1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №51 (16237)   27 маусым, сейсенбі 2017
27 маусым 2017
Ендігі жетпегені ант беру екен...

Қазақстан парадоксқа толы. «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders – RWB) халықаралық ұйымының әлемдегі баспасөз бостандығы жөніндегі рейтингісінде еліміз 157-ші орында (2016 жылғы дерек). Яғни ой, сөз еркіндігіне шектеу қойылған, бұқаралық ақпарат құралдарының аузы буылған мемлекеттердің алдындамыз. Сонымызға қарамай, 2002 жылдан бері жыл сайын Еуразия медиафорумын өткіземіз. Оны биыл тағы да өткіздік. Әдеттегідей алыс-жақыннан мамандарды жинап алып, әлемдік деңгейде мәселе көтердік. Сирия жайын айттық, тағысы тағы. Бірақ «Қазақстандағы сөз еркіндігі неге шектелді?» дегенге бас қатырған ешкім жоқ. Еуразия медиафорумын өткізгіш мемлекетте оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» сияқты газеттер неге жабылып, Жанболат Мамайдай тәуелсіз тілшілер неге тергеуге түсіп, қамауға алынады деген мәселе де көтерілмейді. Есесіне қазақстандық шенділер бұл форумда ғаламдық деңгейде ұсыныс тастап, көзге түсуге тырысады. Мәселен, биылғы жиында сенатор Дариға Назарбаева «журналистер қызметінде «біреуге зиян келтірмеу» принципін ұстануы тиіс» деп мәлімдеді. Журналистік этика мәселесін көтерген Назарбаева қазіргі заманды «басқарылмайтын еркіндік дәуірі» деп атап, «журналист мамандығын таңдайтындар Гиппократ анты сияқты ант қабылдауы тиіс» деді. Қазақ сенаторының бұл ұсынысын сырттан келген мамандар қалай қабылдағаны бізге маңызды емес. «Көрпеңе қарай көсіл» деген тәпсірге салып, Назарбаеваның бұл бастамасына қатысты қазақстандық журналистердің пікірін білген едік.

Ермұрат БӘПИ, журналист: ЖЕЛГЕ ҚАРСЫ ... ЕТПЕ
– Журналистерге ант бергізу жөніндегі Дариға Назарбаеваның бұл бастамасы бумеранг сияқты – айналып келіп биліктің өз басына тиеді. Мұндай жағдайда қазақ «желге қарсы тұрып «кіш» етпе» дейді: өз ауыңды былғап аласың... Біріншіден, ант берген журналист, мәселен, «Хабар» телеарнасының («Егемен Қазақстан», «Казправда» газеттерінің) тілшісі болса, ол пақырға елдегі шындықты жазуға тура келеді: алысқа бармай айтар болсақ, мұғалімдер мен дәрігерлерге, жалпы, бюджет мекемесінде жүргендерге зорлықпен ЭКСПО-ға билет алдыру, зейнетақы қорындағы қаржының талан-таражға түсуі, соттар мен құқық қорғау органдарын жайлаған парақорлықтың асқынуы т.б. жағдаяттарды жазуы керек. Ал егер ол журналист бұрынғы әдеті бойынша, Қазақстан халқын «Хабардағыдай» өмір «сүргізіп» қояр болса, оны ант бұзушы ретінде сотқа берудің мүмкіндігі туады. Осы жағдай Дариға ханымның өзіне қолайлы бола қояр ма екен? Екіншіден, ант берген журналист өз кәсібіне сай адалдық негізінде шындықты жазатын (ТВ-да – көрсететін, радиода – айтатын) болса, оны биліктік БАҚ басшылары жарыққа шығаруға қышыры жете ме? Менің ойымша, бүгінгі саяси жүйе жағдайында мұндай «батылдық» бейшара редакторлардың қолынан келмейді. Ендеше, мұндай далбаса даурықпашылық Дариға депутатқа неге қажет? Меніңше, бұл – шетелдік медиалар кезекті бір «бомбаны» жария етуі мүмкін жағдаят алдындағы дайындықтың қамы. Ал ол «бомба» басқаның емес, елдегі бірінші отбасының маңында жарылуы мүмкін. Үшіншіден, посттранзиттік мезет тақаған сайын биліктен үміткерлер арасында «компромат» жарысы басталуы әбден ықтимал. Ал ондай «жарыс», бірінші кезекте, тағы да бірінші отбасы немесе ел президенті ұсынған үміткердің төңірегінде дүлей дүмпулер тудырады. Сондықтан журналистердің аузын қайдағы бір антпен буып қоюдың амалы жасалып жатқан сияқты. Әйтпесе елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ашық әрі нақты деректерге сүйене отырып жария етіп жүрген тәуелсіз газеттердің журналистері үшін мұндай анттың қажеті жоқ. Бұл әрекет кезекті Потемкин деревнясын тұмшалаудың ғана амалы деп білемін.

Серік ӘБІКЕН, «Парасат» журналының бас редакторы: ӨТІРІК ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ АНТ БЕРУ БЕКЕР
– Журналистиканы анттың күшімен ақиқат жолына саламын деу жақсы ой да шығар. Бірақ кәсібі адамға, қоғамға зиян келтірмеуді кез келген маман ойлауы тиіс деп ойлаймын. Ондай болса, «таразыдан жемеймін» деп сатушы, «есіктің алдын таза сыпырамын» деп аула сыпырушы, тағы да басқалар ант берсін. Маманды ардан аттатпай ұстап тұратын Құдай бекіткен «кодекс» бар, ол – адамгершілік. Адамдықтан кеткенге алты жерден ант-су ішкізсең де, аярлығын қоймайды. Гиппократқа ант берген дәрігерлердің өзі соған қаншалықты адал болып жүр? Б.д.д. ІІІ ғасырда Гиппократ жазған ар-ождан кодексінің мәтіні әр елдің өз ыңғайына орай құбылып отырады. Мысалы, ол анттың ең ежелгі нұсқасы адам өміріне зиян тигізбеу екен, бірінші жолдары түсік (аборт) жасауға тыйым салады. Қазір осы серттен таймай жүрген дәрігер көп пе?! Дәл осындай құбылмалы болса, журналиске ант айтқызудың қажеті шамалы. Оның үстіне ақиқат үстем елде ғана анттан аттамауға болар. Біздегідей қарапайым ақпардың өзі қырыққабат бүркеменің астында жатқан мемлекетте журналистер билік дереккөздеріне сүйеніп, жалған ақпар беруге мәжбүр. Соның кесірінен халықтың көзі байланды. Өтірік жүрген жерде ант беру, серттесу жайлы сөз қозғау бекер деп ойлаймын. Тұтас мемлекет ашық ұстанымға өтіп, оқырман, әлде көрермен бір деректі бірнеше ақпарат көзінен алып, екшей алған кезде қай тілшінің рас, қай тілшінің жалған сөйлегенін өзі-ақ анықтап алады, ондайды білсе журналист те аяғын тартады. Ал ұлтты, адамды күстаналап қастандық жасаған, зиян келтіргенді тәубесіне түсіретін әкімшілік және қылмыстық кодекстер бар. Ондай итаршылыққа барған маманға ешқандай ант та, ар-ождан кодексі де ықпал ете алмайды.
Анттың қасиеті күшті болса мемлекеттік қызмет саласы баяғыда көркейіп, көгеріп кетер еді. Олар президентке, еліне адалдыққа ант береді. Содан жемқор, парақор шенеунік кеміді ме?

Инга ИМАНБАЙ, журналист: ҚҰР СӨЗДІ ҚОЙЫП, ШЫНАЙЫ ІС КӨРСЕТУ КЕРЕК
– Дариға Назарбаеваның пікіріне қатысты айтар болсам, әрине, дұрыс сөз. Журналистер шынайы болуы шарт. Бірақ біздің билік жүйесі (Д.Назарбаева сол биліктің өкілі) шындықты айтқан журналистерді қудалайтынын, істі қылып, абақтыға жабатынын ескерсек, ол сөзден екіжүзділіктің желі еседі. Себебі қалай шындық үшін қудалап, сосын шындықты айту, тіпті шындық айтуға ант беру туралы айтуға болады?! Егер Дариға Нұрсұлтанқызы естімесе, (естімеуі, меніңше, мүмкін емес) дәл қазір «Трибуна Саяси қалам» газетінің бас редакторы, тәуелсіз журналист Жанболат Мамай абақтыда отыр. Оның еш қылмысы жоқ, тек сол шындықты айтқаны үшін, ешкімнің бастамасынсыз-ақ өз кәсібі мен оқырманына адал болғаны үшін қудаланып жатыр. Сондықтан құр сөзді қойып, шынайы іс көрсету керек, меніңше. Егер бұл сөз рас болса, шындықты айтқаны үшін абақтыда тергеуде отырған Жанболат Мамайды бостандыққа жіберуден бастау керек әңгімені. Елдегі санаулы тәуелсіз БАҚ жойылып, қалғаны қудалау жағдайында тұрған жағдайда Еуразиялық медиафорум өткізіп, пафосқа толы мәлімдемелер жасау, меніңше, орынсыз.

Жазып алған Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті