партиясы арқылы көтеріп келген бұл мәселені Ердоған президент қызметіне кіріскеннен жүзеге асыруға барын салатыны айтпаса да түсінікті еді. Алайда Түркия қоғамы саяси белсенді әрі құрылымы күрделі болғандықтан, Ердоғанның бастамасы соншалықты қолдау таппады. Оны тіпті кешегі референдумнан-ақ байқауға болады. Мәселен, Түркияның Стамбул, Анкара, Измир және тағы басқа ірі қалалары халқының басым бөлігі конституциялық реформаға қарсы дауыс берген. Бірақ 2016 жылғы жолы кесілген әскери төңкеріс реформаның қажеттілігіне елді иландыруға оңтайлы болды. Ердоғанның референдум кампаниясы кезінде: «Конституцияға өзгеріс енгізудің мақсаты – әскерилер билігі үстем болған ескі жүйемен қатынасты үзу», – дейтіні де сол. «Елдегі тұрақтылық пен демократияны одан әрі нығайта түседі» делінген бұл ірі өзгерістің алдында Түркияда әскери төңкеріске және террорлық ұйымдарға қатысы бар делініп, мыңдаған адам сотталып, жүздеген мың адам жұмыстарынан шеттетіліп, қуғынға ұшырап, қысымға түсті. Ел аумағында үлкен тазалау жұмыстары жүргізілді. Оның бәріне әскери төңкеріс ілік болды. Демек, былтырғы әскери төңкерістің өзі үлкен саясаттың қозғаушы көзі ретінде алдын ала ойластырылған қадам ба деген ой туады. Себебі Ердоған билігінің конституциялық реформаның қажеттілігін түсіндірудегі негізгі көзірі де әскери төңкеріс болды. Ол аз десеңіз, Түркияның қазіргі қолданыстағы конституциясын осыдан 30 жыл бұрын билікке төңкеріс жасап келген әскерилер жасаған. Яғни Ердоған соңғы қадамы арқылы Түркияны әскерилердің ықпалы мен билігінен толықтай тазартты деуге келеді. Дегенмен діттегеніне жетпеген соңғы әскери төңкерістің түп мәні бәрібір бұлыңғыр. Егер тізбекке салып қарасақ, Ердоған «тарихи революция» деп сипаттаған конституциялық реформаны әскерилердің өз әдістерін өздеріне қолдана отырып жасағандай. Десе де, 2016 жылы әскери төңкерісті халық тоқтатқанда Ердоған «бұл – демократияның жеңісі» деген еді. Ал реформаға дайындық есепті көрінген төңкерістен кейінгі қудалау, соттау, мыңдаған судьяларды жұмыстан шығару, конституциялық реформа кампаниясы кезінде оппозициялық партиялар ұстанымының баспасөзде кеңінен жария болмауы, яғни БАҚ-қа қысым күшейгені «демократияның жеңісін» жоққа шығарады. Әрі президенттік билікке көшіп, оның өкілеттілігі мен құзыретін күшейтумен авторитарлық режимді еске салатын конституциялық реформа «демократияның жеңісін» емес, жеңілісін көрсететіндей. Әрине, Ердоған саясаткер есебінде өз дегеніне жетті. Бұл – оның жеңісі. Батыс баспасөзі жазып жатқандай, референдум конституциялық реформаларға таңдау жасау емес, Ердоғанды қолдау я қолдамау сипатты болғанын да осы тұста айта кеткен жөн шығар. Десе де, бәрібір бірдей қара түс емес. Конституцияға енген өзгерістерге сәйкес, парламент президенттің белгілі бір салаларға қатысты шешімінің күшін жоя алады, президенттің ісіне зерттеу жүргізіп, оған импичмент жариялай алады, егер мұндай бастаманы парламент мүшелерінің үштен екісі қолдаса ғана. Ал Түркия парламентіндегі басым күшке Ердоғанның Әділет және даму партиясы ие. Қалай құбылтса да, конституциялық өзгеріс және оның алдындағы биліктің «тазалық жұмыстары» демократияның Түркия жағалауынан бірте-бірте алыстап бара жатқанын аңғартатындай. Оған тағы бір мысал, Ердоған президент болғаннан бері қамауға алынып, сотталғандардың саны 232 пайызға өскен. Бұл 2016 жылғы әскери төңкерістен кейін күрт жоғарылаған. Елдің ішкі саясатындағы қатаң тәртіп әлі де сол күйінде.
«Түркияның ұлы болашағы үшін» делінетін конституциялық реформаның мақсаты әскерилердің билігі мен ықпалынан құтылу болса, бұл мәселені Ердоған президенттік басқару жүйесіне өтпей-ақ шешкендей еді. Өйткені елдің ішкі-сыртқы саясатындағы негізгі қадамдар мен шешімдерді онсыз да Ердоған өз басқарып отырды. Тек президенттің құзыретін күшейтуді заңдастыру қажет болды демесеңіз. Мұны айтып отырғанымыз, Түркия басқа жолды таңдауына да болар еді. Себебі Қазақстан сынды түркітілдес постсоветтік елдер президенттік басқарудан парламенттік басқаруға өте алмай жүргенде Түркияның кері бұрылып, бір адамның шексіз билігіне ұмтылуы бәрін де ойландырады. Бұл – Түркия халқының қалауы емес, Ердоғанның арманына көбірек ұқсайды. Ұқсайтыны – реформаны қолдаушылар мен қарсылардың айырмасы аз. Ал халықтық республика оппозициялық партиясы дауыс беру кезінде үкіметті жақтаған заңсыз әрекеттер орын алғаны себепті 60 пайыз дауысты қайта санауды талап етіп отыр. Оның үстінде саяси белсенділігі жоғары түрік қоғамының бұл референдум нәтижесін қалай қабылдайтыны әлі белгісіз. Референдум қорытындысынан соң, толқу болуы мүмкін деген ірі қалалардың тұрғындары азық-түлік қорын қамдап, біраз уақытқа қаладан тыс жерлерге кетіп жатқанға ұқсайды. Бұл дегеніңіз – Ердоған билігі жеңісінің тұғыры тым әлсіз екенін байқатса керек. Сөз басында президенттік билік жүйесіне түріктер төзе ме, шыдай ма дегеніміз де осы. Әскери төңкерісті болдырмай, демократияның жеңісін көрсеткен халық ертең тағы да демократияны қорғап шерулетіп шықпасына кім кепіл?!

P.S. Біржақты, Түркияның парламенттік республикадан президенттік басқару жүйесіне өткенін жақтырмайтындай көрінгенімізбен, сөзімізде бауырлас елге жанашырлық бар. Иә, түрік халқының 51 пайызының таңдауы президенттік басқару екен. Оған дауымыз жоқ. Алайда президенттік басқарудың қандай саяси жүйеге айналатынын көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап отырғандықтан да Түркияға алаң көңілмен қарадық. Әрі Ердоған билігінің соңғы жылдар бедеріндегі іс-әрекетіне шолу жасай келе, жоғарыдағыдай ой қорыттық.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар