1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №54 (16240)   6 шілде, бейсенбі 2017
6 шілде 2017
Ресейге еңбек мигранттарының ықыласы азайды

ТМД тұрғындарында Ресейде ұзақ уақытқа қалуға ықылас қалмай барады. Көршіміздің сарапшылары осы мәселені айтып, елдегі жұмыс күші жағдайын көтеріп, дабыл қағып жатыр.
Күні кешеге дейін Ресейдің еңбек нарығындағы тапшылықты Украина жауып келген-ді. Соңғы жылдары жұмыс күшінің негізгі доноры Украинадан Ресейге жұмыс іздеп барушылар саны 40 пайызға қысқарған.
Биылғы І жартыжылдықта Ресейге аяқ басқан мигранттар өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда, 26,8 пайызға кем. Ресей халық шаруашылығы академиясы ғалымдарының жасаған мониторингінде мұндай жағдайдың орын алуына басты себеп – Украинадан жұмыс іздеп келушілер саны күрт азайғаны.
2014-2015 жылдардағы дағдарыстан кейін Украина Ресейдің бірден-бір миграциялық еңбек доноры болған және сарапшылардың айтуына қарағанда, әлі де донор кейпінде қалып отыр. 2015 жылы бұл елден Ресейге 60 пайыз еңбек мигранты барған. Бірақ уақыт озған сайын олардың легі азайып келеді. «Ресейге келгісі келгендер әлдеқашан мұнда орнығып қалды. Таяуда Еуроодақ украиналықтарға өз елдеріне визасыз емін-еркін кіруге рұқсат берді. Осыдан кейін жұмысшылардың дені Еуропаға, жалақысы анағұрлым жоғары жаққа кетуде» дейді әлеуметтік саясат институтының директоры Лилия Овчарова. «Бұрынғы посткеңестік елдерден: Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін жұмыс күші тіпті 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштің де қалпына келмеуде, ал Қазақстаннан келетіндердің саны (жылына 25-30 мың) өспей жатыр» делінген 2017 жылдың І тоқсанына жасалған мониторингте. Тек Тәжікстан бойынша көрсеткіш (6,3 мың адам) өсіпті.
«ТМД елдері азаматтарының Ресейге келіп жұмыс істеуге, өмір сүруге ықыласы азайған. Мысалы, 1990 жылдары репатриацияның негізгі көзі болған Қазақстаннан қазір мұндай лек байқалмайды» деген пікір айтылады шолуда. Бұрындары Армения мен Қырғызстан тұрғындары Ресей азаматтығын алуға мәжбүр еді, қазір Еуразия одағы бойынша бірыңғай еңбек нарығы ашылғандықтан, олар азаматтық алуға асықпай, 9 айлық жұмысқа келіп, қалған үш айын өз елінде өткізуге тиіс.
Мамандар Ресейдің жылына 300 мың еңбек мигрантын қабылдауға мүмкіндігі бар екенін жазады.
Экономикалық даму министрлігінің макроболжамына қарағанда, 2020 жылға қарай Ресейдің еңбекке жарамды тұрғындары 3 млн адамға қысқарады. «Біз еңбек етуге қабілетті жасқа енетін 17 жастағылардың көрсеткіші өте төмен саналатын тарихи кезеңде тұрмыз», – дейді экономикалық даму министрі Максим Орешкин «Ведомостиге» берген сұхбатында. «Қазіргідей тұрақсыз демографиялық жағдайға байланысты Ресейде құрылымдық қайта құру болмайды. Бүгінгі жаңа ұрпақ жаңа салаларға жұмысқа тұрады, ал ескі буын зейнеткерлікке шығады» дейді министр. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында министрлік жастар мен жас аналарды жұмысқа тұрғызу жолдарын жеңілдетуді ұсынып отыр.
2016 жылдың ортасынан бастап бұл елде жұмысқа деген сұраныс өскен. Жоғарғы экономика мектебінің дамыту орталығы директоры Наталья Акиндинованың пайымынша, жұмыс күшіне деген сұраныс алдағы уақытта тек өседі. Жас кадрлардың жетіспеушілігін толтыратын әзірше тың күш жоқ. Соңғы жылдары өсімге ие болған туу көрсеткіші де оны жаба алмайды. Жаңа буын тек 15-20 жылдан кейін еңбекке араласады. Сұраныс кәсіби білікті маманға да, кәсіби емеске де жоғары.
«Ресей отбасын әкелмейтін уақытша миграцияға ғана көңіл бөледі. Менің ойымша, оқуға келген жастарды осында қалдыруға әрекет жасаған жөн», – дейді Н.Акиндинова. «Мәселені жастары өте көп Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдері есебінен шешуге де болады» деген пікірді ғалым Владимир Гимпельсон көлденең тартады.
Ал сарапшы Л.Овчарова: «Ресейде кәсіби мамандарға квота аз беріледі. Азаматтықты да алу оңай емес, оған қатал заңнама кедергі. Ресейге, өз Отанына оралатындар таусылып бітті. Енді оқуға келгендердің бәрін қалдыруға тырысу керек. Бірақ бұл да еңбек нарығындағы сұранысты өтей алмайды. Таяу аралықта Ресей еңбек ресурсының тапшылығында өмір сүреді», – деген ой-пікірін айтып, түйткілді жедел түрде шешуге шақырды.
Осылайша ондаған жылдар бойы қажетті жұмыс күшін Украина арқылы толтырып келген Ресей Қырымды аннекциялап, көршісімен соғыс жағдайына түскелі бері еңбек мигранттарына зәру болып отыр.
Бүгінгі Ресейдің кейпі осы.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті