Ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы – Алматыдан шалғай, Райымбек ауданы, яғни Аспантау өңірінде Сарыбастау мен Абай ауылдарының төрінде Шартас атты тау жоталары бар. Жаратылысының өзі ерекше тау жотасы тұнған тарих шежіресіндей жинақы, қасқа жолды қадағалап тұрғандай. Тау етегіндегі ескі сүрлеу, көршілес қазақ, қытай, қырғыз жолаушыларының сан ғасырлар таптаған күре жолы. Бөктерлеп келіп, тас жоталарды айнала бере еркіндікке шығатын күре жол үлкен аңғарға ойыса бере тарамдалып кете барады. Ерке қыздың бұрымындай ойнақтаған сол жолдар бірде тарамдалып, енді бірде топтасып өзен қуалаған балықшыдай кете барады.

Қара жолмен қапталдаса аққан бір құлақ су да жотаны айнала бере еркіндікке шығып, ылдиға құлай кетеді. Су арнасының аумағы кең, бір кездері өзен болғандай. Өзен жиегінен басталатын шор тастар биіктеген сайын сан алуан түрге айналып өзгере береді. Тас жоталар шоғырының саны бесеу болғанымен, аумағы онша үлкен емес, ары кетсе мың гектардай жерді алып жатыр. Сан алуан қызыл, қызыл қоңыр, көк түсті граниттерден тұратын мыңдаған тастар формасы және орналасу технологиясымен өзгешеленген. Көңіл аударатын жайт – жақын маңдағы тауларда мынадай шорланған гранит тастарды кездестіре алмайсыз. Салмағы жүз келіден жүздеген тоннаға дейін баратын гранит тастардың орналасуы осынау тау жоталарын қалыптастырғанда сараңданбаған табиғат па, болмаса әлде бір тылсым күштің әсері болған ба екен деген ойға қаласың. Тылсым күштің құдіретіне сенуге дағдыланбаған, социалистік идеологиямен сусындаған шақшадай бастың шаранадай болар кездері де болмай ма?!
Өткен совет дәуірінде өкіметтің арнайы рұқсатымен ғана баруға болатын ауданда белгілі себептермен көп нәрселер құпияланған. Жергілікті тұрғындардың төлқұжаттарына арнаулы ЗП-1, ЗП-2 деген белгілер соғылып, шекаралы елді мекенге бейсауыт көп ешкімді жібермеу сол кездің қатаң талабы болды. Шекаралы ауданда сақтық керектігіне ешкім таласпайды. Сол сақтықтың кесірінен Шартас тау жоталарына барудың машақаты тіпті қиын болды. Сол кездің өзінде кеңшар басшысы Нүсіпбек Әшімбаев әсем табиғат пен ел, өлке тарихын жастар білуі міндет деп жазушы Байұзақ Қожабековке осы мекенді аралатып, орталықтағы тарихшы ғалымдарға дұғай-дұғай сәлемдеме жолдаған екен. Ізгі бастаманы сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Ш.Есенаманов қолдағанымен, ортақ армандарына қол жеткізе алмады. Н.Әшімбаев өмірінің соңғы сәтінде жазып кеткен «Ғасырға ұласқан ғұмырым» атты кітабында Шартас тау жоталарының тарихы айтылмай қалғанына қынжылыс білдіріпті.
Қазақтың ағартушы ғалымы Ш.Уәлиханов 1857-1862 жылдардағы Ыстықкөл мен Қашқарияға саяхатында өлкедегі Бозым ауылында Шалкөде жайлауында бірнеше күн аялдап, жермен танысып зерттеу жүргізгені ел аузында, сондай- ақ жазбаша деректерде айтылғанымен, солардың ішінде Шартас жазбасы бізге жетпей қалғандай.

ЖЕР АТАУЫ ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?
Жері шүйгін, табиғаты бай тау тепсеңі «Шартас», «Шарташ», «Шортас», және «Жар тас» деп аталғанына қарағанда, бір жүйеге түспеген жер атауларының өзі анықтауды керек етіп тұрғандай. Бір қызығы, осыншама атауы көп аймақтың өзі «Қазақстан ұлттық энциклопедиясына», «Жетісу» аймақтық энциклопедиясына енбей қалған.
Қазақтың өміріне, тіршілігіне жақыны, мағыналық жағынан да үйлесімдісі «Шортас» дегеннің негізі бар сияқты. Шор дегеніміз – заттың шорланып немесе қырсыз қайнап бірігуі екенін жақсы білеміз. Шор тастар мекенінен қырлы, үшкір тастарды кездестіре алмайсыз. Сондай-ақ мұнда тас үгінділері, майда қиыршықтар жоқ. Алқапқа шоғырланып, үйіліп жатуына қарағанда, бұл жердің дұрыс атауы «Шортас па?» деп ойлайсың.
Жергілікті тұрғындардың кейбірі осы тас жоталарының атауы «Шарташ» дегенді айтады. «Шарташ» бұл көршілес қырғыз елінің тілінде мағыналық жағынан шарға ұқсаған тас дегенге келеді екен. Десек те, тау жоталары жөніндегі барлық атаулар, бір-біріне жақын, адастырмас аксиома болары анық. Шартас атауын Чартас деп жазып, оны «Жартас» деп қазақшаға аударған Еркебай Қойшыбаев та бұдан басқа дерек қалдырмаған («Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» атты еңбегінде).

ТАС МҮСІНДЕР ЖӘНЕ ТАСТАҒЫ СУРЕТТЕР
Етектегі тегіс алаңқайда биіктігі 1,5 метрдей сыйынғыш қызыл гранит тас тұр. Тастың бетіндегі сурет және оның мазмұны сол аймақ тұрғындарының өз уақытындағы діни сенім бағытын айқындайтын кескін салынған. Соған қарап бұл аспанасты ғибадатхананың орны болар деген жорамал жасауға болады. Демек, тастағы сурет мазмұны ислам мәдениетінен бұрынғы кездегі, діни нанымды айқындайтын орын болғанын білдіреді.
Салмағы жүздеген тонна, биіктігі он метрдей қызыл шомбал тастың шеті тесілген, жеңді білек сыятындай, шамамен отыз сантиметрдей болар. Оған кезінде қырғыздың Манас батыры Аққұла тұлпарын байлапты деп ел аңыз айтады. Арқандалған арғымақ ат құйқалы майда қырқаларда жайылып, Текес өзеніне түсіп су ішетін көрінеді. Ал Шартас пен Текес өзенінің арасы 20 шақырымдай.
Тесік тастан басталған тас жабдықтар; түңлік тас, табақ тас, астау тас, стол тас, бесік тас, диірмен тас, түйе тас, тоқпақ тастар ашық аспан астында жатқан музейдің экспонаттары сияқты әсер береді. Келушілер стол тасқа дастарқанын жайып тамақтанса, берекеге кенеледі деген де наным бар. Мұндағы тас көріністерінің келбеттері сан алуан, оның әрқайсысына әртүрлі баға беріп, әр қырына қарап әр нәрсеге ұқсата беруге болады. Шор тастар аспандағы бұлттар сияқты қиялға қамшы салдырады.
Екінші Шартастағы Манастың аты байланған тасқа жақын «Көтек тас» тұр. Биіктігі екі метрдей үш тастан тұратын осы бейненің «Көтек тас» аталуы жоңғар басқыншыларының соғысымен байланысты көрінеді. Алапат жылдары жас қазақ қызы жоңғарлардың қолында кетеді. Шапқыншылықта қолға түскен қазақ қызын жоңғарлар өздерінің бір дөкейіне тарту етеді. Кезінде дөкей болғанмен, қартайып көкей болған қалмақ қыздың тым жас екенін көріп, «өссін, қалғанын уақытында көреміз» деп, тұтқынды қолбала ретінде ұстайды. Араға біраз уақыт салып қыздың ағасы қарындасын іздеп барған екен. Диуананың кейпіне енген жігіт қарындасын табады. Жігіт көп ойланып әуре болмай, көкейдің қызын қоса алып, Шартастағы көп үңгірдің біріне тығылыпты. Өздерін таба алмаған жаудың ұзап кеткеніне көзі жеткен қашқындар Шартастың аузына келсе керек. Сонда қыздар біріне-бірі сүйеніп тұрған тастарды көріп, «ой, көтек, ұят болды-ау, ұятсыз тас екен» десе керек. Содан «Көтек тас» аталыпты.
Шартастағы жұмбақ тастар жөнінде де әңгімелер көп. Соның бірі батыр Ер Көкше салдырған қорғанға қатысты. Бүгінде жұрнағы қалған төбешікті батырдың қосабасы дегенді айтады.
Өткен ғасырдың 80-жылдары осы маңда балық өсіру үшін тоған қазылыпты. Сол кезде жер астынан күйдірілген қыш кірпіштер мен тас кірпіштер табылған. Бірақ осы кірпіштердің ізіне ешкім түспей, табылған тарихи заттар әркімнің уысында кетті. Бүгінде оларды ел ішінен іздеп табу да қиын. Дегенмен кірпішті айтпағанда, Шартаста ғасырлардан бері сыры мен сынын сақтап тұрған суреттер мен петрографтар жеткілікті. Самұрық құстың бейнесі, арыстандардың шайқасы, жан-жануарлардың келбеті тасқа қашалып салынған. Олардың қай ғасырда жазылып, сызылғаны, мәні мен мазмұны әлі нақты емес. Шартас тарихшылар мен археологтарды сарғая күтіп жатқан алтын местей. Тас бетіндегі бұғыға қарасаң (суретте), сол заманның шедевр туындысы екеніне ешбір күмәнің болмайды. Мүйізі сегіз салалы бұғы суретінің көлемі тірі бұғымен шамалас. Шартаспен жалғасып кететін Шыныбек сайындағы тақта тастарға салынған суреттер тіпті өзгеше. Орындау шеберлігі мен мазмұнының өзгешелігіне тақта тастың әсері шығар. Арасы жақын екі сайдағы сурет кескіндерін бір-бірімен салыстыруға келмейді, екеуі екі дәуірдің еншісі, ұрпаққа қалдырған аманаты сияқты.
Ел аузындағы аңызға қарағанда, тастар галереясының ортасына бағзы заманда Қытай көмбесі, сондай-ақ жауынан қашқан жоңғарлардың алтын қазынасы жасырылған. Бірақ сол қазынаның сыры әлі де шешуі жоқ жұмбақтай.

ШАРТАСТАҒЫ ҮҢГІРЛЕР
Шартас тау жоталарында нақты қанша тас үңгір бар екенін ешкім айта алмайды. Осы өңірді жайлаған малшылар мен аңшылар тас үңгірлер санын он шақты деп қана түгендейді. Өкінішке қарай, өңір тарихын жетік білетіндер қалмады. Заманның алмағайып түрлі залалынан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ақпарат желісі үзіліп, шекара шетінде елден «бөлініп» қалған Шартасты кейінгі ұрпақ көрмей өсті. Ал қасиетті қара шалдардан қалған аз сөз бойынша, Шартастағы әр үңгірдің өз тарихы бар. Тіпті кейбір үңгірге таудың бір қапталынан кіріп, екінші қапталынан шығуға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, шекара шетінде жатқан Шартастың осы үңгірлерін жергілікті халық аралай алмайды. Себебі екі мемлекет ортасындағы бұл жер шекарашылар күзетінде. Дегенмен ел шетіндегі, жел өтіндегі белгілі де белгісіз, тарихы толық ашылмаған Шартастың құпиясын «Туған жер» бағдарламасы арқылы неге ашпасқа?

Сайлаубай АҒЫБАЕВ
Алматы қаласы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз