1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16255)   31 тамыз, бейсенбі 2017
31 тамыз 2017
Төртеу түгел болды...

ТӨБЕДЕН НЕ КҮТЕМІЗ?
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың «құбыласы» түгенделіп, орынбасарларының саны төртке жетті. Тамыздың 29-ы күні вице-премьерлікке тағайындалған Ерболат Досаевтың 2006 жылы Шымкентте 220 сәбиге ВИЧ инфекциясы жұғуынан денсаулық сақтау министрлігінен босатылғанымен, қаржы министрі болып жүргенінде оралмандарға азаматтық алуды қиындатқан заң жобасын дайындауымен және былтырғы жер дауында «халықпен жұмыс істей алмағаны үшін» қаржы министрлігінен қуылғанымен ел есінде қалғанын газетіміздің өткен санында, ол вице-премьерлікке тағайындалмас бұрын («Сағынтаев Досаевты сағынып отыр ма?», «Жас Алаш», 29 тамыз) жазған едік.

Үкімет құрамына осымен үшінші мәрте қайта оралған, экономикаға жауапты Е.Досаевқа бұл жолы сөз шығындамай, қазақ үкіметінің ендігі идеологиясын түзейтін вице-премьер Асқар Жұмағалиевтің жайына қысқаша тоқталсақ. Жалпы, Асқар Жұмағалиев десе, жалпақ жұрт оны жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің үлкен күйеубаласы деп біледі. Қырық бестің қырқасына енді шыққан Асқар Жұмағалиев, әйтеуір, басшылық қызметке ерте араласып, бұған дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясын басқарып, байланыс және ақпарат министрі, инвестиция және даму министрінің орынбасары болып қызмет етіп үлгерген. Асқар Жұмағалиевтің байланыс және ақпарат министрлігін басқарған кезеңін телеарна журналистері оңаша әңгімеде күрсіне еске алады. Себебі аутсорсинг жүйесі, яғни телеарна өнімдерін келісімшарт негізінде басқаларға жасату үрдісін А.Жұмағалиев бастаған болатын. Бірақ оның бұл бастамасы телеарна өнімдерінің сапасын жақсартуға әсер етпегендей. Қайта, керісінше, оны одан әрі құлдыратып, аутсорсинг амалы мемлекет ақшасын оңай жолмен қарпыған жемқорлықты еселеп күшейтіп жіберді.
Жалпы, Е.Досаев пен А.Жұмағалиевтің үкімет құрамына қайта оралуы, яғни премьер-министр орынбасарларының көбеюі атқарушы билік қызметіндегі жүйесіздіктің әлі де шешілмегенін көрсеткендей. Мәселен, ақпан айында өткізген жиынында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: «Министрлер бір-бірімен әңгімелесуге ерініп, үкіметтен вице-премьер немесе премьер деңгейінде жиналыс өткізуді сұрайды. Бұлай болмайды. Оның үстіне енді бізде екі ғана вице-премьер қалды. Сіздердің мәселелеріңізбен айналысатын адам жоқ, өзіміздікі жеткілікті», – деп министрлерге айрықша тапсырма берген еді. Ал осының алдында ғана әлеуметтік салаға жауапты вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовті Ресейге елшілікке жіберген президент: «Премьер-министр орынбасарының аз болғаны жөн. Министрлер өз шаруасын бітіру керек. Ешкімге сілтемей, ешкімге сүйенбей. Берген мәселені шешіп, өздері жауап беруі керек», – деген-ді. Енді, міне, жарты жыл өтпей жатып премьер-министр орынбасарларының саны төртке бір-ақ жеткені оларды екіге дейін қысқарту жөн болмағанын, осы аралықта «министрлер өз шаруасын бітірмегені», «министрлер бір-бірімен әңгімелесуге ерініп, үкіметтен вице-премьер немесе премьер деңгейінде жиналыс өткізуді сұрай бергені» білініп қалған сияқты. Негізі, үкімет құрамының мың құбылып өзгеріп тұратыны жаңалық та емес. 2014 жылдың тамыз айында президент: «17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет және 272 департаменттің орнына үкіметтің 12 министрлік, 30 шақты комитеттен тұратын жаңа құрылымы жайлы шешім қабылдадым. Тоғыз агенттік министрліктердің құрамына комитет ретінде кіреді», – дей келе, «ықшамдалған үкімет енді жақсы жұмыс істейді» деген еді. Бірақ үш жыл бұрын 17 министрліктен 12-ге дейін қысқарған ықшам үкіметтің министрліктері осы күнге дейін толағайдай өсіп, 16-ға жетіп алды. Ал енді қисынға салсақ, ықшамдалған үкімет жұмысын жақсы істеген болса, қысқарған министрліктер қайтадан ашылмас еді. Ал ықшамдалмаған үкіметтің ісі сүрінбеген болса, онда оның құрамы қысқармайтын еді ғой. Демек, министрліктер санын бір айда азайтып, келесі айда оны көбейткеннен айтарлықтай пайда болмағаны анық. Енді, міне, премьер-министрдің жыл басында азайған орынбасарлары қайтадан көбейді. Қарасы көбейген шенділерден қарапайым халыққа қайыр бола ма? «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деуші еді. Сағынтаевтың төрт «нояны» бір-бірімен әңгімелесуден ерінетін министрлермен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», халық қамы, мемлекет мүддесі, ұлттың ұпайы үшін қызмет ете ала ма? Жауабы қиын басты сұрақ – осы.

Жасұлан АҚКЕР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 5 қыркүйек 2017 13:13
Бізде шынымен ЕЛ үшін, ҚАЗАҚ үшін жұмыс істей алатын министрлік, министр, құрып кетсін ЕҢ БОЛМАСА АДАМ, АЗАМАТ бар ма? "Телебезерден" көретініміз "Н" төрде қазақша "қақалып", орысшасы опыр-топыр "я сказал", "я показал", я направил", "я решил" т.с.с. "Я" дан аспайтын, бірақ ешқандай пайда бермес жиылыстар, соның аузына жанарсыз "өлік" көзбен қарайтын, "әйтеуір өзім, бала-шағамның болашағы үшін үндемей отыра берейін" дейтін сүмелек-бишара- тоғышарлар...Бұл Қазақстанның стратегиялық..т.с.с.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті