1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16247) 3 тамыз, бейсенбі 2017
3 тамыз 2017
Президенттік билікке кімдер таласпақ...

Қазанның 15-інде өтетін Қырғызстандағы президенттік сайлауға үміткер болуға 59 адам өтініш тапсырды. Осы елдің орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, саяси партиялар атынан президенттікке 11 адам, өзін-өзі ұсынғандар саны 48 адам болған. Үміткерлерді іріктеу, яғни талап пен шарттан өткен кандидаттардың тізімі 10 қыркүйекте анықталмақ. Сөйтіп, көршіміз бесінші президентін сайлауға білек сыбана кіріспек. Сарапшылар бұл додада кімнің жеңіске жетерін қазірден болжауға жүрексініп тұрғандай. Себебі сайлау ашық, бәсеке мықты, тартыс сұмдық. Ал бізде...
Бізде Назарбаевтың президенттік өкілеттілігінің мерзімі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады. Осы кезде үштаған (отбасы, олигархтар, айналасы) «бастаған саяси реформаны түбіне дейін жеткізбедіңіз», «халық әлі жаңғырып болған жоқ, бір мерзім және отырыңыз» деп үлкен кісіні жібермей қоймаса, Н.Назарбаев сайлауға түспеуі мүмкін. Ғайыптан тайып сондай күн туа қалса, президенттік билікке кімдер таласпақ? Бұл сұраққа келгенде қырғыздарды шаңға көміп, жорға жүріспен-ақ оқ бойы озып кететін шамамыз бар. Енді-ші, Алатаудың арғы бетіндегі ағайын екі айдан кейін сайланатын президенттерін әлі танымай отыр. Оның қасында біз екі жылдан соң болуы тиіс сайлаудағы кандидаттарды қазірден түстеп айта аламыз. Сонымен, жуырда ғана қол қойылған сайлау заңы бо­йынша, халық арасында беделі зор Мұхтар Шаханов президенттік сайлауда үміткер ретінде де тіркеле алмайды. Себебі халық ақыны, тіл жанашыры бес жыл мемлекеттік қызметте (мемқызмет) істемеген. Әрине, М.Шахановтың депутат болған кездері бар. Бірақ заңның мың қатпарына бұл уәжді салып жіберсеңіз, депутаттық мемқызметке саналмай қалады. Шахановта жоқ мемқызмет өтілі 1990 жылдардың ортасынан бері оппозицияда жүрген, көпшіліктің алдында екі тілде шешен сөйлейтін, пікірсайыстарда ысылған саясаткер Әміржан Қосановта бар. Бірақ оның өзі де президенттік сайлауға қатыса алмайды. Себебі үміткерді республикалық деңгейдегі қоғамдық ұйым не саяси партия ұсынуы міндет. Ә.Қосановта мұның екеуі де жоқ. Аса ықпалды байлардың қатарындағы Райымбек Баталов, Нұрлан Смағұлов, Бауыржан Оспанов сияқты ірі бизнесмендер де АҚШ-тағы Д.Трамп сияқты президенттік сайлауда бақтарын сынай алмайды. Себебі, жоғарыда айтқандай, оларда не мемқызмет өтілі, не ұсынатын саяси партиялары жоқ. Сонда сайлауға кім түспек?
Жаңа заңның талабы оппозиция ауылындағы Жармахан Тұяқбайдың оң жамбасына келеді. Үкілеп ұсынатын партиясы (ЖСДП), көзір ғып көрсететін мемқызмет өтілі бар. Әрине, дәрігерлер «денсаулығы мемлекет басқаруға келмейді» демесе, Ж.Тұяқбайға үміткер ретінде тіркелуге еш кедергі жоқ. Бірақ жетпіске жеткен саясаткер «Жас Алашқа» жуырда берген сұхбатында жастарға орнын босатқысы келетінін айтқан еді. Яғни Қазақстанды әділ басқарсам деген 12 жыл бұрынғы жалын мен жігер жоқ.
Көпшілік келесі президент ретінде Иманғали Тасмағамбетовті көргісі келеді. Бірақ ол кісінің нән сайлауға түсуіне бір кедергі бар сияқты. Мәселен, жыл басында сенатта өткен жиынның бірінде әділет министрі Марат Бекетаев: «Қазақстанда тұрмайтын елшілердің президенттікке үміткер болуға құқығы жоқ. Себебі конституциялық заң талабы бойынша президенттікке үміткер Қазақстанда тұруы керек. Ал елшілер Қазақстанда тұрмайды. Сондықтан олар үміткер болуы мүмкін емес», – деген еді. Яғни сан жылдардан бері президенттік тақтан қарға адым жерде жүрген Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елшілікке кеткелі екінші елбасы атану мүмкіндігіне алдағы 10 жылға нүкте қойғандай. Дегенмен біздегі заңдар құбылмалы ғой, Ақорданың ішкі ойындарында И.Тасмағамбетовтің айы аяқастынан оңынан туып кетсе, конституциялық кеңес «елшілер де сайлауға қатыса алады. Себебі Қазақстан елшілігі орналасқан жер де Қазақстанның аумағы» деп тәпсірлей салуы әбден мүмкін. Демек, алдағы президенттік сайлауда үміткер болып тіркелуге И.Тасмағамбетовте болмашы ғана үміт, 0,1 пайыз сәттілік бар. Президенттің үлкен күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың сайлауға түсудегі мүмкіндігі И.Тасмағамбетовтікі сияқты тамшыдай ғана. Егер «Самұрық-Қазына» қорын басқарғаны мемқызметке жататын болса, онда жолы ашық. Жатпаса, жаңа заң тәртібімен ол президенттік сайлауға түсе алмайды. Т.Құлыбаевтың әйелі, президенттің ортаншы қызы Динара Назарбаеваның сайлауға түсу мүмкіндігі де күйеуінікі сияқты шектеулі. Президенттің немере інісі Қ.Сатыбалды, жиендері Айсұлтан, Нұрәлінің жағдайлары да осындай. Отбасы мүшелері ішінен президенттік сайлауға қатысуға сенатор Дариға Назарбаева мен ҰҚК-де қызмет істейтін президенттің немере інісі Самат Әбіштің мүмкіндіктері өте мол. Ал айналасындағыларын түгендесек, жаңа заңның талаптары сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҰҚК жетекшісі, президенттің мәңгілік көмекшісі Кәрім Мәсімов, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, «Самұрық-Қазына» басшысы Өмірзақ Шөкеевтерге құйып қойғандай. Көріп отырсыздар, жуырда ғана қабылданған сайлау заңының шарттарына қарап-ақ келесі президенттің сұлбасын елестете беруге болады. Қырғыз ағайындар сияқты 59 үміткерге үңіліп бас ауыртпаймыз.
Айтпақшы, сайлау заңының осы көктемде ойда-жоқта осылайша өзгере қалғанына қарап-ақ президенттік сайлау 2020 жылы емес, 2018-де өтуі мүмкін деп болжам жасауға да болады. Неге десеңіз, келесі жылы Ресейде президенттік сайлау. Кремльдің біздің ішкі мәселемізге қарайтын шамасы жоқ кезде қарбаласа сайлау өткізіп жіберу саяси элитаға тиімді. Мәселенің екінші жағы, АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы жақын арада түзелмейтін болды. АҚШ салған жаңа санкциялар орыстардың экономикасына қосымша ауыр соққы. Оның салқыны бізге де келіп үлгерді. Теңге құнын жоғалтты. Бюджет түбі тесілуге жақын. Билік құшағын айқара ашып, сағына күтіп отырған қытай кәсіпкерлері 2-3 жылда экономиканы өрлетіп үлгермейді (тіпті бұл инвесторлардың түпкі мақсаты экспансия емес, Қазақстан экономикасын гүлдендіру дегенге сене қою қиын). Сан жылдардан бері майшелпек жегізген мұнайдан күдер үзілді. Сайлаушыларға бұрынғыдай 30 пайыз жалақыны шашудай шашып жіберетін қор жоқ. Демек, халық «рухани жаңғыруға» алданып, ЭКСПО-ның дүбіріне малданып бітер сәтте, келер жылдың көктемінде кезектен тыс сайлау өткізе салу билік үшін тиімді-ақ. Ондай сайлау өткізу билік үшін түк қиын емес. Мәселе біреу ғана – бұл жолы бас кандидаттың аты өзгере ме?
 

Руслан ЕРБОТА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті