1 қыркүйек 2010
ПАРАД

Билiк жақта бiр әбiгер бар iшкi,
Тарихты да талдап жатыр жаңаша.
Таңғалдырып жақын менен алысты,
Астанада парад өттi. Тамаша!
Болмасам да ұқсап бағам (Абайша),
Айтпайын десем, есем кетiп барады!
Дүйiм жұрттан шеттеттi ме, қалайша,
Ата Заңды погондардың парады!
Араз етiп кедейлер мен байларды
Саясаттың түстi араға сызаты.
Шен-шекпеннiң шылауына айналды
Қарапайым адамдардың құжаты!
Ата Заңым билiк үшiн – бас перде!
Бұл пiкiрiм ұнамай ма, ұнай ма?
Қарап тұрып қаруланған әскерге,
Шын айтайын, қалдым шомып бiр ойға.
Жеке бәрi! Әзiрше ортақ – аспаным
Күн мен Айға, қыран менен торғайға.
Мүлкi менен меншiгi жоқ жастарым
Бiреулердiң сарайларын қорғай ма?!
Жесiрдi емес, мен кесiрдi жылатам!
Ата Заңды заңды етемiн, жанды етем!
Бар шығар-ау ол жастарда «Нұротан»,
Бiрақ қамқор болар Отан бар ма екен?
Қазақстан – Алашымның әулетi!
Жеңiсiне, жемiсiне таң көп ел.
Қайда жастың дәулетi мен сәулетi,
Жаудан қорғап, ерлiкпенен қан төгер?
Түсiнiктi болар ұлға, құлға да
– «Ура!» менен «Тура!» деген ұран бар!
Халқына ма, әлде жеке тұлғаға?
– Антын кiмге бердi мынау ұландар?
Жауынгердiң жарғысына төзген-дi ер,
Жон арқасын тосқан талай дүреге.
Ақорданың қожасынан кез келген
Халық биiк екендiгiн бiле ме?
Тұрба тартып, барабанын ұрғанда,
Тәнтi болдық тәртiбiне тастемiр.
Әлдеқалай баррикада құрғанда
Қай жағына шығады бұл әскерiң?!
Жұртым! Талай тақтарды сен төңкердiң!
Сөнгенiңдi көргенiмше – өлгенiм!
Шендi қорғар солдаттарды мен көрдiм,
– Елдi қорғар ардақтарды көрмедiм!
Билiк! Мейлi жаратарсың, жаратпа!
Арам тапқан байлығыңды тық қанша!
Осылайша жүре бергей парадта
Халық өзi алаңдарға шыққанша!
Әмiржан ҚОСАНОВ




