1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
3 қазан 2017
Семей Лениннен әрең құтылды

Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген ширек ғасырда ширақтық танытпаған Семей қалалық мәслихат депутаттары орталық көшені иемденіп келген Ленин атауын қыркүйектің соңында тарих қойнауына жіберді. Қазақ баспасөзі, оның ішінде «Жас Алаш» газеті («Алаш астанасында Ленин «тірі» тұр», 10. 03. 2017, «Семейдегі Ленин көшесі қашан құлайды?», 16. 03. 2017 ж. «Әлихан әлі жоқ, Ленин сол күйі тұр», 09. 06. 2017 ж. т.б) күн тәртібінен түсірмеген, ұлт зиялылары асыға күткен тарихи күн қарама-қарсы пікірталасымен есте қалды. Қалалық мәслихат депутаттарының күн тәртібіне қойған екі мәселесі – Ленин көшесін «Мәңгілік ел көшесі» деп жаңалау және ел аузында Түйемойнақ атанып кеткен Ертіс өзенінің ортасындағы аралға «Бейбітшілік» атауын беріп, ресми мақұлдатудың жайы көкпар тартқаннан кем болған жоқ. Осы жерде астын сызып тұрып айтатын бір мәселе – қазақ баспасөзі мен зиялы қауымы қаланың орталық көшесіне Әлихан Бөкейханның аты лайық деп келген еді. Бұл пікірдің тарихи жөні, заңдылық реті де бар. Оның мәнін қысқа ғана қайырсақ, Семей – Алашорда өкіметінің астанасы. Ал Алашорданың көсемі – Әлихан Бөкейхан. Яғни ұлт көсемінің есімі қасиетті Семейдің төрінде ұлықталмағанда қай жерде аталуы керек? Алайда жаңғыруы бір кем қалалық мәслихат депутаттары Ленин көшесін Алаш көсемінің атына беруді ұсынып та көрмеді. Өйткені Әлихан Бөкейхан қала шетіндегі Комсомол кентінде қырық адымдық қысқа көшені иемденіп алыпты. Мәслихат депутаттарының айыбын жуып-шайғысы келді ме, әлде Алаш көсеміне қала ортасындағы көшені қызғанып, қимай қалды ма, әйтеуір, мұсылман әйелдері ұйымының төрайымы Гүлжиһан Жұматаева былайша сөз саптады:
– Өзім Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Біз оның есімімен мақтанамыз. Сондықтан Әлиханның атын алып, Ленин атына ауыстыруға өз басым қарсымын. Оны ешбір көшеге ауыстыруға бергіміз келмейді. Бұл көшеде біздің әлі талай ұрпақ буыны өседі. Олар да Алаш қайраткерінің кім екенін білуі тиіс. Ал ұсынылып отырған «Мәңгілік ел» деген атауды Ленин көшесіне беруді өз басым толықтай қолдаймын.
Г.Жұматаеваға ұнаған «Мәңгілік ел» атауын өлкетанушы Павел Жуков қомсынып қалған сияқты болды.
– Біздің буынның жастық шағы осы Семейде қалыптасты. Ленин негізін салған коммунистік партия кезінде білім алдық, жұмыс істедік, өміріміздің жарқын кезеңдерін өткіздік. Көше атауларының ауыстырылуына қарсылығым жоқ. Бірақ Ленин көшесіне тиіспегеніміз дұрыс. Өйткені бұл өткен тарихымызды еске салып тұрады. Лениннен басқа да өзгертетін көшелер жеткілікті ғой. Солардың біреуіне беріңіздер, – деп шықты.
Оның бұл сөзі кей тұрғындардың ашу-ызасын туғызды.
– Иә, рас, біздің буын кеңестік дәуірде тәрбиеленді, Семейдің сол кездегі тұрмысына сай өмір сүрді. Бірақ қазір дәуір, заман беталысы өзгерді. Қазақстанның өз бағытын таңдағанына ширек ғасырдан асты. Ленин көшесіне жаңа атау беретін уақыт әлдеқашан жетті емес пе?! Бұдан ары қарай көшені бұрынғыша қалдырудың жөні жоқ. Тәуелсіздігіміздің бір белгісі осы көше атауларын жаңартудан көрінеді. Сондықтан Ленин көшесін тарих қойнауына аттандырып, «Мәңгілік ел көшесі» деп атау туралы ұсынысты қолдаймын, – деп шықты қала тұрғыны Нағима Мойынбаева.
Сол-ақ екен, Лениннен біржола айырылатындарына көзі анық жеткендер Интернационалдың Қайым Мұхамедханұлына, Дальняя көшесінің Зәкәрия Белібаев көшесі болып өзгергеніне қатты қапаланғандарын, көше атауының өзгеруін «шеруге» теңеп, оны дереу тоқтатуға шақырды. Дәл осы жерде депутат Шілдебаев көмекке келіп, көше атауын өзгертуді мәслихат құрамындағы комиссия шығаратынын айтып, пікірсайысты тоқтатып тастады. Одан кейінгі жиын төбеден түскен тапсырманың ретіндей, нанға жағылған майдай өздігінен жүріп кетті. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина орыс тілінде баяндама жасады. Онысы қариялардың қарнын аштырып, көңілдеріне қаяу түсірді. Алайда мемлекеттік тілде баяндама жасамағанына еш қымсынбаған бөлім басшысы ақсақал мен қариялардың көңіліне де қарамады.
– Осы біз неден қорқамыз? Өз жерімізде отырып, бүгінгі мәселені қазақ тілінде айтатын кез баяғыда жеткен жоқ па?! Президенттің өзі рухани жаңғыруға шақырғанда жиынды мемлекеттік тілде неге жүргізбейміз? – деп, «Ақылдастар» ақсақалдар алқасының төрағасы Сағындық Бейсенбайұлы жауабы жоқ сұрақ тастады.
Бірақ ондайға қараған депутаттар бар ма, Ленин көшесін «Мәңгілік ел көшесіне» бірауыздан қолдап, ауыстыра салды.
Айтпақшы, қала әкімі Ермак Сәлімов 2016 жылғы есеп беру жиынында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Ленин көшесінің атауы Тәуелсіздік көшесі болып өзгеретінін айтқан еді. Бір жыл өтпей жатып атқарушы биліктің Тәуелсіздіктен гөрі «Мәңгілік ел» атауын таңдағаны және оның жергілікті мәслихат депутаттарының талқысына салуы күнібұрын шешілген мәселедей көрінді. Өйткені Мәңгілік ел ұғымының мән-жайы президент сөздерінде жиі айтылып жүр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Ертіс өзенінің ортасындағы аралға жаңадан «Бейбітшілік» атты ресми атау да әкімдіктің түлкібұлаң тәсілі сияқты көрінді. «Ақсақалдардың хат жазып сұрауымен» деген мәслихат депутаттары «Бейбітшілік» атауын бірауыздан бекітті. Шындығына келгенде, Алаш қозғалысының 100 жыл толуы құрметіне орай аралды «Алаш аралы» деп атау тұралы ұсыныс көп айтылып, тұрғындар тарапынан қолдау тапқан еді. Бірақ депутаттар мен оларға жақын кейбір шалдар аралға Алаш атауын беруді қызғанып қалды.
Аралдың о бастағы ерекшелігіне сай, ел аузындағы «Түйемойнақ» атауымен қалдыруды да мәслихат депутаттары құптамады. Соның нәтижесінде аралдың ел аузындағы атауы тарихқа «Полковничи» деген қосалқы атауымен бірге аттанды. Кезінде Жүсіпбек Аймауытұлының Әміре туралы «Әнші» әңгімесіне арқау болған, қазақ руханиятының бастауы іспетті көрінетін ғажайып арал енді бүгінгі саясаттың жемісі, бәлкім, жеңісі іспетті «Бейбітшілік» болып қазақша-орысша қатар аталатын болды.
Семей қалалық мәслихатының Ленин көшесі мен аралға қатысты шығарған шешімі қазір облыстық ономастикалық комиссия қарауында. Барлығы да «сценарийге» сай жүріп жатқандай көрінгендіктен, бұл шешімге орта жолда өзгеріс ене қоймас.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар