1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16137) 12 шілде, сейсенбі 2016
12 шілде 2016
«Варшава шарты»: Ресей қаупi мен «қырғи-қабақ соғыс»

НАТО әскери ұйымының кезектi саммитi дәл қазiргi жағдайда Польша астанасында өткенi тарихи мысқыл iспеттi. Өйткенi осыдан 61 жыл бұрын осы елдiң бас қаласында Кеңес Одағының жетекшiлiгiмен социалистiк лагерьге кiрген елдердiң әскери одағы – “Варшава шарты” пайда болған едi. Ал бүгiнде Польша НАТО-ның ең белсендi мүшесi әрi Ресейдiң ұйым аясындағы бiтiспес қарсыласы.

Солтүстiк Атлантикалық әскери одақ пен Ресей арасындағы текетiрес сол кездегi “қырғи-қабақ соғыстағыдай” болмаса да, бiр-бiрiне жылы қабақ танытпайтыны да белгiлi. Варшавадағы саммит кезiнде украин мәселесi ресми көтерiлмегенiмен, “украин дағдарысы” барлық құжаттар мен мәлiмдемелерге ықпалын тигiздi. Ресейдiң Қырымды тартып алғаны, Украинаның шығысындағы сепаратистердiң бүлiгi мен “әдептi” әскерилердiң әрекетi Еуропадағы стратегиялық қауiпсiздiк жағдайына түбегейлi әсер еттi.
Шын мәнiнде Путин өз әре­кетiмен Кеңес одағы құлағалы берi қалың ұйқыға кеткен НАТО-ға қайта жан бiтiрдi деуге болады. Әрине, Солтүстiк Атлантикалық альянстың барлық мүшесi бiрауыздан Ресеймен жағаласуға әзiр емес. Франция, Италия секiлдi елдердiң басшылары Ресеймен “стратегиялық әрiптес” болуға әзiр екендерiн бұл жиында да бiлдiрдi. Екiншi жағынан, Польша, Балтық жағалауы елдерi сияқты ұйымға жақында кiрген елдер Ресей туралы пiкiрлерiн мәймөңкелемей кесiп айтуда. “Үлкен ағаның” қолтығында болған бұрынғы социалистiк лагерь елдерi қазiр НАТО-дан өздерiн Ресейден қорғауды талап етуде. Әрине, дәл қазiр Ресейдiң танк­терiн баяғы Прагадағыдай ешкiм Еуропада серуендетiп қоймасы анық, бiрақ НАТО-ға мүше елдер Ресейдiң Украинада сынақтан өткiзген “гибридтi” соғысынан қауiптенедi. Әсiресе орыстiлдi тұрғындары әлi де басым Латвия, Литва, Эстонияның алаңдамасқа амалдары жоқ.
Поляк СIМ кеңесшiсi Пшемыслав Граевский саммиттегi сөзiнде ресейлiк элитаның басым бөлiгi КГБ мен ГРУ өкiлдерi екенiн, сондықтан елдi де сондай мәнерде басқаратынын айтты. Ал Эстонияның Ресейдегi бұрынғы елшiсi Юрий Люик Ресей билiгi “Өз елiнiң адамдарына түгелдей әскери киiм кигiзудi қалайтын жандардан тұратынын” мәлiмдедi.
Саммит барысында олардың қалауы жартылай орындалды деу­ге болады. 2017 жылдан бастап Балтық жағалауы елдерiнде НАТО-ның төрт батальоны шексiз мерзiмге орналасады. Әскер саны аз болса да, Польшада орналасқан АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесiн есепке алғанда, бұл бiрiншi кезекте НАТО-ның өз одақтастарын қорғауға дайын екенi туралы Ресейге жасаған ескертуi. Оны НАТО-дағы ең бас­ты ойыншы — АҚШ-тың пре­зидентi Барак Обаманың “НАТО бәрiне Альянстың кез келген мүшесiн қорғайтыны туралы белгi бердi” деп мәлiмдегенiнен де ұғуға болады.
Дегенмен саммит барысында НАТО-ға мүше елдер арасындағы Ресейге қатысты бiрауызды саясат туралы айтуға әлi ерте екенi байқалды. Ұйымға мүше “оңтүс­тiк” елдерiн Ресейден көрi, ИМ секiлдi террорлық ұйымның Шығыста салып жатқан лаңы толғандырады. Ал “солтүстiк” басты қауiптi Ресейден күтедi. Сол себептi де НАТО саммитiндегi мәлiмдеме­лердiң ауаны “Ресеймен күрделi келiспеушiлiктер бар, бiрақ бiр-бiрiмiзге жау емеспiзге” ауды. Мұны жақсы түсiнген белдi саясаткерлер “Еуропалық қауiпсiздiк” үшiн бiрiгудiң маңыздылығын ерекше атап өттi. Мәселен, НАТО аясындағы әскери мұқтаждықтарға АҚШ секiлдi ЖIӨ 2 пайызына тең қаржы жұмсап отырған әрi ядролық держава болып табылатын Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы әскери одақтағы қарым-қатынасқа салқынын тигiзбеуi тиiс деген сөз баса айтылды. 
Финляндияның НАТО-ға мүше болу мүмкiндiгi төңiрегiндегi әңгiме Ресейдiң мазасын алатын түйткiл. Черногория, Македония секiлдi елдермен салыстырғанда бұл бүйiрiңнен пышақ тақағандай жайсыз жағдай. Саясаткерлердiң саммиттегi сөздерiнен көрi Кремльдi НАТО-ның әскери теңiз күштерiне қаржы бөлуi, саммит аясында ұйымдастырылған көр­медегi әскери техника және Украи­наға әскери көмек көрсету туралы шешiм қатты алаңдатады. Дәл қазiргi жағдайда Ресейдiң өзi де НАТО-мен текетiрестi өршiтуге дайын емес. Ең бастысы, Варшава саммитi НАТО-ға мүше ел­дердiң “бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол” шығаруға дайын екенiн паш етуi тиiс едi. Ал оның Путинге қаншалықты әсер еткенiн осы аптада өтетiн НАТО мен Ресей арасындағы кездесудiң нәтижесiне қарап бағамдауға болады.
 
Әдiл ҰЗАҚБАЙ.
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті