1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
10 тамыз 2017
Бір қадам алға, екі қадам артқа...

Тамыздың 9-ы күні құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесі жөнінде Ақордада жиын өтті. Шенділердің ығайлары мен сығайлары қатысқан бұл жиында не айтылғаны бізге белгісіз. Шағын ғана баспасөз хабарламасына сенсек, Н.Назарбаев «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру кезінде заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударыпты және осы бағытта дайындық жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін айтыпты.
Осы жиыннан бір күн бұрын ішкі істер органдары қызметін жетілдіруге қатысты заң жобасын қоғамдық ашық талқылау аяқталған-ды. Ашық талқылау айдары тағылғанымен, осы заң жобасы ілінген интернет сайттарына жазылған ұсыныс пен тілекті байқамадық. Ал жобаны өзіне ыңғайлап жазған атқарушы биліктің дегеніне сенсек, ішкі істер саласы «100 нақты қадам» аясында күрделі реформаға түскелі тұр. «100 нақты қадамның» полиция органдары еншілеген 30-қадамын қарай отырып, заң жобасынан кері кетірмесе, алға сүйремейтін бастамаларды байқадық. Мәселен, заң жобасы парламентте осы күйінше қабылданса (оған күмәніміз кем), алдағы уақытта облыстық ішкі істер департаментінің басшыларын әкім тағайындамақ. Екі жылдан бері «бөлініп шыққан» жергілікті полиция қызметінің басшыларын аудандық мәслихат келісімімен облыс әкімі тағайындайтынын айта кетейік. Ішкі істер министрлігі осы жүйені енді одан әрі дамытып, Алматы, Астана қалаларының, облыстық ішкі істер департаменттерінің (жобада жергілікті полиция) жетекшілерін қалалық, облыстық мәслихаттың келісімінсіз, министр ұсынған үміткерді әкімге тағайындатпақ. Бір қарағанда ішкі істер министрлігі осындай амал мен қадам арқылы жергілікті жердегі шалалық пен былықтарды, кемшіліктерді әкімдікке ысырып тастайтындай көрінеді. Екінші жағынан алып қарағанда әкімге де айтқанынан шықпайтын, өзіне, айналасындағыларға қылмыстық іс ашпайтын (өзін тағайындаған адамға кім қарсы шықсын?), жетекке еретін полиция басшысы қажет емес пе?! Полицейлерге де тиімді сияқты. Жаңа қызмет генерал шеніне жетуге керемет мүмкіндік қой. Дегенмен орталықтан басқаруды азайтып, қызметімізге жергілікті халықтың бақылауын күшейтеміз деп заң жобасын түзеген министрлік бір саусағын ішке бүгіп қалғандай.
Неге десеңіз, облыс әкімі тағайындаған жергілікті полиция басшысының қызметтен кетуі (денсаулығы мен өз еркімен кетісін есептемегенде) тікелей Астанадағы ішкі істер министрлігіне тәуелді. Яғни ІІМ-де өткен кез келген жиын немесе министрдің көңіл күйі жергілікті полиция басшысын қызметінен ұшырып түсіреді. Облыс әкімі өзі тағайындаған полиция басшысына араша түсе алмайды. Сонда жергілікті полиция басшысы, біріншіден, өзін тағайындаған облыс әкіміне «қарыздар» болып, екіншіден, қызметінен кез келген сәтте алып тастайтын ішкі істер министрлігіне «парыз» болып қызмет етпек. Сонда «100 нақты қадамның» түпкі мақсаты мемқызмет халықтың бақылауында болуы керек деген келелі, қажетті мәселе қайда қалады? Айтпақшы, айып етпеңіз, заң жобасында әкім тағайындайтын, министр қызметінен алып тастайтын полиция басшысына жылына бір мәрте халыққа есеп беру міндеттелген. Мұнысына да рақмет. Әйтпесе ішкі істер департаментінің қазіргі басшылары халыққа есеп беру дегенді құлақтарына да ілмейді ғой. Мәселен, Алматыдағы Әуезов аудандық ІІБ экс-басшысы Бақыт Қасабековтің күдікке алынып, қамауға түскеніне екі ай өтті. Ресми мәліметтерге қарағанда, полиция басшысы ұйымдасқан қылмыстық топ (!) құрған. Содан бері Алматы қалалық ІІБ басшысы елдің алдына шығып есеп те бермеді. Халықтың алаң көңілін орнына да түсірмеді. Егер полиция басшысының өзі қылмыстық топ құрса, қоғамдық тәртіпті, халық тыныштығын кім күзетеді? Сірә, полиция басшылары үшін араларынан қылмыстық топ жетекшілерінің шығуы, сондай күдікке ілінуі қалыпты, үйреншікті жағдай сияқты. Әйтпесе бұл нағыз төтенше жағдай емес пе?! Түтіні түзу өркениетті елдерде мұндай жағдайда басшылары погондарын шешіп, өз еріктерімен қызметтен кетеді. Жай кетпейді, жұрт алдында мың мәрте бас иіп кешірім сұрап кетеді. Ал бізде кешірім сұрамақ түгіл, есеп беруге де шықпайды. Құдды бір полицияның емес, қылмыстық топтың басшылары сияқты. Міз бақпайды.
Астанада өткен жиында президент: «Біз бүгін қылмыстық қудалау жүйесін жаңғыртудың базалық бағыттарын жетілдіру жөніндегі мәселені қарастырып отырмыз. Солардың қатарында, қылмыс процесінде азаматтарды қорғау деңгейін арттыру, тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру, қылмыс процесіндегі жарыспалылық, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейту, қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары арасындағы өкілеттіктердің қайталануын болдырмау және оларды нақты бөлу», – депті. Президент дұрыс айтады. Бірақ халық алдына есеп беруге зорлықпен шығатын (онда да шыға қойса) полицейлерден президент айтқан осы міндеттерді күтуге бола ма? Біздіңше, бұл аңқаулық һәм ақымақтық сияқты. Полицияның міндеті – халыққа қызмет ету. Ол үшін полицияны және жергілікті әкімді халық өзі сайлауы тиіс. Президентін сайлаған сияқты. Сонда ғана әкім мен полицейлер халыққа бағынышты болып, 100 қадам алға жылжимыз. Ал қазіргі жаңғыруымызбен екі қадам алға, оның біреуін артқа басып, айналшықтап бір орында жүре бермекпіз.

Жасұлан АҚКЕР
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Тоқтар | 12 тамыз 2017 17:35
Мына билiк түбегейлi құрымай полицияда бiлгенiн жасай бередi.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті