10 қараша 2009
Ел «папасы» Папаға пирамида сыйлады

Қазақстан президентi Н.Назарбаев Италияға сапары барысында Ватиканға ат басын тiреп, Рим Папасы Бенедиктпен кездестi. Апеннин түбегiндегi мемлекетке барған сайын католик дiнбасымен кездесу Ақорда сүйегiне сiңген әдетке айналғандай. Мемлекет басшысы бұл жолы да осы әдеттен аттап өте алмай, Бенедиктке “сәлем” берiп шықты.
Әлемдегi католиктердiң саны бiр миллиардтан асады. Олардың басым көпшiлiгi Еуропа мен Америка құрлығында тiршiлiк етедi. Рим папасының бұл елдерде ықпалды күшке ие болатыны да сондықтан. Ал Орта Азия мен Қазақстанда католиктердiң саны теңiз түбiндегi бiр тамшы судай. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 200 мыңға жуық католик дiнiнiң өкiлдерi бар. Олардың көпшiлiгi жаппай депортациялау кезiнде елiмiзге табан тiресе, қалған бөлiгi бүгiнгi билiк саясатының арқасында пайда болды. Қалай десек те, католицизмнiң, Рим Папасының бiздiң елiмiздегi ықпалы нөлге жуық. Қазақстан халқының басым көпшiлiгi ислам дiнiн ұстанады, православ шiркеуiнiң сенушiлерi де бар. Олай болса, Рим Папасына Қазақстан басшылығы неге “құлдық” ұрады? Қазақ халқы үшiн, мұсылман қауымдастығы үшiн католик тағы иегерiнiң қандай “қасиетi” бар? Ватикан мен Бенедиктке арнайы барып, оның алдында “жайылып жастық, иiлiп төсек” болып, қолын шөпiлдетiп неге сүйемiз?
Көршiлес Түрiкменстан, Тәжiкстан басшыларының Рим Папасымен кездесiп, оның қолын сүйiп, алдында безек қағып жүргенiн көрдiңiз бе? Жоқ! Өзбекстан президентi Ислам Кәрiмов Бенедиктiң алдындағы Рим Папасымен жүздескенде, оның алдында құрдай жорғалап, елiне шақырғанын байқадыңыз ба? Жоқ! Шақырмайды да. Себебi, бұл елдер өздерiн сыйлайды. Өзiнiң дiнiн, мәдениетiн, ұлтын құрметтеп, ардақтайды. Рим Папасын елiне шақырса, оның артынша миссионерлер мен дiни секта өкiлдерiнiң лап қоятынын олар бiледi әрi түсiнедi. Ватиканға қайта-қайта далақтап шаба бермейтiнi де сондықтан. Халқының негiзгi бөлiгi ислам дiнiн ұстанатын мемлекетте католик дiнiнiң басшысын шақырып не керегi бар? Осындай риторикалық сауалға Ақорда әлi жауап таппағанға ұқсайды. Егер осы мәселенi түсiнсе, Рим Папасын Астанаға шақырып, оны қонақ етер ме едi? Бiзден гөрi католиктерге бiртабан жақын Ресейдiң өзi Рим Папасын елiне келтiрмей отыр. Себебi, Кремль православ дiнiнiң күшеюiн, оның кең қанат жаюын қалайды, католицизм, буддизм, ислам, басқа да қай дiн болсын, оған бәсекелес болуын қаламайды. Бенедиктi өз елiнде қонақ еткен Түркия да Рим Папасын астарлы саясатпен шығарып салды. Дәл қазақ мемлекетi тәрiздi оны құшақ жая қарсы алып, шашбауын көтерiп, “бiздiң елiмiзге келiңiз” деп құрақ ұшқан жоқ. Ал бiзге не жорық? “Қазақстан – дiндер лабораториясы, бәрiне де орын табылады” деп Рим Папасына неге жалтақтаймыз? Кездесу аяғында Ақорда қожасы Бенедикт ХVI-ға Астанадағы “пирамиданың” мүсiнiн сыйлады. Оның мән-мазмұнын, мағынасын түсiндiрдi. Н.Назарбаевтың айтқаны Рим Папасының қолайына жаққан да шығар. Бiр елдiң мемлекет басшысы алдыңа иiлiп келiп, “дiнiңе бар жағдайды жасаймыз, бiзге кел” деп тұрса, мұны кiм жек көредi? Бiрақ мұның арты қазақ үшiн қандай қасiретке әкелiп соғады? Католицизмдi қанатымыздың астына алып, оны “мәпелеп” өсiргенде не ұтамыз? Мемлекеттiк мүддеге мұның қандай қатысы бар? Осы сауалдардың жауабын ойлап көрiңiзшi. Рим Папасы, католицизм қазаққа керек пе? Көк тиынға да қажет емес. Дипломатия үшiн, мемлекеттiк саясат үшiн сыбай-салтаң қатынас керек те шығар. Алайда, бүгiнгi билiк сияқты оған неге жалпылдаймыз? Өз орнымызды, өз мүддемiздi неге бiлмеймiз осы?
Таяуда ғана Қазақстан президентi Израиль басшыларымен кездестi. Ендi мiне, Рим Папасымен жүздесiп отыр. Екеуiне де Қазақстанның “тату-тәттi ел екенiн, толерантты саясат ұстанатынын” бiздiң билiк тәптiштеп тұрып түсiндiрдi. Неге? Адамның жасы ұлғайған сайын, бiр адамның билiкте отыру мерзiмi шексiздiкке айналған сайын, оның атаққұмарлығы мен даңққа деген махаббаты геометриялық прогрессияда өсетiнi анық. Тарих мұны дәлелдедi. “Мемлекет басшысының католиктер мен иудейлерге, буддистер мен вайшнавтарға қайта-қайта жалтақтауы халықаралық деңгейдегi сыйлықты алу дәмесiнен туған жоқ па?” деген ойға жетелейдi. Мұнай мен газдың, ұлтты орға жығудың арқасында бұл сыйлықты алуға да болар. Бiрақ ең үлкен сыйлық, ең ұлы сый – халықтың құрметi екенi рас қой. Билiктiң тарихтағы атын өсiретiн де немесе оны өшiретiн де Рим папасы мен Израиль басшылары емес, қазақ ұлты екенi де ақиқат. Дәлелдеудi қажет етпейтiн ақиқат.
Жанболат МАМАЙ





Одан да, себебіне көбірек үңілсең қайтеді? Мүмкін экономикалық пайдасы бар болар?