1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
22 шілде 2017
«Жарты құдай»...

1990 жылдардың соңында «31-телеарнаның» «Информбюро» жаңалықтарында (орысшасында) Алматының іргесіндегі Шамалған ауылынан түсірген, осы жердің тумасы Нұртай Әбіқаев туралы (ұлттық қауіпсіздік комитетіне кеткен кез болса керек) сюжет берді. Сонда көшеде кетіп бара жатқан кейуана Н.Әбіқаевты бала кезінен танитынын айта келіп, «Қазір не қызмет істейтінін білесіз бе?» деген тілші сұрағына «Назарбаевтың қасында ғой, жарты Құдай ма, бірдеңке» деп жауап қатты. Қазақстан билігіндегі «сұр кардинал» деп сипатталатын «жарты Құдай» өткен аптада саясаттан демалысқа – зейнеткерлікке кетті. Жетпіске келген шағында...

Ұзақ жылдар бойы Н.Назарбаевтың оң қолы болды делінетін «сұр кардиналды» сенатта отырған жерінен Ақорда зейнеткерлікке мақтау-мадақсыз, медаль, шапансыз шығарып салды. Рас, ресми басылымдарда бір ай бұрын зейнеткерді мақтаған мақалалар да шықты. Мәселен, мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов ресми бас басылымға «Сенім сардары» деген мақала жазып, Н.Әбіқаевты «Назарбаевтың тамаша мектебінен, тәрбиесінен өткен жоғары дәрежедегі мемлекеттік қызметкер» деп сипаттайды.
«Оның ант беріп атқарған мемлекеттік лауазымды қызметтерінің атауларының өзі-ақ азаматтың кім екенін айғақтап тұр. Нұртай Әбіқайұлы еліміздің Ұлыбритания, Ресей сияқты империялық елдердегі елшісі, екі рет президент әкімшілігінің басшысы, екі рет сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, екі рет республика қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сенат төрағасы, депутаты сияқты қызметтерді, әрине, елбасының ең сенімді деген сардарлары, сарбаздары атқарары хақ», – дейді Қ.Сұлтанов. Президенттің ең сенімді сардарының қызметтік өмірбаянына көз жүгіртіп көрсеңіз, мынадай үш даудың айналасынан шыға алмай қаласыз. Ең бірінші Н.Әбіқаевтың есімі 1999 жылы халықаралық жанжалда кеңінен аталды. Қазақстан Солтүстік Кореяға заңсыз әскери ұшақ сатып масқара болған кезде президент қорғаныс министрі М.Алтынбаев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Н.Әбіқаевты қызметтерінен босатып жіберді. Бірақ ол далада қалмады.
Екі жыл өтпей жатып президент әкімшілігінің жетекшілігіне тағайындалды. Мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы бір сұхбатында президент әкімшілігінің жетекшісі Н.Әбіқаевтың қоғамдағы түрлі саяси күштердің басын біріктіріп, реформаларды алға сүйреудің орнына, қолынан келетін іс – аяқтан шалып, арқадан ұрумен ғана айналысқанын атап өткен еді. Сөйткен Н.Әбіқаев 2004 жылы сенат төрағасы болып сайланды. Ал 2006 жылғы ақпанның 11-і Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне жасалған саяси қастандықта «президенттің сенімді сардарының» қызметкері, сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс беруші» ретінде танылды. Аяқастынан ауруханаға түсіп, «жүрекжарды» ашық хат жазған Н.Әбіқаевты досы «отқа» тастамады. «Сұр кардинал» Ресейге елші болып кете барды. Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасына қатысты сотқа Н.Әбіқаевтың куәлік етуін сұрап, жәбірленуші жақ ашық үндеу де жасады. Алайда «сұр кардинал» сотта жүзін көрсетпеді. Сөйте тұра, оппозицияшыл саясаткер Серікболсын Әбділдинге айрықша өтініш айтыпты. «Сәрсенбайұлының қазасынан кейін біраз шу болғанда Әбіқаев «менің кінәм жоқ екенін біліп жүрсін, оппозицияға да құлағдар етсін» деген өтінішпен маған Асқар деген көмекшісін жіберген еді. Рахат Әлиевтің жазғандарын да оқып жүрмін. Оны да біржақты теріске шығаруға болмайды», – дейді С.Әбділдин «Азаттыққа» берген сұхбатында. Сол кездерде «сұр кардиналдың» дәурені бітті» деген сөз желдей есіп тұрғанын ескерсек, президенттің сенімді серігі һәм сардары ертеңгі күн қалай құбылып кетер екен деп, оппозиция арасына кісі жіберген болып тұр ғой. Әйтпесе ары мен тазалығын ойласа, сотқа келіп жауап берсе, не кедергі? Серікболсын Әбділдин «Әбіқаев Назарбаевқа жай ғана көмекші емес, туыстық жағынан да жақын адам, қалай болғанда да оны сатпайтын адамдардың бірі» деп санайды екен. Осындай жақындықтан болар, елшілікке «қуылып» кеткен Н.Әбіқаев көп ұзамай ұлттық қауіпсіздік комитетіне қайта келді (2010-2015 жылдар). 2012 жылы ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы да қарабет болды. «Арқанкерген» постында 12 шекарашы мен бір орманшы төтенше оқиғадан, қанды қырғыннан қаза тапты. Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының сол кездегі директоры Болат Сұлтанов ақпарат агенттері арқылы «Арқанкергендегі» оқиға – ведомствоаралық кикілжіңнің нәтижесі» деген пікір таратты. ҰҚК төрағасы болып тұрған Нұртай Әбіқаев «Арқанкергендегі» қанды оқиғаны моральдық тұрғыдан жауапкершілігіне, мойнына алып қызметінен де кетпеді. Көпшіліктің сынын құлағына да ілмеді. Соңғы екі жылдан бері сенатор болып, халық есебінен айлық алған Н.Әбіқаевтың әу деп жұрттың жайын айтқан дауысы да естілмеді.
Ашық ақпарат көздеріндегі Н.Әбіқаевтың мемлекеттік қызметтегі жолы мен болмысы қысқаша қайырғанда осылайша көрінеді. Ресми басылымдар оның гольф ойынына құмар екенін, осы ойыннан философиялық мән іздейтінін тамсана жазады. Одан басқа айтарға сөз таппаса, «президенттің сенімді серігі» деп шиырып мақтайды. Бұл ойлармен келіспеске амал жоқ. Сенімді серік болмаса, әскери ұшақты заңсыз сату дауынан кейін-ақ мемлекеттік қызметпен мәңгілік қоштасар еді ғой. «Жарты Құдайдың» дәл қазір мемлекеттік қызметтен кетуіне кәрілік мәжбүр еткендей. Ендігі кезек «ескі гвардияның» сенімді серіктерінде.

Жасұлан АҚКЕР
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті