1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №51 (16133) 28 маусым, сейсенбі 2016
28 маусым 2016
«Тәуелсiздiк алған күн»

Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын қалаған Brexit жақтау­шылары 24 маусымды тәуелсiздiк алған күн деп қабылдаса, интеграцияны қолдаушылар қайта референдум өткiзуге үндейтiн петицияға қол жинауға кiрiстi. Әзiрге оған 3 миллионнан астам адам қол қойды. Қалай болғанда да бұл референдум елдегi өзгерiстердi халық жасайтынын, ал мемлекеттi басқарушылар өз iстерi үшiн саяси жауапкершiлiк арқалайтынын көрсеттi.

Үш ерекшелiк
Ұлыбританияға сәуiр айының ортасында аяқ басқан едiк. Содан берi әр жерде референдум­ға қатысты қызу пiкiрталас пен ойталқы ұйымдастырылатын, үлкен саяси шешiмге дайындық науқанының лебi сезiлетiн. Өзiм қазiр оқып жатқан Ұлыбританияның солтүстiк шығысындағы Дарем университетiнiң әр департа­ментi мен әр жатақханасы «Еуроодақта қалу керек пе, әлде шыққан дұрыс па?» деген тақырыпта пiкiрталас пен талқылау өт­кiздi. Оны былай қойғанда, телеарналар күн сайын эфирiнiң бiр бөлiгiн референдум тақырыбына арнап, Еуроодақтан шығуды жақтаушылар мен қалуды қолдау­шылардың пiкiр бiлдiруiне бiрдей мүмкiндiк ұсынатын.
Ақыры 24 маусым да келiп жеттi. Қазақстандағы сайлаудан айырмасы, һәм референдумның бiрiншi ерекшелiгi, 23 маусымның өзге күндерден айырмасы болған жоқ. Бiздiң елдегiдей алакеуiмнен бастап сайлау учаскелерiнде даңғырлап тұрған музыка естiмедiк. Референдум өткен күнi Ливерпуль қаласында болдым. Ливерпуль өзiм тұратын Дарем қаласынан үлкенiрек, бәлкiм, референдумның атмосферасы сонда сезiлер деп ойлаған едiм. Бiрақ әйгiлi «Битлз» тобының туған қаласында да мүлгiген тыныштыққа кез болдым, көшеде ығы-жығы халық жоқ, дауыс беру үшiн топ-тобымен учаскелерге ағылған студенттер де көзге көрiнбедi. Осылайша британдықтар күнде­лiк­тi тiршiлiгiнен ажырамаған күйi ел өмiрiне үлкен өзгерiс әкел­дi.
Екiншi ерекшелiк, халық пiкiрiн зерттейтiн орталықтардың ешқайсысы референдумның нәтижесiн алдын ала дөп басып болжай алған жоқ. Яғни интрига соңына дейiн сақталды. Тiптi дауыс беру аяқталған соң халықтың басым бөлiгi Еуроодақта қалуды қолдады деген ақпарат жарияланды. Бiрақ таңертең британдықтардың 51,9 пайызы одақтан шығуға дауыс бергенi белгiлi болды.
Үшiншi ерекшелiк, референдумға 72 пайыздан астам дауыс берушi қатысты. Бұл – өте жоғары көрсеткiш, тiптi 1997 жылғы сайлаудан дауыс берушiлердiң мұнша пайызы сайлауға қатысып көрмеген. Бұл әрбiр британдық өз даусының салмағы бар екенiн түсiнетiнiн көрсетедi. Әрi бұл шын мәнiнде де солай.
 
Саяси жауапкершiлiк
Референдумның ертесiнде брифинг өткiзген премьер-министр Дэвид Кэмерон қызметiнен кететiнiн мәлiмедi. Ұлыбритания­ның Еуроодақта қалуын қолдаған Д.Кэмерон әуелi одақтан шығуды жақтап дауыс берген британдықтарды жеңiспен құттықтады. Артынша бiрiккен король­дiк аумағында жұмыс iстеп жүрген мигранттарға референдум нәти­жесi бiрден әсер етпейтiнiн, одақтан шығу бiрте-бiрте iске асатынын түсiндiрдi. Өзi премьер-министр қызметiн атқарған алты жыл iшiнде нендей өзгерiс­тер жасалып, жеткен жетiстiк­тердi тiзiп шықты. Сосын «келесi бағытқа бет алған кеменiң капитаны болу дұрыс емес екенiн» жеткiзiп, елге жаңа басшы ке­рек­тiгiн, өзi премьер-министр қызметiнен және консервативтi партия басшылығынан кететiнiн мәлiм еттi.
Консервативтi партияның жаңа жетекшiсi биылғы жылдың қазанында өтетiн партиялық конференцияда сайланады. Қазiргi кезде Дэвид Кэмеронның орнын басатын ең ықтимал тұлға – Лондонның бұрынғы мэрi, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын қызу қолдаған, осы науқанның басы-қасында жүрген 52 жастағы Борис Джонсон. Саясатқа журналистикадан келген Джонсонның партияның көшбасшысы болу және жаңа премьер-министр атану мүмкiндiгi жоғары болғанымен, арғысы оның партия­ластарына байланысты. Пар­тия­ластар Джонсонға елдi жауапты кезеңде басқарып, Еуроодақпен жаңа байланыс орнатуды сенiп тапсыра ма, әлде басқа адамды таңдай ма, ол жағы тек қазанда белгiлi болмақ.
Қалай болғанда да Д.Кэмерон саяси жауапкершiлiктiң озық үлгiсiн көрсеттi. Кезiнде Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу жөнiндегi референдум мәселесiн көтерген де Д.Кэмеронның өзi. 2013 жылдың қаңтарында қазiргi премьер-министр өз партиясы жеңiске жетсе, Ұлыбританияның Еуроодақтағы мүшелiгi жөнiнде келiссөз жүргiзiп, ары қарай референдум ұйымдастырылатынын уәде еткен. Содан берi Еуроодаққа бiрқатар талап қойған Ұлыбритания 2015 жылдан берi келiссөз жүргiзiп, талаптарын орындатқан болатын. Ақыры Д.Кэмерон референдум өтетiнiн, бiрақ өзi Ұлыбританияның Еуроодаққа мүше болып қалуын қалайтынын жария еткен. Ендi мiне, Д.Кэмерон кезiнде өзi бас­таған саяси ойынның құрбанына айналды. Десек те қызметiмен қош айтысып, тiзгiндi өзгеге берудiң өзi – саяси жауапкершiлiк.
 
Бұлыңғыр жоспар
Ал жеңiске жеткен, әу астан Брекситтi қолдап, Еуроодақтан шығуға үгiттеген саясаткерлер не дейдi?
Еуроодақтан шығу керек деген науқанның басы-қасында жүрiп үгiттеген саясаткерлер ең алдымен Ұлыбританияға ағылатын мигранттар санын азайту, «Еуроодаққа апта сайын құйылатын 350 миллион долларды өзiмiзде қалдырып, NHC-ке (Ұлттық денсаулық сақтау қыз­метi) бағыттау» мақсатын алға қойған едi. Бiрақ референдумның ертесiнде Брексит науқаны көшбасшыларының бiрi Найджел Фарадж телеарналардың бiрiне берген сұхбатында 350 миллион долларға қатысты көтерiлген ұранның қате екенiн мойындады. «Мен бұл ақшаның NHC-ке құйылатынына кепiлдiк бере алмаймын. Өйткенi бұл «Еуроодақтан кетейiк» деген науқаннан кеткен қателiк болды», – дедi ол. Британдықтардың қанша бөлiгi апта сайын кететiн 350 миллион доллар үшiн референдумда Еуроодаққа қарсы дауыс бергенi белгiсiз. Алайда бұл үгiт-насихат британдықтарға қатты әсер етiп, қарсы дауыс беруде шешу­шi рөл атқарғаны анық.
Бұлыңғыр үгiт-насихат өз дегенiн жасады. Ендiгi кезекте күн тәртiбiнде Еуроодақпен келiссөз жүргiзу мәселесi тұр. Еуроодақтан шығу процесi екi жылға созылмақ. Д.Кэмерон келiссөз қазанда басталатынын мәлiмдегенiмен, Еуроодақ же­текшiлiгi тұманды альбион елiнiң келiссөздi жедел бастап, одақтан тезiрек шығып кетуiн қалайды. Әзiрге Ұлыбританияда Еуроодақтан шығу қалай iске асырылады, келiссөздi кiмдер жүргiзе­дi, одан кейiн не болмақ деген мәселелерге қатысты нақты жоспар жоқ.
Брексит Бiрiккен корольдiк iшiндегi кикiлжiң мен жiк-жiкке бөлiнудi тағы бiр мәрте айқындап бердi. Англия мен Уэльс Еуроодақтан шығуды қолдап дауыс берсе, Солтүстiк Ирландия мен Шотландиядағы дауыс берушiлер интеграцияны қолдап дауыс берген. Әсiресе, шотландықтардың 62 пайызы Еуроодақта қалуға дауыс бергендiк­тен, Шотландия жетекшiлiгi референдумның жалпы нәтижесiне риза емес. Шотландияның бiрiн­шi министрi Никола Стерджен референдум нәтижесi шыға салысымен, мұнда шотландықтардың мүддесi ескерiлмегенiн, сондықтан Ұлыбританиядан тәуелсiздiк алу мәселесi қайтадан күн тәртiбiнде тұрғанын мәлiмдедi. Референдумнан кейiн жүргiзiлген әлеуметтiк зерттеу дәл қазiр Шотландияда тәуел­сiз­дiк мәселесiне қатысты референдум өтсе, 50 пайыздан астам дауыс берушi Ұлыбритания құрамынан шығуды жақтап дауыс беретiнiн көрсеттi. Бұдан бөлек Н.Стерджен шотландиялық парламент Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына вето қоя алатынын және парламентарийлердi соған шақыратынын мәлiмдедi. Айтуынша, келесi аптадан бастап Шотландия Брюссельде ЕО құрамында қалу жөнiнде келiссөз жүргiзбек.
Бiреулер Еуроодақтан ажырайтынына қуанып, тәуелсiздiкке ие болдық деп қалпағын аспанға атып жатса, ендi бiр британдықтар қиын кезеңге тап келдiк деп есептейдi. Референдумнан кейiн едел-жедел британдық фунт стерлингтiң бағамы 1985 жылғы деңгейге дейiн бiр-ақ түстi. Кеше фунт стерлинг бағамы тағы арзандады. Бiрақ Брекситтi қолдап дауыс бергендер алдағы уақыттан жаңа леп, өзгерiстер күтедi. Ең бастысы, одаққа кiрудi де, одан шығуды да халық шешедi. Демек, мемлекеттiң тағдыры осы саналы өзгерiстi жасаған халықтың қолында.
 
Елнұр Бақытқызы,
Лондоннан
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті