1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №60 (16246)   1 тамыз, сейсенбі 2017
1 тамыз 2017
Stratfor: Қош бол, Ресей!

РЕСЕЙ ҚАЛАЙ БӨЛШЕКТЕНЕДІ?
Америкалық Stratfor компаниясы 2015-2025 жылдарға арналған геосаяси болжамын жария етті. Болжамда Орталық Азия және Қазақстан туралы айтылмайды. Есесіне Қазақстанмен іргелес екі ірі мемлекет – Ресей мен Қытай туралы әрқайсысына жеке-жеке тоқталыпты. Сонымен, Stratfor болжамына сенсек, алдағы 10 жылда Ресей бөлшектенеді.

Ыдыраудың басты себептері экспортқа тәуелділік, құбылмалы мұнай бағасы және құлдыраған демография болмақ көрінеді. Әуелгі екі себеп ресми Мәскеудің федерация аумағындағы мемлекеттік аппаратты ұстап тұруын қиындатып, Кремльдің күшін әлсіретеді. Себебі экспорттан түсетін қаражат Мәскеу арқылы аймақтарға бөлінеді. Бұл бөліністің өзі әрқилы: біреуге көп, біреуге аз. Экономикалық қиындықтар тереңдеген сайын Кремльдің шөміші де тарыла түседі, ал ол орталық биліктің әлсіреуіне әкелуі әбден мүмкін. «Ортақ қазаннан алатын үлесі азайған аймақтар орталықтан қайыр болмайтынына көзі жеткен сайын өз күндерін өздері көру үшін ресми және бейресми автономияларға бөлінуге талпына бастайды» дейді Stratfor. Ресейге қатысты болжам мұнымен тұйықталмайды. Кремльдің күш-қуаты қайтып, алып аумақты алып жатқан федерацияны бір орталықтан басқару құрылымы бірте-бірте әлсіреген сайын Ресей іштей бөлшектеніп, бөлінеді. Мәселен, ресми Мәскеу уақыт өте келе Солтүстік Қапқазды бақылауға шамасы келмей қалады. Оның үстіне Қиыр Шығыс өз алдына дербес саясат ұстанып, Кремльмен емес, Жапония, АҚШ-пен байланыс орната бастайды. Stratfor «Ресейдің басына осындай алмағайып заман орнағанда Орталық Азия да тұрақсыздыққа ұшырайды» дейді. Демек, Ресейдің бөлшектенуі Қазақстанды да айналып өтпейді деген сөз. Айналып өтпегені былай тұрсын, экономикаға үлкен әсері тиіп, ел ішіндегі қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа апаруы да ғажап емес. Ал оның алдын алу үшін Қазақстан өзінің саяси бағытын көпвекторлық пен бұлыңғырлықтан арылтып, нақты әрі ашық бағытты стратегия түзуі керек болады. Болашақта Ресей ыдырай қалса, бүгінгі солқылдық саяси бағыт геосаясаттағы ірі ауқымдағы өзгерістерге төтеп бере алмауы мүмкін.
Ресейдің бөлшектенуі өзге елдердің тарихи есесін қайтаруға да жол ашатындай. Мәселен, Польша Еуропадағы қозғаушы күшке айналып, бір кездері орыс басқыншылығы салдарынан Ресейге өтіп кеткен аймақтарын даулайтын көрінеді. Тарихи жер дауына Польшамен бірге, Румыния, Венгрия да араласады. Егер бұл болжам расқа айналып, жағдай солай өріс алып жатса, Қазақстан да қарап қалмас...
Ресейдің бөлшектенуі хақындағы болжамның қауіпті тұстары бар. Ол қауіп – ядролық арсенал. Федерация аумағында шашырай орналасқан орасан зор ядролық арсенал елдің бөлшектенуі кезінде халықаралық қауымдастықтың зәресін алып, мазасын қашыратын ең үлкен өткір мәселеге айналады-мыс. Stratfor бұл қауіппен күрескер ретінде АҚШ-ты көрсетіпті.
Stratfor болжамына қарағанда, алдағы 10 жылдың көлемінде Қытай өзінің ішкі әлеуметтік-экономикалық мәселелерінен артыла алмайтын сықылды. Бұл ел еңбек күші арзан, экономикасы қуатты ел дейтін атағынан ептеп айырылып, саяси және әлеуметтік қарсылықтар бас көтеретін көрінеді.
Екі жақтағы екі үлкен көрші мемлекет болжамдағыдай күйге түссе, одан туындайтын қиындықтар бізге де тікелей әсер етері сөзсіз. Қытай Қазақстан үшін үлкен нарық болып есептеледі. Алайда ол нарыққа әлі толық кіре алған жоқ. Оған елдің экономикалық қуаты жетпейді. Оның үстіне Қытайдан алған қарыз көлемі де аз емес. Күні ертең Қытай қысылғанда қарыз сұраса, қызықтың көкесі сонда болады. Өйткені экономикасы мұнайға тәуелді, өндірісі дамымаған Қазақстанның алдағы 10 жылда қарыз қайтаратындай жағдайы бола қалуы неғайбыл. Мұнайдың бағасы болса құбылмалы қалпынан әзір танбайтын сияқты. Ол аз десеңіз, Stratfor Ресейді бөлшектейтін фактордың бірі – мұнайдың айнымалы бағасы деп көрсетеді. Демек, мұнайға сенген Қазақстанның жағдайы адам қызығарлық болмайтындай. Әрине, бұл тек болжам ғана. Бірақ көк базардағы құмалақшының емес, америкалық барлау-сараптамамен айналысатын жекеменшік компанияның болжамы. Бұл компанияның сараптамаларын АҚШ-тан бастап, көптеген елдер назарына алып, саяси бағыттарына толықтырулар мен өзгертулер енгізіп отырады. «Жаман айтпай – жақсы жоқ» дегендей, біздің билікте мұндай сараптама болжамдар төңірегінде арагідік ойланып тұрса артық болмайды-ау.

ҚАЗАҚСТАН: ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ
Америкалық Stratfor компаниясының 2015-2025 жылдарға жасаған геосаяси болжамының Ресейге арналған бөлігін оқығаннан кейін «сонда біз Ресеймен қалай қоштасар екенбіз?» деген сауал ойыма орала берді. Мұндай сұрақтың шығу тегі бар: Совет Одағы 1991 жылы 8 желтоқсанда күйреді. Одақтас елдердің бәрі тәуелсіздігін жариялады. Күйреген Совет Одағының үйіндісінің үстінде жалғыз Қазақстан ғана қалды. Сол үйіндіде қираған Совет өкіметінің шырақшысындай болып тағы да сегіз күн отырды. Ақыры Совет Одағының «тірілмейтініне» әбден көзі жетіп, көңілі суып, «жетісін» өткізіп, 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялады. Сөйтіп, Совет Одағымен қимай-қимай әрең қоштасып еді. Егер Stratfor-дың болжамы расқа айналып, Ресей бөлшектенсе, Қазақстан көз алдында күйрейтін Кремльмен қалай қоштасар екен деген сауалдың ойды қытықтайтыны содан. Алдағы 10 жылда біз де өзгерерміз, қимай емес, қуана қоштасатын билік болады деп көңіл жұбатуға болар еді. Бірақ өзгерістің ауылы көз ұшыңда тұрмаған соң көңілің сенбейді.

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті