1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №52 (16238)   30 маусым, жұма 2017
30 маусым 2017
Қырғыз таңы енді атып келеді...

Әрине, көрші жатқан Қырғызстан туралы әңгімелей қалсақ, сонау Түркияға немесе Тай еліне барып келгендей аузыңды ашып, көзіңді жұмып тамсанып, көрген кереметіңді айтып, мұндағы елді таңғалдыра алмайтының анық.
Екі елдің барыс-келісі, алыс-берісі күн өткен сайын дамып, кіндік қаласы Бішкек біздің шекарадан небәрі 20-ақ шақырым жерде орналасқандықтан болар, айыр қалпақты ағайындар біз үшін аса жұмбақ ел емес. Оның үстіне қызыл байрақты елдің бауырында жарқырап жатқан Ыстықкөл де бір туған елдердің қарым-қатынасын жиілетіп, адамдарын тіптен жақындатып жіберген. Сауда-саттық жасауда қырғыздарың өзбектерді басып озып, бүгінде қазақ базарларының берекесін келтіріп отыр. Дегенмен де елі бөлек, жері бөлек, қанша дегенмен екі ортаны шекара сызығы бөліп, екі жұрт өз алдына жеке-жеке өмір сүріп жатқандықтан, көре білгенге Қырғызстанның да біз таңдай қағатын қызықтары, тіпті адам сенбейтін таңғажайып жағдайлары, ақылға сыйымсыз жайттары баршылық екен. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі елдің тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі, саяси жағдайы мүлдем бөлек екеніне осы сапарымызда анық көз жеткіздік.
Жалпы, қырғыз жастары нарыққа жақсы бейімделген. Сырттан келген қонаққа жүгіріп қызмет етуге қашанда дайын. Шекарадан демде ың-шыңсыз өтіп, қырғыз топырағына аяқ басқаным сол екен, алдымнан сақалды таксистер жүгіріп шықты. Бішкектің қақ ортасындағы «Достық» қонақүйіне дейін 1000 сом сұрады. Айыр қалпақты ағайындарда «қазақтар шетінен бай, бұларда ақша көп» деген көзқарас бұрыннан бар екенін білетінмін. Дегенмен де саудаластым. Сөйтіп, 800 сомға келістік. Қонақүйге кетіп бара жатқан жолда қырғыз сомының курсын теңгемен есептегенде таксиспен келіскен бағамның бәрібір қымбат екенін ішім сезді. 800 сом біздің бағаммен 4000 теңге екен. Небәрі 20 шақырым жерге бұл сома көптеу көрініп, таксисті әңгімеге айналдырдым. Сөйтсем, «Достық» – ең қымбат қонақүй. Оған кеп жатқан қонақ та тегін болмайды ғой деп, бағаны әдейі көтеріп айттым», – деп мойындап отыр. Мына сөзден кейін саудаласқым келмей, өзімді өте қалталы қонақ сияқты сезініп, тұмсығымды көтеріп, тым-тырыс отырып қалдым. Бара көрдім ғой, «Достық» 9-қабатты еңселі ғимарат екен. Алайда аса жарқырап, көз тартып тұрған ештеңесі жоқ. Бөлмелері де тым қарапайым. Тіпті сонау кеңес заманында салынған бұл ғимарат одан бері де көп жөндеу көрмегендей. Әйтеуір, сол заманды еске түсіретін белгілер көп.
Ертеңінде үкімет үйі мен мәдениет министрлігі отырған ғимараттарды көріп, тіптен таңғалдым. Тым қарапайым. Алла өзі кешірсін, мәдениет министрлігі отырған ғимаратты алғашында ескі мектеп екен деп қалдым. Осының өзі-ақ Қырғыз елінің қазіргі жағдайын айғақтап тұрғандай... Қырғыз билігі енді-енді есін жиып, мемлекеттік мекемелердің жағдайына әлі мойын бұра алмай жатқан сияқты.
Бішкекте болған төрт күннің ішінде түрлі ақпараттарға құлақ түріп жүрдік қой. Жергілікті тілшілер «Парламентте аналарға жәрдемақы беру туралы» заң талқыланды, 2018 жылдан бастап 700 бен 4000 сомның аралығында жәрдемақы беріле бастайды» деп алақайлап жатты. Көшедегі жарнама бағандарынан байқағанымыз, биыл Қырғызстанда «Мәдениетті қолдау жылы» екен. «Қазақстанда мәдениетті қолдау 2000 жылы өтіп еді» деген ой лезде санамызда зу ете қалды.
Бішкектің орталық көшелерінің өзінде бейнекамералар тіптен жоқ десе де болады. Содан болар, жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпау, бағдаршамға тоқтаған көліктердің ақ жолақты басып тұруы сияқты тәртіпсіздіктер жиі кездеседі екен. Астана мен Алматының көшесімен келе жатып, аттап басқан сайын төбемізге қарап, бейнекамераға алаңдап отыратын біз сияқтыларға Бішкектегі бұл бейберекет ә дегеннен «біртүрлі» көрінгені рас.
Қырғыз-қазақ – бір туған. Туған бауырымыз ғой. «Екі ұлтты тіліндегі «с» мен «ш» әріптері ғана бөліп тұр» дейді екен жергілікті жұрт. Осыған байланысты мынандай бір анекдот жиі айтылады екен. Қазақ пен қырғыз «мысық» деп айтқан дұрыс па, жоқ, «мышық» деп айтқан дұрыс па деп таласып қалыпты. Қазақ «мысық» дейді, қырғыз «мышық» дейді. Сөйтіп, екеуі орысқа жүгініпті. Сөйтсе, орыс «өздерің ойлаңдаршы, «кошка» дұрыс па, жоқ, «коска» дұрыс па?» деп айтыпты. Сонымен бұл таласта қазақтар жер боп қалған көрінеді.
Айтпақшы, қазақ пен қырғыз жүгінген орыс дегеннен еске түседі, біз Қырғызстанға барған кезде ел президенті Алмазбек Атамбаев Мәскеуде іссапармен жүрді. Бұл сапарды жергілікті ақпарат құралдары сан-саққа жүгіртуде. Жалпы, Кремль Атамбаевты о бастан жақтырмаған. Ол президент болғалы бергі алты жылда Мәскеу бірде-бір мәрте шақырмапты. Одан гөрі Өзбекстан президенті Мирзиев миығынан күліп жүріп, сайлана салысымен арнайы шақыртумен Мәскеуге барып қайтқан.
Биылғы жылдың қазан айының 15-інде Қырғызстанда президент сайлауы өтпек. Бұл елдің конституциясы бойынша президент бір-ақ мәрте жеті жылға сайланады. 2010 жылдың 7 сәуірі күні демократия үшін құрбан болған жас жігіттердің бейітінің басында президент Атамбаев «мен президенттіктен өз еркіммен кетемін, келесі президентті ел өзі сайлайды» деп уәде берген болатын. Жалпы, Орталық Азияда көзі тірі президенттердің билікті өз еркімен кейінгіге беруі өте қиын. Ал Атамбаев уәдесінде тұрды. Ең бастысы, А.Атамбаев осынау жеті жылда елдің іргесін бүтіндеді, ынтымақ-бірлігін бекемдеді. Басқа елдердің «Қырғыз-
стан екі төңкерістен кейін мемлекеттілігін жоғалтып алуы мүмкін» деген сөздерін жоққа шығарды.
Міне, енді жергілікті ақпарат құралдарының кейбірі «Атамбаев Мәскеуге жай барған жоқ, ол В. Путинмен өзінің орнын басатын тақ мұрагері туралы сөйлесті» деген жорамалдар айтады.
Жергілікті телеарналардың ақпараттарынан байқағанымыз, қырғыз үкіметі мен парламентінің отырыстары өте тартысты өтеді екен. Тіпті біз таңғалатын жайттар бар. Премьер-министр Сооронбай Жээнбеков үкіметтің кезекті отырысында құрылыс мәселесі бойынша сұрақтарға толыққанды жауап бере алмаған шенеунікті залдан қуып шықты. Иә, архитектура және құрылыс агенттігі төрағасының орынбасары Алмазбек Абдыкадыровқа «Даярланып келмейсің бе? Сен шоң жиынға кеп отырсың... Ұялмайсың ба?» деп қаһарын төгіп-төгіп алды да, сөзінің соңында «Ей, шық есіктен...» деп қолымен есік жақты көрсетті. Орынбасар байғұс қызарақтап, не істерін білмей, бір тұрып-бір отырып, ақырында қағаздарын жинап алып, басы салбырап шығып кетті. Әрине, білдей үкімет басшысының бұл тірлігі дұрыс болды ма, жоқ па, қаншалықты этикаға сыяды, ол жағын қайдам, бірақ мұндай жағдай біздің үкімет үшін тым тосын екені айдан анық.
Міне, осы Сооронбай Жээнбековті қырғыз президенті А.Атамбаев өзінің тақ мұрагері ретінде атап отыр. Яғни биліктің партиясы – КСДП-ның атынан осы С.Жээнбеков президент сайлауында бағын сынамақ. Әрине, біздің елдегідей билік қолдаса, сол жеңеді деген ұстаным қырғыздарда жүрмейді. Содан болар, бұл президент сайлауы ең тартысты да қызықты дода болғалы тұр.
Саяси партияларға келсек, қазірдің өзінде бұрынғы премьер-министрлер – «Ак Шумкар» партиясының атынан Темир Сариев пен «Республика» партиясы атынан Омурбек Бабанов тіркелді. «Онугу Прогресс» партиясының жетекшісі Бақыт Торобаев та кандидат, бұрынғы парламент спикері Ахматбек Келдібеков пен «Ата-Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев та тізімде бар, «Ата-Жұрт» партиясы атынан бұрынғы депутат Садыр Жапаров бағын сынамақ. Бір қызығы, Текебаев пен Жапаров қазір қылмыстық айыптармен тергеуге түсіп, қамауға алынған. Текебаевтың коррупция айыптары бойынша соты жүріп жатыр. Абақтыда жатса да, екеуі бұл саяси науқанға қатысу үшін тиісті құжаттарын өткізген. Сондай-ақ А. Келдібековке де парламент спикері кезінде жемқорлық жасағаны үшін 10 миллион сом айыппұл салынып, іс қозғалғаны бар. Бұдан бөлек, тәуелсіз кандидаттар ретінде тіркелген Талатбек Мамасадықов пен Камила Шаршекеева тәрізді бірнеше адам бар. Тіпті билік партиясы өз үміткері ретінде С.Жээнбековтің есімін атаған соң, бұл партия қатарынан шығып, өз алдына әрекет жасап жатқандары да баршылық. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, небәрі 11-ақ ай премьер-министр болған Сариевтің басқалардан мүмкіндігі жоғары сияқты. Бірақ оның «Ақ-Шумкар» партиясы парламенттен орын алған емес. Сондықтан негізгі тартыс «Республика» партиясының жетекшісі және кәсіпкер Өмүрбек Бабанов пен ҚСДП мүшесі, қазіргі премьер Жээнбековтің арасында болады деген болжам бар.
Қалай айтсақ та, халқы қызуқанды, намысшыл әрі демократияшыл Қырғыз елі осындай қызығымен, осындай ерекшелігімен бізді таңғалдырды. Ел президенті Алмазбек Атамбаев Мәскеуге барған сапарында «Қырғызстан – Орталық Азиядағы ең еркін ел. Қырғызстанның қиын күндері өтті. Ол өте қою түн болды. Қырғызстанның таңы енді атып келеді» деп айтты. Шынында, айыр қалпақты қырғыз аға йынның таңы енді атып келе жатқандай...

Оралхан ДӘУІТ
Алматы-Бішкек-Алматы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті