12 қаңтар 2012
Қатыгез билiктiң қитұрқы ойынына қатыспаймыз!
Бiз, Мәжiлiс сайлауына Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тiзiмi бойынша депутаттыққа кандидат болып тiркелген үмiткерлер – Рысбек Сәрсенбай, Серғазы Мұхтарбек 2012 жылғы 15 қаңтардағы сайлауға қатысудан бас тартатынымызды мәлiмдеймiз.
Айналып соғатын экономикалық дағдарыстан зәре-құты қалмай қорыққан нұротандық парламент өзiн-өзi таратып тынды. Ескiлiктi әдетпен кезектен тыс сайлау жарияланды. Жау қуып келе жатқандай оны Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы мерекесi мен жаңа жылға қабаттастырды. Күнделiктi дәрiптелiп жатқан “Нұр Отаннан” басқа партиялар сайлау алды үгiт-насихатты жүргiзiп үлгермесiн деген бақай есеп. Мұны да қойшы дедiк. Қолынан келдi, қонышынан басты.
16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi Астанада ұлана-асыр той тойлап жатқан кезде, Жаңаөзенде қазақстандық күштiк құрылымдар бейбiт халыққа қарсы оқ атып, адамдарды қырып салды. Шағын қала үрейлi жұрттың айқай-шуынан тiтiрендi. Аңыраған ананың зарына қансыраған, сүйретiле қашқан жаралылардың құлындай шыңғырған үнi қосылды. Әр жерде құлап жатқан өлi денелер, қып-қызыл қанға бөккен көшелер...
Бұл – билiк басындағылардың қанды қылмысының қалдырған iздерi. Туған Отанымыздың бiр пұшпағы – Маңғыстау өңiрiнiң халқы қайғылы қасiреттi бастан кешiрiп жатыр. Дәл осындай сәтте сайлау өткiзу – ақылға сыймайтын қаныпезерлiктiң нақ өзi. Бiз сайлауды кейiнге шегерудi талап еткендердiң қатарында болдық. Адами ұсынысты билiк басындағылар қабыл көрмедi. Мұны ендi азғындық дедiк. Назарбай немересi 1905 жылғы қанды жексенбi үшiн Николай патшаға қарғыс айтып өскен кеңестiк ұрпақтың бiрi болмады. Президент саусақтарын салып тұрып ант берген Ата заң бойынша кепiл екенiн ұмытты – қан төгiске жол бердi. Қолынан келмедi, сонда да қонышынан басты.
Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланды. Конституциялық кеңестен И.Рогов желкесiнен бiреу итергендей, бұл өңiрде сайлау өткiзуге болмайтынын табытқа шеге қаққандай сiңiрiп айтты. Орталық сайлау комиссиясынан Қ.Тұрғанқұлов азаматтардың Конституциялық құқығын құрдымға жiберiп, жаназасын шығарды. Сайлау туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына пысқырып та қарамады. “Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ” дегендi елемедi. Жаңаөзендiк сайлаушылардың “ кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы” болатынын ұмыта қалды. Құдды бiр бiздiң ол жақтағы бауырларымыз тегiс ақыл-есi ауысқандар, сот үкiмiмен бас бостандықтарынан айырылғандар секiлдi. Солар ғана заң бойынша сайлауға қатыстырылмайды. Мұны бiз қорлау дедiк. Қонышынан басқандар тiптi тойталаңдады.
Бастапқыда осының бәрi Бiркiсiнiң келiсiмiнсiз iстелген жоқ қой. Ендi сол Бiркiсi, яғни президент Н.Назарбаев Орталық сайлау комиссиясының шешiмiне вето қойды. Бұл не, ойын ба, мазақ па? Өз халқын ақымақ санайтындар таза, әдiл сайлау өткiзбейдi. Ең қымбаттысы – астындағы мансап-тұғырын тiстеп тұрып ант етсе де. Бiздiң серiктерiмiз – Б.Әбiлевтi, Г.Ерғалиеваны және басқаларын сылтау тауып сайлау додасынан шығарып тастады. Болат пен Гүлжан Жаңаөзен жаққа екi рет барып қайтты. “Халыққа қарсы оқ атуға бұйрық берген кiм?” деген сұрақтарынан тiксiнген билiк оларды парламентке жiберуден өлердей шошынса керек. Күнi кеше табалдырығын аттаса, парламенттi шайқалтып жiберетiндей көрген М.Шахановқа не iстемедi? Үмiткер болып кiрген партиясын сайлаудан сырғытып тастап, жарым түнде ескi иесiне қайтартып бердi. Мұның бәрi қараулықтың қалмағанын, амалын тауып айласын асырып, бұрынғы былықтарын тағы да қайталап жатқандығын, қайталай беретiнiн көрсетедi. Олардың басқа амалы жоқ. Маймиған маймыл аяқ түзеуге келмейдi.
Бiз партиямыздың таза сайлау өткен жағдайда үлкен жеңiстi иеленерiне толық сенiмдiмiз. Оған әр өңiрдегi кездесулерде көзiмiз жеттi. Iрiп-шiрiген нұротандық билiктен қажыған халық бiрден-бiр оппозициялық партия – ЖСДП-ға үмiт артады. Бiз өз еркiмiзбен тiзiмнен шықсақ та, бiздi қолдаған қадiрлi сайлаушы қауым, сiздердiң Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға дауыс беретiндiктерiңiзге сенемiз. Партия съезiнде депутаттыққа үмiткерлiкке ұсынған әрiптестерiмiздiң бiздi дұрыс түсiнгенiн қалаймыз.
Рысбек Сәрсенбай,
Серғазы Мұхтарбек.





олесиндер хаха сорлылар.