1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
20 сәуір 2017
Осы кісіні көргендер неге күле береді?

Атасына мың рақмет, егер мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болмаса, біздің үкіметтегі шенділер қызметте сұп-сұр болып, биліктен күлмей өтер ме еді, кім біледі... Осы кісі-ақ елдің езуін жиғызбай, айналасын күлкіге көміп, елдің ішегін түйіп жүреді. Онысын Арыстанбек Мұхамедиұлы әдейі істейді деп айта алмаймыз. Бірақ оның жүзі мен түрін газет, телеарналардан, көшеден көргендер өздігінен күле беретінді шығарды.
Орыстың әйгілі актері Ю.Никулинде де осындай қасиет бар еді. Ол қаншама киноларда сап-салмақты, әзіл-күлкі, қалжыңнан мүлдем ада адамдардың рөлдерін сомдады. Бірақ бәрібір ел оның аңғал да бейкүнә бейнесін көргенде езуіне күлкі үйіріліп тұратын. «Тамашаның» тарландары Құдайберген Сұлтанбаев пен Мейірман Нұрекеев те бірді-екілі киноларда «сеп-серьезный» көрінгенімен, жұрт олардың әр сөйлеген сөзінен, әрбір әрекетінен күлкі іздейтінді шығарған. Құдай біледі, бұл екеуі Күлмесханды ойнаса да, ол кино жарым-жартылай комедия болып шығуы мүмкін еді. Яғни әйгілі әртістерді ел қалай қабылдады, жүрегінде солай сақтап қалған. Көрсе, күле береді. Шын ықыласымен күледі. Шын ниетімен құрметтейді, сыйлайды, талантына бас иеді.
Әрине, Арыстанбек Мұхамедиұлы комедиялық киноларда ойнаған жоқ. Бірақ бұл кісінің үкіметке келуі, шенділер арасындағы жүрісі, жиындарда сөйлеген сөзі, киген киімі – бәрі-бәрі тұнып тұрған нағыз комедия.
Қайбір жылы үкімет жиынын өткізген президент мәдениет министрінің күлкілі тілі мен тірлігін қызық көрді ме, тосыннан сұрақ қойып еді, бұл кісі: «Енді, Нұрсұлтан Әбішевич, «чинын» айтқанда, бәріміз бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой... Енді, тәуелсіздік арқасында, сіздің арқаңызда...» – деп жауап берді. Оның бұл сөзіне сол жердегілер жатып кеп күлді. Халық та күлді.
Арыстанбек Мұхамедиұлының әр айтқан сөзі қазір «хит» қой. «Әнші Димаштың Қытай еліндегі мерейінің үстем болуы президент саясатының дұрыс жүріп жатқанының айғағы» деген сыңайдағы сөзі елдің ішегін түйіп тастады. Көздерінен жас ағызды.
2014 жылы әлем чемпионы атанған ауыр атлет Илья Ильинді марапаттау рәсімінде Қазақстан әнұраны ойнап тұрғанына, осы шара әлемге тікелей эфирде тарап жатқанына қарамастан, ортаға жүгіріп шығып, спортшының құлағына телефонды тосқаны, кейін «спортшыға телефон соққан адам Қазақстан президенті Назарбаев еді» деп ақталғаны да жұртты әрі-сәрі қылып, «квнщиктерге» біраз «азық» болды емес пе?
Ойбай-ау, бұл кісінің киген киімінің өзі күлмесіңе қоймайды. Чаплиннен асып түспесе, кем емес. Қазақстанға келген Египет президенті Әбдел Фаттах әс-Сисиді әуежайдан күтіп алған министрдің сол кездегі сықпыты халықаралық деңгейде талқыланып, онысын ел әлі күнге күле отырып еске алады. Әй, министрім-ай... Қайсыбір мәдениетін айта берейік енді...
Осы аптада бұл кісі үкіметтегі әріптестерін тағы да күлкіге қарық қылды. «Бізде театр, музей, кітапхана, ботаникалық бақтарға бару бойынша көрсеткіш төмен. Біз әдістемеге қарсы емеспіз, бірақ ақпан мен наурызда аттракциондарға, зоологиялық және ботаникалық бақтарға бару (оқушылардың) қиын, суық», – деп салды. Бар кінәні ауа райы мен табиғатқа артып қойған мәдениет және спорт министрінің бұл уәжіне үкімет басшысының өзі шыдай алмай күліп жіберді. Және күле отырып жауап берді. «Жазда ыстық, қыста суық. Енді не істесе болады?» – деген Б.Сағынтаевтың сөзіне стол басындағылар да ду етіп күліп, шиқылдап жатты.
Айттым ғой, Арыстанбек Мұхамедиұлы болмаса, үкіметтегілер күлкі дегенді білмей, құсадан қартайып кетер ме еді деп...

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар