1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
10 тамыз 2017
Үшінші соққыны Сағынтаев жасады

Үкімет үйіне есеп беруге келген шенеуніктер баяндама оқығанда тау қопарып, тас жарады. Қаптаған цифрлар мен бағдарламалар, қым-қиғаш тірліктердің көптігінен тыңдап отырғандар түгіл, баяндамашының өзі шатасады. Иә, басқа – басқа, біздің басшылар есеп беруді қатырады. Дегенмен де ауыздарымен орақ орып, шаруаны қағаз жүзінде атқарып тастаған осынау шенеуніктердің айтқандары қаншалықты шындық деп ойлайсыз...
Соңғы кездері ауыл шаруашылығы министрлігі жаттығу залындағы бокс «мешогына» айналып кеткендей... Мықтылардың бәрі өтіп бара жатып міндетті түрде бір-екі «ұрып», «теуіп» кетеді. Әйтеуір, осы министрлік соңғы кездері ауыр сыннан көз ашпады. Ең алдымен сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке «Сенімді ақтамай отырсыз, Асқар Исабекұлы! Ауыл шаруашылығының маманысыз, сізге сенім артып өкілет берді, премьер-министрдің орынбасары. Шешім қабылдаңыз, алға жылжуымыз керек. Бағдарламаны кез келген адам құр жазып қоя алады. Қиын болып па? Нақты қадамдар керек» деп зілденген болатын.
Одан бір топ депутат ауыл шаруашылығы саласының кемшілігін ашық сынға алған жиында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» холдингіне бөлінген қаржының 80 пайызы игерілмей қалғанын тілге тиек ете келіп, «Міне, сіздің жұмысыңыздың нәтижесі...» деп, Мырзахметовті тағы бір түйреп өтті.
Енді, міне, ауыл шаруашылығы саласына кезекті соққыны премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзі жасады. Яғни осы аптадағы үкімет жиынында Бақытжан Әбдірұлы ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановты біраз састырып тастады. Әрине, көптеген ақпарат құралдары баяндама жасап біткен Айтуғановтың премьер-министрдің сұрағын күтпестен орнына жайғаса кеткенін айыптап жазып жатты. Бұл, әрине, ептеп ыңғайсыздық тудырғаны анық. Кейбірі күліп те алды. Осыдан кейін елдің назары Сағынтаев айтқан сыннан гөрі Айтуғановтың залды «қыдырып жүргеніне» көбірек ауып кеткен сияқты.
Бірақ Айтуғанов үкімет үйінде тұра ма, жүре ме – мәселе онда емес. Мәселе ауыл шаруашылығы саласының адам күлетіндей жағдайының болыңқырамай тұрғандығында болса керек. Бақытжан Сағынтаев қандай мәселеге көңіл аударды? Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несиелеуді, шағын қаржылық ұйымдар мен кредиттік серіктестер бөлетін шағын несиелерді кепілдендіруді жүзеге асырады. Бұл мақсатқа бюджеттен 27 млрд теңге бөлінген. Оның 11 млрд теңгесі Аграрлық кредиттік корпорация арқылы жүзеге асырылады.
– Бүгінгі күні Аграрлық кредиттік корпорация бөлінген 11 млрд теңгенің 5,2 млрд теңгесін немесе 45 пайызын игерді. Қаржыны игерудегі ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысында – 86, Павлодар облысында 84 пайызды құрайды. Бес облыста ғана 60 пайыздан асады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бұл қаржының небәрі 15 пайызы ғана игерілсе, Маңғыстау облысы игеруді бастаған да жоқ. Неге? – деп үкімет жетекшісі мәселені төтесінен қойды.
Әрине, Айтуғанов ақталып-ақ бақты:
– Біз мән-жайды анықтадық. Маңғыстауда Аграрлық кредиттік корпорацияның филиалы жоқ. Сондықтан Атыраудан несиелендіріледі. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз... Шығыста да қаржыны игеруде проблема болған еді. Біз директоры мен орынбасарларын ауыстырдық. Ол жақта менеджмент нашар жұмыс істеген. Қызметкерлеріміз де жұмысты нашар істеді. Біз оларды қызметтен босаттық. Ақмолада проблема болмайды деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстан облысында да проблема бар. Қазіргі уақытта Аграрлық кредиттік корпорацияның жаңа директоры жұмыс істеуде...
Жалпы, қаржы игеру ауыл шаруашылығы министрлігі үшін үлкен бас ауруға айналғалы қашан... Ауыл-аймаққа барсаң, несие ала алмай жүрген шаруа көп. Министрлік, керісінше, бар қаржыны жарата алмай әлек. Осы салаға айтылған сындардың барлығы дерлік сол қаржыны жұмсай алмаудан шығып отыр. Осылайша министрлік кадр ауыстырып, жұмысты жандандырамыз деп жүргенде, міне, уақыт жылдың ортасынан ауып кетті.
– Демек, біз талап ететін көлемде өз міндетін орындай алмайтын кадрлар іріктеп алынған. Кім көрінгенді жұмысқа аласыздар... Бұл дұрыс емес, – деп, Сағынтаев бұл саладағы кадр іріктеу мәселесіне көңілі толмайтынын жасыра алмады.
Айтпақшы, осы аптада ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы кооперациясы департаменті директорының орынбасары Нұрболат Мақашев жыл басынан бастап елімізде 517 ауылшаруашылық кооперативі құрылғанын қуанышпен жеткізді. Бұл 2017 жылы 467 кооператив құрамыз деген ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарынан да асып түсті. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Дегенмен осынау ақпардың қаншалықты ақиқат екені әлі де күмән тудыратын сияқты.
Өйткені осыдан жарты жыл бұрын ғана облыс әкімдіктері құрылған ауылшаруашылық кооперативтерінің саны бойынша жалған ақпарат беретіні мәлім болған еді. Сол кезде құрылған 157 кооперативтің төрттен бір бөлігі жалған болып шыққан. Енді, міне, жұмыс істеп тұрған кооперативтердің экономикасы туралы ақпараттың жоқтығы да осы күдігімізді қалыңдата түскендей... Яғни құрылған кооперативтер туралы нақты цифрлар бар да, олардың табысы мен жұмысының нәтижесі туралы нақты ақпараттар жоқ. Жылдың аяғында болатын көрінеді. Бұл уәжге сенуге бола ма?
Ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаржылардың тиімсіз жұмсалып жатқанын көргенде бұл саланы қадағалап, жетекшілік жасап отырған басшылардың бар екеніне кейде күмән келтіресің. 2017-2021 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін дамыту (АӨК) бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 2,4 трлн теңге қарастырылған. Оның 359,7 млрд теңгесі биыл игерілуі керек. Мұның алдындағы 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес–2020» бағдарламасының тиімді екеніне күмән келтірушілер көбейіп, қаптаған сынның астында қалған болатын. Сөйтіп, өткен жылдың қыркүйек айында премьер-министр Б.Сағынтаев осы бағдарламаны қайта сараптап көруді тапсырып, тексерудің нәтижесінде 100 млрд теңгеден астам қаржының дұрыс жұмсалмағаны анықталды. Яғни бұл бағдарламаның бірінші кезеңінің 74 пайызы өз мақсатына жетпеген. Атқарылуы тиіс іс-шаралардың 49 пайыздан астамы орындалмаған немесе өз мерзімінен кешігіп орындалған. Сөйтіп, жаңа бағдарлама пайда болды.
Сол кезде есеп комитеті бұрынғы бағдарлама бойынша атқарылуы тиіс іс-шаралар мен көрсеткіштердің дұрыс жоспарланбауы, ақпараттық және кеңес беру жұмыстарының өте нашар жүруі, сондай-ақ субсидия алудың қиындығы осындай жағдайға жеткізді деген қорытынды шығарған еді.
Енді қараңыз, жыл ортасынан ауды. Бұл саланы қаржы игерілмеу мәселесі әлі алқымнан алып тұр. Кез келген шаруадан сұрасаңыз, субсидия алудың қиындығын зар илеп айтып береді. Ендеше, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бағдарлама бойынша жіберілген өткен кемшіліктердің тағы қайталанбасына кім кепіл? Біздің басшылар өткеннен қашан сабақ алар екен?

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Төре | 13 тамыз 2017 22:34
Алматы обылысы Ұйғыр ауданындағы миллиардтаған теңгеге салынған құс фабрикасы неге бірнеше жылдан бері жұмыс істемей тұр, министр мырза?
Ореке | 15 тамыз 2017 17:19
Төреге жауап; Құстар жылы жаққа ұшып кеткен. Министр...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті