1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №42 (16125) 31 мамыр, сейсенбі 2016
31 мамыр 2016
Түрмеден – радаға

САВЧЕНКО САЯСАТ МАЙДАНЫНА ШЫҚТЫ

Табаны туған жерiне тиiсiмен Надежда Савченко Украинадағы ең танымал саясаткерге айналды. 2 жыл бойы Ресейде тұтқында болған оның әуежайдағы алғашқы мәлiмдемелерi ұшқыш қыздың елдегi саясатқа жаңа леп әкелетiнiн сездiрткендей болды.
Алдымен Надежда Савченко әуежайда өзiн қарсы алған “Батькивщина” саяси партиясының жетекшiсi Юлия Тимошенконың жайған құшағына құлап түспей, салқын ғана қолын берiп амандасты. Мұны ол “өздерiнiң жақын таныс еместiгiмен” тү­сiндiрдi. Савченконың осы партияның мүшесi екенiн әрi осы партия атынан Жоғарғы Радаға депутат боп сайланғанын ескерсек, бұл әрекетi көп жайдан хабар бередi. Савченко президент Порошенкомен кездесiп, оның қолынан «Алтын Жұлдыз» орденiн және Украина Батыры атағын алғанда да салқын қанды қалпынан мiз бақпады. Тұтқыннан босат­қаны үшiн Петр Порошенкоға алғыс та айтпады, оның орнына “оларсыз саясаткерлер тұяғын да қимылдатпас едi” деп, халқына алғысын бiлдiрдi. Украин саяси сарапшылары Савченконың бұл әрекеттерiн ескi саяси элитамен ымыраға барғысы келмейтiн жаңаша ойлайтын саяси тұлғаның қадамы ретiнде бағалауда. Өз кезегiнде Савченко саясатпен айналысатынын жасырмады. Бүгiн ол Жоғарғы Рададағы ал­ғашқы жұмыс күнiн бастайды. Елге оралған алғашқы күндерi-ақ, батыр қыз халықтың ыстық ықыласына бөленiп үлгердi. Бұған бiр жағынан Надежданың әуежайдағы алғашқы кезде­суiнде ең алдымен ұлдары соғыс­тан қайтпаған украин аналарынан тiрi қалғаны үшiн кешiрiм сұрап, соғысты тоқтату үшiн, Украинаның бiртұтастығы жолында соңғы демi қалғанша күресетiнi туралы айтқан жалынды сөздерi едәуiр әсер еттi деуге болады. Савченко рақымшылық жасағаны үшiн Ресей президентi Владимир Путинге алғыс айтудан бас тартты. “Дождь” телеарнасына берген сұхбатында украинның ұшқыш қызы “ресейлiк билiкке алғыс айтпайтынын” мәлiмдедi.
Украинадағы сарапшылар Надежда Савченконың саяси қызметi елдегi билiк пен оппозицияға бiрдей оңайға соқпайтынын айтады. Порошенконың бiтiспес қарсыласына айналған Юлия Тимошенко партиясы Савченконы өз мақсатына пайдалануға тырысатыны анық. Алайда ұшқыш қыздың тiк мiнезi мен Тимошенкоға деген көзқарасы бұл жоспарының жүзеге аса қоятынына күмән тудырады. Кей дерек көздерi Тимошенко мен Савченконың екi сағаттық кездесуi аса мамыражай өт­пегенiнен хабар бередi.
Iс жүзiнде “Батькивщина” партиясында қазiр қос бiрдей көшбасшы әйел пайда болды дей аламыз, ал бұл жағдайдың түбi екеуiнiң саяси қақтығысына әкелерi анық. Кей сарапшылар, Надежда саяси қызметiнде қателiк жiберiп алмаса, Тимошенконың өзiн саяси алаңнан аластауы мүмкiн деп сәуегейлiк жасауда. 
Өз кезегiнде президент Порошенко Надежда Савченконың Еуропадағы жоғары беделiн сыртқы саясаттағы мақсаттарына пайдалануға тырысуы мүмкiн. Бiрiншi кезекте украин пре­зидентi Надежда Савченкоға жаңа Украинаның бейнесiн қалыптастыруды және Ресейдiң Украинаға қарсы басқыншылық саясатын әшкерелеудi ұсынуы да ғажап емес.
Алайда Порошенконың ресми қабылдауынан соң, президентпен оңаша әңгiмелесуден гөрi қаруластарымен кездесудi артық көрген Савченконың билiк үшiн “оңай шағылатын жаңғақ” еместiгi түсiнiктi болды. Оның үстiне Надежда Савченко ең алдымен Ресейдегi және Путиннiң қолдауына сүйенген сепара­тистердiң қолындағы тұтқындарды босатуға күш салатынын жария еттi. Савченконың Донбасс­та сайлау өткiзу туралы жаңа заңға қарсы болары айдан анық. Бұл орайда “өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмауға” тырысқан украин саясаткерлерi үшiн Савченко үлкен кедергiге айналады. Бетiң бар, жүзiң бар демей­тiн украинның батыр қызынан Жоғарғы Рададағы депутат әрiптестерi де қаймығып қалғандары сөзсiз. Өйткенi Савченко алғашқы мәлiмдемелерiнен-ақ, екiұшты сөйлемейтiнiн және билiк өкiлдерi үшiн үйреншiктi “ымыраластыққа” көнбейтiнiн анық аңғартты.
Әрине, Савченконың бiрбет­кейлiгi мен саясаттағы тәжiри­бесiнiң аздығы оның өзiне таяқ боп тиюi де мүмкiн. Мұндай батыр жан аңғалдығынан қулық-сұмдыққа толы саяси ойындардың құрбанына айналуы да ғажап емес. Дегенмен, әр қадамын анық басса, Савченконың “тә­жiрибесiздiгi” мен саяси “тазалығы” керiсiнше, украин саяси жүйесiндегi сарысүйек элита үшiн үлкен соққы болуы мүмкiн.  
Әдiл Ұзақбай.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті