1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
Ресей мөңкіп жатыр: «ПУТИН, КЕТ!»

Орыс халқы тағы да шерулетті. 12 маусым – Ресейдің тәуелсіздік күні Мәскеу, Петербор және Ресейдің он шақты ірі қаласында жемқорлыққа қарсы митинг болды. Бұл митинг 26 наурыздағы шерудің жалғасы. Екі шеруге де себеп болған оппозиционер Алексей Навальный тобының Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведовтің жемқорлыққа қатысы бар-мыс делінген «Ол сендерге Димон емес!» атты фильмі еді.
Сөйтіп, бір фильм ресейліктерді екінші рет көшеге алып шықты. Дегенмен Ресей қоғамын көшеге сүйреген тек Навальный мен оның фильмі ғана емес. Фильм тек себепші рөл атқарғандай. Тіпті жемқорлыққа қарсы деп сипатталған митингілердің түп негізінде орыс қоғамының Ресей билігіне наразылығы жатқаны байқалады. Мәселен, шеруге шығушылар «Путин, кет!», «Путин – ұры!», «Путин – жемқорлықтың кепілі!» сынды ұрандар көтерген. Демек, жемқорлық жылдар бойы жиналған ішкі наразылықтың сыртқа шығып, шерулер арқылы көрініс табуына себепші ғана. Ал Навальныйды сол ішкі наразылықтың шығу жолын көрсетуші десек болар. Әрине, Навальныйдың саяси билікке ұмтылысы бары да рас. Өйткені Ресейде президенттік сайлау жақындап келеді. Бірақ Навальный түрткі болған шерулерге шыққан халық күні ертең кандидат Навальныйды қолдай кетеді деуге болмайды. Митингіге шыққандар арасында «Навальныйға еріп жүрген жоқпыз, жемқорлыққа қарсымыз!» деген ұран көтергендер де бар. Демек, Навальный наразылық тығынын ашушы болып қалуы да ғажап емес. Ту көтеріп, шерудің шебін бастап шығу бар да, саяси сахнаға шығып, саяси тартысқа түсіп күресу бар. Екіншісі әлдеқайда қиын. Әсіресе постсоветтік аумақта. Сондықтан да Ресейге Макронның ауылы алыс. Ал әл-әзірге Ресейді кезіп жүрген шерулердің ту көтерушісі – Алексей Навальный.
Наурыздағы шеру мен маусымдағы шерудің арасында үш ай жатыр. Үш айда ресми Кремль митингінің табиғатын, түп негізін, болашақтағы болуы мүмкін салдарын сараптап, қандай да бір шешімге келіп әрекет жасамады. Екі митингіде де бұрынғы әдісті қолданды: жаппай тұтқындау, шерудің негізгі ошағынан тікелей таралуы тиіс ақпараттың жолын кесу, Навальныйдың кеңсесін тінту, оны үйінен шыға бере тұтқындау, яғни ештеңе өзгермеген.

ЕСКІ ӘДІС, БАЯҒЫ ПУТИН ЖӘНЕ ЖАҢА БУЫН
Ресей қалаларында өткен наурыздағы митингілер туралы жазғанда да шерудің басты ерекшелігі жастар екенін айтқанбыз. Бұл жолғы митингіге шығушылардың да дені жастар. Мысалы, 12 маусымда Петерборда шеруге шыққан азаматтардың 658-і ұсталса, соның 30-ы кәмелеттік жасқа толмаған балалар екен. Бала болғанда жоғары сынып оқушылары.
Жалпы, шерудің фотосуреттері мен видеоларын қарасаңыз, кілең жастар. Бұған қарап Ресейде ескі мен жаңаның тартысы жүріп жатыр деуге әбден болады. Мәселен, Путин аш-жалаңаш отырса да, «Ұлы Ресей» аңызына әлі күнге сенетін қоғамның белгілі бір бөлігіне арқа сүйеп, сеніп Ресейдің өлімші халдегі, құр сүлдері ғана қалған империялық ұстынын жалаулата көтеріп әр жерге барды: қырсықты, қорқытты, кемсітті, өзге елге басып кірді. Ақыры санкцияның астында қалып, басына бұршақ тиген торғайдай күйге түсті. Асылы, Путин билігінің «Ұлы Ресей» дейтін империялық айбаты өлген аюдың терісіне шөпті нығыздай тығып, айналасының үрейін алумен ғана шектелетіндей. Әрине, постсоветтік елдердегі ықпалын сақтап қалу үшін үнемі жанталасып, мемлекеттік ақпаратты үгіт-насихат, арандату құралына айналдырғаны әлгі іші шөпке толған өлген аюды кейбіреулерге тірідей көрсетуге жетіп-ақ тұр. Сөйтіп, Сталиннің рухын тірілтіп, «Ұлы Ресейді» жаңа әлемге алып шықпақ болған Путин өз елінде жас ұрпақтың қарсылығы мен наразылығына ұшырап жатыр. Путиннің сырттағы беделінен де іліп алар ештеңе қалмады.
«Путин, кет!», «Путин – ұры!» деп атойлап ірі қалалардың алаңдарына шыққан жас буын қайдан шықты? Біріншіден, бұл буын теледидар көрмейтін буын. Яғни Кремльдің аңыздай жыр ғып айтып жататын үгіт-насихатынан ада, жаңа коммуникациялық құралдар дәуірінің буыны. «Ол сендерге Димон емес!» дейтін фильмнің youtobe видео желісі арқылы тарағанын ескерсек, «жемқорлыққа қарсымыз» деп шерулеткендердің дені неге жастар болғанын бағамдауға болады. Екіншіден, бұл жастар Совет өкіметін көрмеген, «Ұлы Ресей» аңызын кітаптан оқыған немесе естіген буын. Бұлардың танымы, қажеттіліктері, көзқарастары мүлдем бөлек. Оның үстіне көздерін ашып көргені экономикасы әлсіреген, жемқорлық жайлаған, тұрмыс қиындығы мен құлдыраған рубль, қымбатшылық болды. Сондықтан орыс қоғамының жас әрі жаңа буынын жемқорлық біріктірді. Яғни азаматтарды топтастыратын, біріккен күшке айналдырған қазық пайда болды. Қазық жемқорлыққа қарсы қағылғанымен, ол саяси реңк алып ресми Кремльдің қабырғасын шытынатуға бет алғанын екінші митинг анық көрсетті.

АВТОНОМИЯЛАР ҮНСІЗДІГІ – ҚАУІПТІҢ КІЛТІ
Федерация құрамындағы автономиялар жемқорлыққа қарсы шеруде үнсіз жатқан жоқ. Татарстанда, Хакасияда, Дағыстанда митингі өтіп, тұтқындалғандар бар. Ресейдің мүшкіл ішкі халін автономия азаматтары да сезініп отыр. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Сарапшылар Ресейдің бөлшектенуі мүмкін екенін көптен бері айтып келеді. Наурыздағы шеру кезінде «митингілер жалғаса берсе, күзде Ресейде өзгерістер уақыты басталады» деген де болжам айтылған. Егер солай бола қалса, саяси бағыт ала бастаған шеру күзге қарай нақты саяси талаптарды бірінші орынға шығарса, онда автономияларда белсенділік күрт өсіп, орайлы сәтте Ресейден бөлініп, тәуелсіздік күресін бастап кеп жіберуі әбден мүмкін. Қазіргі кезде шеруге шығу бірнеше адаммен ғана шектеліп отырған автономиялар орайлы сәтті күтіп отырғандай әсер қалдырады. Жалпы, Ресей автономияларының азаттық алу арманы бар екені мәлім. Мәселен, Татарстанның тәуелсіздікке ұмтылысы сол елдегі ұлттық күштердің белсенді қызметінен байқалады. Сол сияқты өзге автономиялар да қарап жатпасы анық. Зәудеғалам Ресейдегі шерулер ширығып, шырқау шегіне жетіп, жағдай өзгеруге бағыт алса, автономиялардың азаттық алу армандары нақты мақсатқа айналуы ғажап емес.

ҚАЗАҚСТАН ҚАЙТПЕК?
Қазақстанда биліктің ауысуы кезеңінде белгілі бір жағдай орын алса, Ресей Қазақстанның ішкі саясатына араласуы мүмкін. Ал Ресейдегі қоғамдық-саяси жағдай өзгеріске қарай өрістесе, Қазақстан бәрібір ол елдің ішкі ісіне араласа алмайды. Жалпы, Қазақстан – Ресей ықпалындағы елдердің ішінде көш бастап келе жатқан ел. Оны елдің ақпараттық кеңістігінен, кейбір облыстар мен қалалардағы әртүрлі кертартпа іс-шаралардан анық көруге болады. Қазақстан өзінің ішкі саясатында да белгілі жүйе қалыптастыра алмай отыр. Әралуандылық, көпұлттылық ұстанымы ішкі саясатта теріс пиғылды топтардың ресейшіл әрекет жасауына жол ашып келеді. Бұған қоса, Қазақстан билігі дос, көрші мемлекеттердің ел ішіндегі имиджін өз имиджімен бірдей қорғап, артық сөз, қиғаш әрекеттерге жол бермеуге тырысады. Биліктің мұндай ұстанымы ресейшіл пиғылдағы іс-шаралардың кедергісіз өтуіне негіз болып келеді.
Кейінгі кезде Қазақстан билігі Ресей ықпалынан шығудың жолы ретінде Қытайды таңдағандай. Мәселен, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы экономикалық, ақпараттық, мәдени келісімдердің дені соны меңзейді. Демек, Ресейдің әлемдік саясаттағы жүрістерінің сәтсіздікке ұшырап, ел ішіндегі наразылықтың өсуін есепке алған Қазақстан Ресеймен арадағы одақтардың да пайдасынан зияны басымдау екенін бағамдап, Қытайға екінші бетбұрыс жасап жатқандай. Бірақ Ресейдегі жемқорлық мәселесі Қазақстанда да бар. Оған қоса, қазақ халқының жанды жері саналатын жер мәселесі, шешілмей қордаланған ұлттық мәселелер де жетерлік. Бұған халықтың ішкі наразылығын қосыңыз. Демек, Қазақстан ішкі наразылықтар әлдебір болымсыз тетікке себепші болып, көшеге шықпас үшін шынайы әрі нәтижелі саяси реформалар жасауы шарт. Қазіргі сырты өзгерген, іші сол қалпы саяси реформалармен халықты алдағанмен, уақытты алдау әсте мүмкін емес. Көрші елдегі шерулерді Қазақстан билігі де сараптап, қорытынды шығарғаны өзі үшін аса қажет. Ол үшін билікке ең әуелі «ұлы көршілер» ұғымынан, жалтақ саяси санадан арылу керек-ақ. «Жат жарылқамайды» дейтін сөзді ұмытпағаны абзал. Жалпы, «ұлы көршілер» болмайды, ұлы мүдделер ғана бар...

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті