17 қараша 2009
«Құпия соғыс»

ҰҚК-нiң КIРМЕЙТIН «ТЕСIГI» ЖОҚ, ОҒАН ТЕК СЕБЕП БОЛСА ЖЕТКIЛIКТI...
Қарашаның 5-i күнi Экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгiнiң (қаржы полициясы) Алматы қалалық департаментi төрағасының орынбасары Айдын Жантелеевтi ҰҚК қызметкерлерi өз үйiнiң жерасты паркингiнде тұтқындады. Ресми мәлiметке сенсек, оның қалтасынан 8, 7 грамм гашиш пен 3 грамм марихуана табылыпты. Алғашқыда «қаржы полициясы қызметкерiнiң көлiгiнен 1 келi героин табылды» деген ақпарды кейбiр интернет сайттардан көзiмiз шалып қалған. Алайда, кейiннен ол ақпарат ресми түрде расталмады.
ҰҚК-нiң Алматы қалалық департаментi қызметкерлерi мен «Арыстан» арнайы бөлiмшесi А.Жантелеевтi қалай тұтқындағанын жұрт жыр етiп айтып жүр әлi. «Арыстанның» бетперде киген жиырма шақты жiгiтi, автоматтың тарс-тұрс еткен даусы, айқай-шу... Голивудтың шым-шытырық фильмiнiң сценарийi дерсiң құдды.
Бетi көлегейленген «чекист» Жантелеевтiң қалтасынан 8, 7 грамм гашиш пен 3 грамм марихуананы шығарғанда қаржы полициясының қызметкерi еш сасқан жоқ. «Бар тапқандарың осы ма?» деген ащы мысқыл байқалды жүзiнен.
Бұл iстiң дақпырты көп болатыны ақпарат шыққанда-ақ әйгiленiп қалған. Жантелеевтiң тұтқындалуы «күштiк құрылымдардың арасында құпия соғыс жүрiп жатыр...», «ҰҚК мен қаржы полициясы бiрiн-бiрi жеп қоюға бар...» деген гу-гудiң ошағына май құя түстi.
Өткен жұмада ҰҚК-нiң баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров пен ҰҚК-нiң Алматы қалалық департаментiнiң аса маңызды iстер жөнiндегi аға тергеушiсi Ақылбек Ерболатов Алматыда баспасөз мәслихатын өткiздi.
«Шындыққа сай келмейтiн түрлi-түрлi әңгiме көбейiп кеттi. «Комитет (ҰҚК — ред.) Жантелеевке қарсы әдейi ұйымдастырды мұны» деген алыпқашпа сөз де бар. Мен мұны жоққа шығарамын», — деп ақталды Кенжеболат Бекназаров.
Бекназаров әңгiменi әрiден, белгiлi құқық қорғаушы Сергей Уткин куә болған оқиғадан бастады. Жантелеев тұтқындалған күнi Уткин Алматы қалалық қаржы полициясы департаментiне бармай ма. Дәл сол кезде ҰҚК қызметкерлерi департамент ғимаратына басып кiрмек болып жатқанының куәсi болған. Қаржы полициясы «кiргiзбеймiз» дейдi, ҰҚК «былай тұр жолымнан» дейдi. Ақырында қаржы полициясы «чекистердi» ғимаратқа кiргiзбей қойыпты. Кейiннен Сергей Уткин өз көзiмен көргенiн бұқаралық ақпарат құралдарына мәлiмдеген.
Бұған қатысты К.Бекназаров былай дедi: «Бұл дерек жөнiндегi (Жантелеевтiң тұтқындалуы — ред.) ақпарат бiздiң аузымызбен айтылған жоқ. БАҚ-қа бұл деректi инсайдерлiк ақпарат көздерi жеткiзген. Бiз тұтқындалған адамның аты-жөнi мен қызметiн айтпай, ақпаратты растауға мәжбүр болдық. Одан кейiн «бұл — әдейi ұйымдастырылған арандату» деген әңгiме шықты. Бiз бiрнеше хабарлама тараттық, ал бiрер күн бұрын қаржы полициясы мен Бас прокуратура баспасөз мәслихатын өткiздi».
Кенжеболат Бекназаров журналистерден «өтiрiктi шындай, шынды құдай ұрғандай» етiп жазбауды қайта-қайта өтiндi. «Сiздердi жинаған себебiмiз — iске байланысты нақты түсiнiктеме беру. Өйткенi, кейбiр БАҚ-та болған жайды бұрмалаушылық басым және қаржы полициясының атынан айтылған ресми мәлiмдеме жарияланды. ҰҚК-нiң Алматы қалалық департаментi Жантелеевтi әдейi арандатқан жоқ. Бұл — нашақорлықпен әуестенген, оны алған және сақтаған адамға қатысты арнайы iс-шара. ҰҚК-нiң бұл iстi жүргiзуге нақты себебi болды. Алайда, «Время» газетiнiң тергеушi-тiлшiсi жағдайдың боямасын тым баттастырып жiберiптi. Арнайы бөлiмнiң бүкiл армиясы Жантелеевке жабылғандай етiптi. Мұның бәрi ойдан шығарылған нәрсе. Шын мәнiнде, жай ғана операция жүргiзiлдi. Айтпақшы, тергеу амалдары кезiнде Жантелеевтiң 12 қазаннан берi демалыста жүргенi, тұтқындалардан үш күн бұрын Шонжыда демалып келгенi анықталды», — дедi ҰҚК-нiң баспасөз хатшысы.
«Инсайдерлiк ақпарат көзi» Сергей Уткиннiң көрген-бiлгенiн Бекназаров жоққа шығарған жоқ. «Сондай iс-шараның болғанын жоққа шығармаймыз. Ол жерде iс материалдарын алу жұмысы жүргiзiлдi. «ҰҚК қызметкерлерi қаржы полициясының ғимаратына кiре алмады» деген жай сөз. Бiз барлық жерге кiремiз... Жедел iздестiру қызметi туралы заң бойынша бiз кез келген ғимаратқа кедергiсiз кiруге құқығымыз бар. Тек себеп болса жеткiлiктi», — дедi К.Бекназаров.
Күштiк құрылымдар арасындағы «құпия соғыс» туралы гу-гу қайдан шықты? Бұл — талайдан берi айтылып келе жатқан әңгiме. Әрiге бармай-ақ қояйық, биылдың өзiнде қаржы полициясы iшкi iстер органымен бiрнеше рет «шәй» десiп қалған. Алматы көшелерiнiң бiрiнде қаржы полициясының бiр топ қызметкерi жол полициясы инспекторларымен жаға жыртысты. «Бiздi неге тоқтатасың?! Бiз — қаржы полициясынанбыз», – дейдi ғой баяғы. Баймағамбетовтiң жiгiттерiнде де намыс бар екен. «Болсаң қайтейiн!» – дептi. Осы оқиғадан кейiн жол полициясы қызметкерлерi «қаржы полициясы бiздi әдейi арандатып жүр» деп айыптады. Алматыда, Қостанайда, Оңтүстiк Қазақстан облысында қаржы полицейлерi жол инспекторларының үстiнен қылмыстық iс қозғағанын IIМ өзi айтты. Бұл «құпия соғыста» IIМ жеңгендей болды. Алматы қаласының Медеу аудандық соты жол полицейлерiнiң үстiнен қозғалған қылмыстық iстi заңсыз деп тапты. Бұл жөнiнде IIМ-нiң баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов арнайы баспасөз мәслихатын да өткiздi.
Бұл жайттың ыстық-суығы басылмай жатып, тағы бiр «құпия соғыс» басталды. Бұл жолы ҰҚК мен прокуратура арасында. «Алматы қаласының прокуроры Әмiрхан Естаевтың кабинетiне тiнту жүргiзiлiптi, бұған Бас прокурордың орынбасары, бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов санкция берiптi» деген әңгiме шықты. Мұны ресми түрде растаған немесе терiстеген ешкiмдi көрген жоқпыз. Бiр анығы — Ә.Естаевтың 2006 жылы қаржы полициясының Атырау облыстық департаментiн, ал 2009 жылдың ақпан айынан мамыр айына дейiн Алматы қалалық департаментiн басқарғаны. Егер рас болса, кейбiр инсайдерлiк ақпарат көздерi «Ә.Естаев — президенттiң iс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаевтың жақыны», – дейдi.
ҰҚК мен қаржы полициясының арасынан қандай мысықтың жүгiрiп өткенiн кiм бiлсiн, бiрiн-бiрi жеп қоюға бар, әйтеуiр. Бұған мысал жеткiлiктi.
Биылғы жылдың маусымында ҰҚК қаржы полициясының Алматы қалалық департаментiнiң қызметкерi Р.Тоқпанбетов тұтқындалды. Оған «адам ұрлады» (ҚР ҚК-нiң 125-бабы) және «қызметтiк өкiлеттiгiн асыра пайдаланды» (ҚР ҚК-нiң 308-бабы) деген айып тақты. Жақында Алматы қаласының Медеу аудандық соты «iс әлi шикi» деп Р.Тоқпанбетовтiң қылмыстық iсiн қайта тергеуге жiбердi. Егер ҰҚК-нiң таққан айыбы сотта дәлелденбей қалса, «iс қолдан ұйымдастырылған» деп кесiп-пiшiп айтуға себеп өзiнен-өзi табылмай ма?
Билiкке таласушы топтардың арасындағы тартыс бұрыннан бар бiзде. «Республика» басылымының жазуынша, соңғы тұтқындаулар — Құлыбаев — Мәсiмов — Марченко — Шабдарбаев тобы мен оңтүстiктiк Қалмырзаев — Шүкеев тобының арасындағы «соғыстың» айқын себебi. Кейбiр бiлгiштердiң сөзiне сенсек, күштiк құрылымдардың кейбiр басшылары — Жоғарғы сот төрағасы М.Әлiмбеков, Бас прокурор Қайрат Мәми және Iшкi iстер министрi Серiк Баймағамбетов Сарыбай Қалмырзаев пен Өмiрзақ Шүкеевтiң тобына жақындау. Қазақстанның саяси сахнасындағы ең iрi екi саяси топтың қайсысы күштi екенiн дөп басып айту қиын әзiрге. Екеуi де қауқарлы, екеуi де iлкiмдi. Бiрiншi топта аздаған басымдық бар сияқты көрiнедi. «Бас чекист» А.Шабдарбаевтың бiрiншi топқа «мүшелiкке өткенi» рас болса, Құлыбаев пен Мәсiмовтiң қолына көзiр түстi деген сөз. Өйткенi, ҰҚК-нiң кiрмейтiн «тесiгi» жоқ, оған тек себеп болса жеткiлiктi...
Е.Биеке.





Уәж айту