1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Даудың басы – кімнің қай сиыры?

НЕМЕСЕ ӘБЛЯЗОВҚА ЖАУАП ОРНЫНА
Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Осы аптада шетелде бас сауғалап жүрген Мұхтар Әблязов қараптан-қарап маған тиіспесі бар емес пе? Фейсбукте: «Енді билік Әміржан Қосановты көшбасшы етіп жаңа қозғалысты іске қоспақшы...» Сондай-ақ, оның айтуынша, «бұл – арнайы қызмет комитеті жасаған қозғалыс».
Жауабымды бердім. Оның түйіні мынада: «Мен биліктің ешбір саяси жобасына қатысқан емеспін».
Әрине, бір елде өмір сүріп жатқандықтан, билік өкілдерімен де кездесіп тұрамыз. Баршаға мәлім позициямызды айтып, қоғамдағы ахуалды талқылап жатамыз.
Әңгімені осымен тәмамдауға болар еді. Бірақ әлеуметтік желідегі біршама қызу талқылауды көріп, онда айтылған сұмдық жорамалдармен танысып, мынадай ойларға қалдым.
Маған осындай ауыр айып тағу Мұхтарға не үшін керек болды? Бәлкім, басты себеп ол құрып жатқан (интернетте) Қазақстан демократиялық таңдау (ҚТД) қозғалысын ашық қолдамауымда шығар. Өйткені мен «Алматыда болып жатқан сотта адам таңғаларлық небір фактілер айтылып жатыр, өзіне тікелей қатысты іс болғандықтан, Мұхтар солардың бәріне нақты жауап беруі керек» деген едім. Әлде ол «оппозиция деген – мен ғана, ал қалғандары – биліктің құйыршықтары» дегісі келе ме?
«Жығылғанға жұдырық» болып, онсыз да шет жақта жүріп, бәледен басын ала алмай қиналып жүрген Әблязовқа жөнсіз тиісуден аулақпын. Керісінше, ол 2001 жылы ҚДТ қатарына кіргеннен бастап оны және оның серіктестерін ашық қолдап келемін. Сотында болдым, оны қолдау акцияларына қатыстым.
Бірақ басқаларды негізсіз қаралап, күйе жағуға болмайды. Ең бастысы, оппозицияның өзінде монополия болмауы тиіс.
Сөз жоқ, оппозицияшыл ұйым құрып, билікке өткір сын айтып, қоғамдық ойға қозғау салып жүргені дұрыс. Оның үстіне Әблязов биліктің қайнаған ортасында болды, ондағылармен тонның ішкі бауындай араласты, сондықтан қарапайым жұртқа беймәлім небір жайттарды алдымызға жайып сала алады. Мұның өзі биліктің шынайы бет әлпетін әшкерелеудің мықты мүмкіндігі емес пе?! Өзінің орасан зор қаржылық әлеуетін кешегі әріптестеріне қарсы емес, биліктің шынайы бетпердесін ашуға жұмсасын. Талай жыл бойына билікті сынап жүрген бізді ұрып-соғар, арандатар басқа күштер де жетіп жатыр.
Бірақ «оппозиция тек қана әблязовшыл болуы керек» дегенге мен қосыла алмаймын. Ақордасыз да, олигархтарсыз да пайда болып, өзін көрсете алатын қоғамдық күштер тарихта болды, әлі де болады.
Әлеуметтік желідегі талқыда «қазіргі Қазақстанда қолға алынған кез келген қоғамдық бастаманың артында билік тұрады, сондықтан оған сенуге болмайды» деген де тұжырым айтылып жатты. Әрине, шетте жүрген оппозицияшыл жолдастарға мұндай тезис майдай жағады. Өйткені солардыкі ғана дұрыс боп шығады емес пе? Бірақ шетел аспай, сотталса да, қиналса да, қарны ашса да Отанынан безбей, ел ішінде жүріп билікке ашықтан-ашық сын айтып жүрген таза адамдарға осы тезис тиіп кетпей ме?! Меніңше, бұл мәселеде біржақтылыққа салынбау керек.
«Оппозиция тек ақшаға жұмыс істейді» деген жалған тұжырымнан арылуымыз керек. Елге танымал тұлғаларды айтпағанда, ел ішінде, ауыл-аймақта, нақты елді мекенде сол жердегі әділетсіз әкімнен бастап, толайым саяси жүйеге қарсы пікір білдіріп, күресіп жүрген азаматтар қаншама?!
Сондықтан да өзіне қатысты емес кез келген қоғамдық бастамаға күмән келтіріп, оны қаралау дұрыс емес. Ондай әдет елде демократиялық үрдістер мен дәстүрлерді дамытуға кесірін тигізеді. Өз басым оппозиция бірлігін жақтаймын, бірақ сол оппозиция біркелкі немесе бір ғана адамға телініп қалуына қарсымын. Бәлкім, кезінде идеялар емес, нақты көсемдерге (негізінен, кешегі бастықтар мен қалталыларға) бағынышты боп қалған саяси күштердің ақыр соңында сұйылып, із-түзсіз жоғалып кетуінің бір себебі осы болар. Өйткені жеке адаммен «жұмыс жүргізуге», алдап-сулауға, сатып алуға, қорқытуға болады, ол кейін (әртүрлі себептермен) өз ойынан айнып кетуі мүмкін. Ал идеяны жоя алмайсың. Бұқараны ерте алатын кез келген идея, Маркс айтпақшы, материалдық күшке айналады.
Саяси тұғырнама не ұстанымына, нақты қоғамдық қимыл-әрекетіне емес, адамның жеке басына тиісіп, бар мәселені соған ғана аудару – қазір де өзін оппозиция санап жүрген кейбір адамдарға тән қасиет. Оның үстіне қазақ деген шағын ғана халықпыз: саяси алаңда жүргендер кезінде бір-бірімен тәжікелесіп, cөз бен іске келіп, бас жаққа барысып қалған кездері де жоқ емес шығар. Енді соның бәрін саяси күрес қазанына тұздық ретінде салып, өзекті мәселелермен бірге сапырылыстырып жібереді. Ондай таңсық «тағам» тоғышарларға таптырмас тарту екені де рас.
Шынын айту керек, онсыз да ырду-дырду, тоз-тоз боп кеткен оппозицияға қатысты сын айтқым келмейді: бізге бірлік керек. Бірақ баяғыда ауылда жүргенде, төбелес бола қалса үлкендер «кім бастады?» деп сұрайтын. Және соны кінәлі санайтын...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті