1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16139) 19 шілде, сейсенбі 2016
19 шілде 2016
Түркияны өзгерткен түн

Бiр қарағанда, Түркиядағы әскери төңкерiс жасау әрекетi бұған дейiнгi әскердiң елдегi жағдайға араласуынан еш айырмашылығы жоқ секiлдi көрiне­дi. Бiрақ бұл төңкерiс бұрынғыларға мүлдем ұқсамайды және сонысымен де саяси сарапшыларды былай қойғанда, түрiк халқының өзi үшiн де түсiнiксiз болып тұр.

Түрiк армиясы Османлы империясының жұртында Түрiк Республикасының негiзiн қалаған Мұстафа Кемаль Ататүрiктiң кезiнен бастап зайырлы әрi демократиялық мемлекеттiң қорғаушысы саналады. Ататүрiктiң өсиетiмен түрiк әскерi мемлекетшiл қағидалардан ауытқыған басшыларды тақтан тайдырып, демократиялық сайлауда жеңiске жеткендерге билiктi тапсырып, казармаларына қайтып кететiн. Түркияның тарихында 1960,1971, 1980 жылдары осындай әскери төңкерiстер болды. Одан бергi тарихында 1997 жылы әскерилер төңкерiссiз, қоқан-лоқымен-ақ, Түркияның қазiргi президентi Режеп Ердоғанның ұстазы саналатын премьер Недж­меттин Ербақанды билiктен кетуге мәжбүр еткен. Ербақанның исламдық партиясын да таратып жiбердi.
Ендi жаңа әскери бүлiктiң өзгеше­лiгiне тоқталайық. Бұл жолы бас көтерген әскерилер бiр мезетте Түркия астанасы Анкарада, елдiң стратегиялық орталығы – Стамбұлда және сол күнi президент Ердоған демалып жатқан Мармаристе бүлiк шығарды. Бұрын түрiк әскерiнiң төңкерiсiн Бас әскери штаб бастаса, бұл жолы бүлiк көтерген әскерилер Анкарада тiкұшақпен Бас штабқа бомба тастады. Ердоған билiкте отырғалы берi бiрнеше рет тазартудан өткен жоғарғы әскери басшылықта негiзiнен қазiргi президентке адал генералдар қалды. Одан кейiн бүлiкшiлер Ердоғанның Мармаристе демалып жатқанына қарамастан, президент сарайын көздедi. Президент партиясы басым орынға ие парламент ғимараты да түрiк елiнiң тарихында тұңғыш рет оқ астында қалды. Стам­бұлда әскер елдiң бас мемлекеттiк телеарнасы мен CNN Turk арнасын басып алды және Босфор бұғазы арқылы өтетiн көпiрдiң бәрiн жауып, елдiң ең iрi әуежайы – Ататүрiк әуежайының жұмысын тоқтатты.
Мармаристе Ердоған демалып жатыр делiнген қонақүйге әуеден соққы жасалды деген мәлiмет бар. Бiр қарағанда, бүлiк шығарғандар басты нысаналарға соққы жасай отырып, қысқа уақытта Ердоғанды билiктен тайдыруды көздеген секiлдi. Бiрақ таңғаларлығы, “түрiк әскерi елде төңкерiс жасады” деген сарындағы хабарламалар тарағанымен, әскери төңкерiстi ешкiм мойнына алмады. Анкарадағы президент сарайына небәрi 13 жауынгердiң шабуыл жасағаны әскери iлiмнен хабарсыз жанға да түсiнiксiз жағдай. Төңкерiсшiлердiң өзегi болған әскери әуе күштерiнiң Стамбұлға бет алған президент ұшағын атып түсiруге талпынбағаны да жұмбақ. Күндiз-түнi кiсi арылмайтын Босфордағы көпiрлерде аяқ-астынан әскери танктердiң пайда болғаны түрiктердiң өздерiн таңдандырды. Әскери төңкерiс жасаудан бай тәжiрибесi бар елде төңкерiс бұлай жасалмаса керек. Бүлiк шығарғандар Бас штабтан басқа мемлекеттiк құрылымдардың бiрде-бiрiн басып алған жоқ. Және бұл жолы көшеге шыққан халық әскердi емес, ресми билiктi қолдап кеттi. Мұздай қаруланған әскердi халық пен полицейлер жалаңаш қолдарымен жеңдi. Түркия тарихындағы ең түсiнiксiз түнде болған оқиғалардағы осындай қайшылықтардан екi бiрдей жорамал туады.
 
ТҮЛЕН ТҮРТТI МЕ, ГҮЛЕН ТҮРТТI МЕ?
Түркия жұртшылығында бұл оқиғаны Ердоғанның өзi ұйымдастырды деген пiкiр бар. “Төңкерiстi” президентке жақын адамдар ұйымдастыруы немесе Ердоғанның сая­сатына наразы әскерилердiң президенттi тақтан тайдыру жоспарын бiлiп қойған билiк оны өз мақсатына пайдалануы да мүмкiн. Осы арқылы Ердоған әскердегi “оппозиция мүшелерiн” анықтап, оларды жазалауды және қан­ды қырғынды сылтау етiп президенттiк, демек өзiнiң жеке билiгiн нығайтуды көз­деуi де ғажап емес. Бұлай дейтiнiмiз, қысқа уақытта билiк бүлiкшiлердi басып қана қоймай, бүлiкке қатысты деген айыппен мыңдаған адамды қамауға алып үлгердi. Ал ең басты уәж – ұзақ жыл ел билеп отырған түрiк прези­ден­тiнiң жеке-дара билiк құруға, түрiк сұлтаны болуға ұмтылысы. Бұған дейiн Ердоған референдум арқылы әскердi Ататүрiк конституциямен шегелеп кеткен “демократияны қорғау” құқығынан айырды. Яғни, бұрын түрiк әскерi министр, президент немесе депутаттарды қамау­ға алғанда конституция шең­берiнде әрекет еткендерiне сүйене алса, ендi олар осындай қадамдары үшiн қылмыскер ретiнде жазаланады. Жақында түрiк президентi бiр ғана пәрменi­мен парламент депутаттарын қудалауға, соттауға мүмкiндiк беретiн заң қабылдады. Қыс­қа уақытта өзiнiң саясатымен келiспеген қос бiрдей үкiмет басшысын қызметтерi­нен қуды. Ердоған әскери төң­керiс үшiн өзiнiң басты қарсыласы Фетһуллах Гүлендi айыптауды да ұмытпады. АҚШ-та тұратын имам, “Қызмет” қозғалысының көсемi, миллиардер, мұсылман әлемiндегi ең беделдi тұлғалардың бiрi саналатын Гүлендi Түркияда кемiнде 6 миллион адам қолдайды деп саналады. Ең қы­зығы, Ердоғанның билiкке келуiне кезiнде Гүленнiң тiке­лей ықпалы болды деген сөз бар. Тағы бiр айта кететiнi, Гүлендi исламшыл деп айыптайтын Ердоғанның өзiн әсiредiншiл, лаңкестердi қолдаушы ретiнде көретiндер көп. Өз кезегiнде Ататүрiктiң қағидасынан айнымауға шақыратын Гүлен Түркия ешкiм­мен жауласпауы керек және ислам негiздерi бiлiмде, ағартуда жатыр деп санайды. Ердоғанның Гүлендi мемлекеттiк төңкерiс жасамақ болды деп айыптауы елде гүленшiлердi қудалаудың одан бетер кү­шейетiнiн бiлдiредi.
 
ВАЛЬКИРИЯ-2
Мемлекеттiк төңкерiстi Ердоғанның ұрда-жық саясатына наразы әскери топтар жасауы мүмкiн. Бұл жағынан Түркиядағы оқиға 1991 жылғы Кеңес Одағындағы ГКЧП-ның “тамыз бүлiгiн” еске түсiредi. Екеуiнде де әскерилер көшеге шыққан адамдардан қолдау таппай жеңiлдi. Екi жағдайда да төңкерiсшiлер ақпараттық соғыста сәтсiздiкке ұшырады.
Екi бүлiктiң алдындағы елдегi жағдай да ұқсас. Iс жүзiнде кеңес әскерiндегi жоғарғы қолбасшылық iшiнде ел билiгiнiң саясатына наразылар көбейдi. Кремльдiң кеңес жауынгерлерi мен офи­цер­лерiн Ауғанстандағы мағынасыз қанды соғысқа аттандырып, ақырында абыройсыз аяқталған саясаты да генералдар арасында бүлiкшiлер­дiң пайда болуына әкелдi.
Ердоған әпербақан саясатымен түрiк елiн, әскерiн Сириядағы қақтығысқа арандатты. Iс жүзiнде түрiктiң қазiргi билiгi алыптардың геосаяси ойынына араласып, пайда көргiсi келдi. Бiрақ соңғы оқиғалар Ердоғанның оңбай таяқ жегенiн көрсеттi. Төңi­регiн мазасыз көршiлер жайлаған Түркияның өзiнде терроршылар қаптап жүр, миграциялық дағдарыс шиеленiсiп тұр. Исламшыл, авторитарлық билiкке жақын Ердоған тү­рiктер ұзақ жыл мүше болуға ұмтылған Еуроодақпен де қарым-қатынасын нашарлатып алды. Брюссель түрiк сұлтанының дегенiмен жүретiн Анкарамен алыстан сыйлас­қанды жөн көредi. Ресеймен шиеленiс түрiк экономикасының экспортқа аса тәуелдi ауыл шаруашылығы, жеңiл өнеркәсiп және туризм саласын оңдырмады. Осындай жағдайда түрiк әскерiндегi тазартудан аман қалған ататүрiкшiл офицерлердiң бiр бөлiгi расымен де төңкерiс жасауға бел бууы мүмкiн. Егер төңкерiстi расымен әскерилер жасаған болса, бұл Ердоған билiгiнiң күнi таяп қалғанының белгiсi. Өйткенi жаңа заманда мемле­кеттiк төңкерiстер тiптi Африка елдерiнде де сирек кезде­се­дi, ал Мысыр мен Тунистегi осындай оқиғалардың неден пайда болып, немен аяқтал­ғанын көзiқарақты оқырман жақсы бiледi.    
Төңкерiстiң сәтсiз аяқталуына бүлiкке қатысы бар жоғары шендi әскерилердiң бiр бөлiгiнiң о бастан сатқындық жасауы немесе жеме-жемге келгенде Ердоғанның жағына шығып кетуi себеп болуы ғажап емес. Жоғары шендi әскери топтың жария түрде төңкерiстi мойнына алмағанына қарап, бүлiктi бастағандар соңғы сәтте алаңдағы жауынгерлер мен кiшi офицерлердi сатып кеттi ме деген ойға қаласыз. Армия генералдары бұйрықты орындауға үйренген әскердi өз ойындарына пайдалануы да мүмкiн ғой. Шұғыл түрде Анкараға емес, кез келген бағытта ұшуға болатын Стамбұлға бет алған Ердоған о баста елден қашуды ойлап, кейiн төңкерiс­шiлер арасында ауызбiр­шiлiктiң жоқтығын көрген соң батыл қимылдай бастады деп те жорамалдауға болады.   
 
ЕРДОҒАННЫҢ ЖЕҢI(ЛI)СI
Мемлекеттiк төңкерiстен Ердоған жеңдi дейтiнiмiз, түрiк президентi қанды қыр­ғынды пайдаланып, елдегi, әскердегi қарсыластарын ашық қудалауға, жазалауға кiрiседi. Ол мұны түрiк халқына жолдаған үндеуiнде жасырмай айтты. Ол прези­денттiк билiгiн шексiз қылу үшiн жазықсыз жандардың қанымен боялған мандатқа ие болды. Тарихтың әжуасын қарасаңызшы, Ердоған ең алдымен кеше ғана бiтiспес жау болған Ресей президентi Путиннен қолдау естiдi. Ататүрiк армандаған түрiк мемлекетi­нiң құрылымын құрдымға кетiрiп, тарих қойнауында қалған Османлы империясын құруды армандайтын түрiк сұлтаны салтанат құрып жатқан секiлдi.
Бiрақ төңкерiс түнi мүл­дем жаңа Түркияны оятты. Түрiк қоғамы тарихта тұңғыш рет әскерге қарсы шықты. Өзiне АҚШ, Еуроодақ басшыларына қолдау көрсеткенiне қарамастан, Ердоған адамдардың өзiн қолдап шыққанын ғана емес, олардың жалаңаш қолдарымен танктер мен қарулы жауынгерлерге қарсы тұруға дайын екендерiн де көруi тиiс. Өйткенi билiктi төңкеруге тырысты дегендерге қарсы бағытталған халықтың күшi ертең билiктi қорғайтын танктерге лап қоюы әбден мүм­кiн. Саяси, дiни, ұлтаралық қатынас жағынан түрлi топқа бөлiнген түрiк елi бiрауыздан таңдау да жасай алатынын көрсеттi. Бұл жағынан алып қарасақ, Ататүрiк идеясы Ердоғанды жеңдi. Әскерге демократияны диктатурадан қорғауды аманат етiп кеткен Ататүрiктiң арманы – түбiнде демократиялық құндылықтарды азаматтардың өздерiнiң қорғағанын көру едi. Демократиялық үкiметтiң талайын ауыстырған Түркия ол күнге жүз жыл жүрiп жеттi. Түркi әлемiнде демократиялық құндылықтарды үлгi тұтқан күштi мемле­кеттiң пайда болғаны бiз үшiн де аса маңызды болар едi.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ. 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті