1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев ғылыми жаратылыстану пәнiн шетелдiк ғалымдардың көмегiмен жазу туралы мәселе көтердi. Неге?
Оқулықты жазуға отандық ғалымдардың өресi жетпегендiктен
Тезiрек «қазақстандық» атануды көксегендiктен
Басқа айтары жоқ болған соң әншейiн «әу» дей салғаны да
Адамның қалай жаратылғанына күмәндi министр өзгеден ақыл сұрамақ
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 01 (15459) 5 қаңтар, сейсенбі 2010
5 қаңтар 2010
2010 жылдан не күтемiз? (саясатта)

Өткен жылы Қазақстанның саяси ахуалында аз өзгерiс болған жоқ. Авторитарлы билiкке деген халық наразылығы күшейiп, билiк халықтан сескене бастады. Десек те, ЕҚЫҰ-ға төрағалық қарсаңында сөз бостандығының деңдейi күрт нашарлап, билiктiң азаматтық қоғамға деген қысымы арта түстi. “Ел бiрлiгi” доктринасы, Қытайға 1 млн гектар жердi соя, рапс өсiруге беру сынды ұлттық мүддеге қайшы келетiн бастамалар көтерiлдi. Оған деген халық наразылығы да күштi болды. Ал жаңа 2010 жылы саяси жағдай қандай болмақ? Билiк халықпен санаса ма? ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеннен ұтарымыз бар ма? Осы және өзге де сауалдарды елiмiздiң белгiлi саясаттанушыларына қойып көрген едiк:

 
Досым СӘТБАЕВ, Қауiптi бағалау  тобының жетекшiсi:
ЖЫЛ ҚАҚТЫҒЫСТАРҒА ТОЛЫ БОЛАДЫ
– Биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiн бол­ғандықтан билiк жұмсармаса да, өз бақылауын арттырмауы әбден мүмкiн. Себебi, Қазақстан билiгi соңғы 2-3 жылда өз ойларына келгенiн iстеп, барлық саланы жiтi бақылауға алды. Биыл олар сол бар жиғанын сақтаумен ғана болады. Жұмсақтық та таныта қоймайды. Олар ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң саммитi сынды жарнамалық iс-шаралармен айналысады. Көзбояушылыққа көп мән бередi. Сонымен қатар билiктегi ықпалды топтар арасындағы қақтығыстар өз жалғасын табады. Президенттiкке, меншiкке деген тартыс арта түседi. Яғни, билiк элитасындағы жаңа қақтығыстарды тамашалаймыз. Даулар да көп болады.
Оппозиция, оның iшiнде ЖСДП “Азат” биылдан бастап қарқынды жұмысқа көшуi мүмкiн. Жармахан Тұяқбай соңғы кездерi берген сұхбаттарының бiрiнде парламент сайлауының мерзiмiнен бұрын болуы мүмкiн екенiн айтты. Соған қарағанда, дайындық жұмыстары да оңай болмайды. Оппозиция аймақтардағы жұмысын жандандырады. Патриоттық ұйымдармен де тығыз байланыста жұмыс iстейдi. Себебi, менiң ойымша 2009 жылы ұлт жанашырлары ерекше белсендiлiгiмен көзге түстi. Өздерiнiң күштiлiгiн де көрсеттi. Соның арқасында 20 қаңтар күнi “ел бiрлiгi” доктринасының патриоттар мен оппозиция бiрiгiп жасаған баламасы ұсынылады. Соған байланысты көптеген пiкiрсайыстар, даулар, тiптi қақтығыстар да орын алуы әбден мүмкiн. Қордаланып қалған көптеген экономикалық, әлеуметтiк мәселелерге байланысты да толқулар орын алады. Себебi, Қазақстан әлi де дағдарыстың салдарын тартады. “Кедендiк одақтың” құрылуына байланысты да тауарлардың бағасы күрт өсiп, халықтың әлеуметтiк жағдайы төмендейдi. Жұмыссыздық та артады. Себебi, Ресейдiң алпауыт кәсiп­орындарымен бәсекеге түсе алмаған көптеген компаниялар жабылады. Ресей мен Белорусиядан, бас­қа елдерден келетiн тауарлар күрт қымбаттайды. “Кедендiк одақтың” билiк жарнамалаған артықшылықтары кейiннен бiлiне жатар. Бiрақ, бастапқыда тек кемшiлiктерi болары анық.
 
Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
БИЛIК ХАЛЫҚТЫҢ ҚАҺАРЫНАН ҚОРҚЫП, АЯҚ ТАРТУЫ МҮМКIН
Менiң ойымша, жылдың екiншi тоқсанында экономикалық сiлкiнiс басталады. Елiмiз­дегi экономикалық жағдай тұрақталғанға дейiн әлеуметтiк, саяси қайшылықтар болады. Ол қайшылықтар қоғамда әуелден келе жатқан шешiмiн таппаған мәселелерге байланысты туындайды. Ұлтқа байланысты, әлеуметтiк мәселелерге байланысты саяси шешiмдерге қатысты халықтың наразылығы күшеюi мүмкiн. Ұлт төңiрегiнде көтерiлген меселелерге байланысты белгiлi бiр дәрежеде қарама-қайшылықтар туындайды. Бiрақ, оның бәрi де ортақ келiсiмге келу арқылы шешiмiн табады. Яғни, билiк халықтың талабын шамамен 50-60 пайызға орындау арқылы мәселенi шешедi. Билiк кiшкене болса да халықпен санасып үйренедi. Азаматтық қоғамның белгiлерi пайда болады. Азаматтық қоғам өкiлдерi өз талаптарын жүз пайыз болмаса да, билiкке жартысын жүзеге асыртып үйренедi. ЕҚЫҰ-ға төрағалық болса демократияға деген кiшiгiрiм қадам болады. Геосаяси, экономикалық мәселелер төрағалықтың арқасында шешiлуi мүмкiн. Алайда, сөз бостандығының деңгейi бәлендей өзгере қоймайды. Қазiргi кезде азаматтық қоғамның белгiлерi бiлiнiп келе жатыр. Сондықтан, билiк те халықтан қорқа бастады. Қытайға жалға жер беру мәселесiнде де билiк халықтың қаһарынан қорқып, аяқ тартуы мүмкiн. Себебi, халықты бiр толқытып алса тоқтату қиын болады. Егер тиянақтылық пен тыныштық керек болса билiк мұн­дай қадамдарға бара қоймайды.
 
Дос КӨШIМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
ЕҚҰЫ-ға ТӨРАҒАЛЫҚ БIЗГЕ ДЕМОКРАТИЯ СЫЙЛАЙДЫ ДЕУ – АҚЫМАҚТЫҚ
– Менiңше 2010 жылы айтарлықтай өзгерiстер болмайды. Билiк ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге байланысты бiрдi-екiлi саяси реформалар жасап, оны “дұрыстайды” деп ойлаймын. Олардың қалай “дұрыстайтынын” бұған дейiнгi “Сайлау туралы”, “БАҚ туралы” заңға енгiзген өзгертулерi арқылы бiлемiз ғой. Ол өзгертулерге ешкiмнiң көңiлi толмағанын тағы бiлемiз. Қысқасы, халықаралық ұйымдарға жақсы көрiну үшiн демократиялық принциптерге байланысты, адам құқығы мәселелерiнде бiрдi-екiлi заңнамалық өзгерiстер енгiзiлуi әбден мүмкiн. Бiрақ, оның бәрi де көзбояушылық екенi белгiлi. Екiнiшi мәселе, қазақ қауымы көптен берi айтып келе жатқан ұлт төңiрегiндегi мәселелер осы жылы белгiлi бiр дәрежеде шешiмiн табуға тиiс. Шешiмiн таппаған жағдайда билiк пен қазақ зиялыларының арасындағы қайшылық тереңдей түсуi ықтимал. Сондықтан, осыған байланысты билiк өзiнiң саясатына өзгерiстер енгiзедi деген үмiтiм бар. Соған байланысты ұлт төңiрегiндегi жағдай бiраз өзгередi ме деймiн. Ал, әлеуметтiк жағдай, инфляция деңгейi менiңше, өзгермейдi. Бюджеттiк қызметкерлердiң жалақысы көбейген жағдайда да, қосылған ақша инфляция аранында кетедi. Қысқасы, экономикалық жағдайымыз бұрынғы таз қалпында қалады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық та бiзге демократия сыйлайды деп сену – ақымақтық. Ол саяси ұйым. ЕҚЫҰ Еуропа экономикасы үшiн тиiмдi елдердiң демократиясына баға берiп жатпайды. АҚШ-тың өзi сондай пiкiрде. Елiмiзге Кондализа Райз келгенде де, оларға Қазақстанда демократия орнағанынан бұрын, тұрақтылық болғаны маңыздырақ екенiн айтқан. Оның осы сөзiнен-ақ басқа елдерге бiздiң демократияның еш қажетi жоқ екенiн аңғару қиын емес. Демократияны қазақтың өзi орнатуы керек.
 
Пiкiр жинаған: Инга ИМАНБАЙ (суретте)
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
галым | 29 қаңтар 2010 09:32
д9рыс
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар