1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16139) 19 шілде, сейсенбі 2016
19 шілде 2016
Арменияда бүлiк шықты

Өткен жексенбiде Арменияда патрульдi полицияның полкiне шабуыл жасалып, полиция бөлiмшесiн басып алғандар бiрнеше адамды кепiлге ұстады. Шабуыл кезiнде бiр адам өлiп, төрт адамның жараланғаны туралы дерек бар. Полиция бөлiмшесiн басып алғандар бiрқатар саяси талаптар қойды.

Армениядағы жағдайды Түркия­дағы оқиғалардың сарынымен мемлекеттiк төңкерiс ретiнде бағалағысы келетiндер көп. Бiрақ түрiк жерiндегi оқиғалардан айырмашылығы, Ереван көшелерiнен танк­тердiң жүргенiн, тiкұшақтардың әуеден соққы жасағанын көрмедiк. Әскер мен полиция армян билiгiне бағынышты күйiнде қалды. Кей дерек бойынша, 20 шақты қарулы адам астанадағы жалғыз полиция бөлiмшесiн басып алған. Мем­лекеттiк төңкерiс үшiн мұндай географиялық кеңiстiктiң тым тарлық ететiнi түсiнiктi.
Бiрнеше адамды кепiлге алғандар президенттiң билiктен кетуiн және түрмеде отырған оңшыл радикалды-саяси қозғалыстың жетек­шiсi, оппозициялық саясаткер Жирайр Сефилянды босатуды талап етуде. Армениядан жеткен деректерге қарағанда, шабуылды ке­зiнде Сефилянмен бiрге Таулы Қарабақта әзiрбайжандарға қарсы соғысқан “Сасна Црер” секiлдi ұлтшыл топтардың мүшелерi жасаған. Сефилянның өзiн маусым айын­да билiк әскери төңкерiс жасамақ болды деген күдiкпен қамауға ал­ған.
Жирайр Сефилян кеңес уа­қытында Ливандағы соғыста армян қауымдарының қатарында соғыс­қан, кейiн Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысқан тәжiрибелi әскери маман. Бiр кездерi Таулы Қарабақты қорғау армиясында басшылық қызметте болды. 2000 жылдан бастап Арменияның қазiргi билiгiнiң бiтiспес қарсыласына айналды. Сефилян бұған дейiн де бiрнеше рет қамалған едi. Бұл жолы оның жақтастары армян билiгiнiң саясатына наразы халықтың қолдауына ие боламыз деп есептесе керек. Соңғы уақытта Армениядағы ауыр экономикалық жағдайды елдiң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы ушықтырып жiбердi. Президент Серж Саргсянның билiктi уысында ұстап қалуға тырысуын да кедейлiк шегiнде күн көрiп отырған армяндар жаратпайды. Биыл сәуiр айындағы Таулы Қарабақтағы қақтығыс армяндардың билiкке деген наразылығын күшейттi.
Бiрақ, бүлiк шығарғандар елдегi билiктi құлатуды жариялағанымен халықтың қолдауына ие бола алмады. Демек, олар қазiрдiң өзiнде жеңiлiске ұшырады. Қазiр армян билiгi олармен келiссөз жүргiзуде. Және уақыт сөзсiз билiктiң пайдасына жұмыс iстеп тұр. Еревандағы бүлiктi желеу етiп билiк елдегi бiрқатар оппозициялық саясаткердi қамауға алып үлгердi. Олардың бұл оқиғаға қатысы болмауы да мүмкiн, “сақтықта қорлық жоқ” деген қағиданы ұстанған елдегi билiк оларды кейiн босатуы да ғажап емес.   
Арменияның жаңа тарихында 1999 жылы парламентке қарулы шабуыл жасалды, көшелерде қақтығыстар да орын алды. Бiрақ, қарулы жандардың мұндай қадамға баруы бiрiншi рет. Бұл армян билiгiне жасалған үлкен ескерту iспеттi. Елдегi жұмыссыздар армиясының күн санап артып келе жатқаны, жем­қорлықтың терең тамыр жай­ғаны Араратты кез келген сәтте атылатын әлеуметтiк наразылықтың жанартауына айналдырып отыр. Және елдегi жүйелi оппозицияны талқандаған билiк қарудың күшiмен, оқтың тiлiмен сөйлесуге әзiр, өздерi туындатқан жаңа қарсыласпен бетпе-бет келген секiлдi.
Әдiл ҰЗАҚБАЙ.    
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті