1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №77 (16159) 27 қыркүйек, сейсенбі 2016
27 қыркүйек 2016
Ильхам Әлиев отбасылық монархия құра ала ма?

Қыркүйектiң 26-сы күнi Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиев пен оның отбасының арманы орындалып, билiк көкке көтерiп мақтаған, оппозиция жерге ұрып сынаған референдум өттi. Осы елдi сырттай бақылап жүрген шетелдiк сарапшылар Әзербайжанда көп ұзамай билiк үшiн қақтығыс-тартыстарға жол ашылатынын болжайды.

Қорытындысы қазанның 21-iне дейiн жария­лануы тиiс бұл референдумда конституцияға енгiзiлмек басты өзгерiстiң бiрi – президенттiк мерзiмдi бес жылдан жетi жыл­ға созу. Қазiргi 54 жастағы президент Ильхам Әлиев 2003 жылдан берi билiкте отыр. Оның президенттiк өкiлеттiлiгi 2018 жылы аяқталуы тиiс-тi. Бiрақ 2009 жылы өткен референдумда «президент екi мәртеден артық сайлауға түспесiн» деген шектеу ел конституциясынан түсiп қалған.
Бұл жолғы референдумда көпшiлiк сынаған өзгерiстiң бастылары – президент өзi тағайындап, өзi қызметiнен босататын екi вице-президенттiк лауазымды енгiзу. Президент ел басқару мiндетiн атқара алмайтын шақта бұл жауапкершiлiк бiрiншi вице-президентке жүктелмек. Ал вице-президент мемлекеттi басқарудан бас тартса, онда кезек премьер-министрге тиедi. Қолданыстағы қазiргi заңда президент мемлекет басқара алмайтын жағдай туса, оның мiндетiн премьер-министр атқармақ. Референдумға шығарылған конс­титуциялық жоба бойынша президент кезектен тыс президенттiк сайлау жариялай алады. Парламент бiр жыл iшiнде екi мәрте үкiметке сенiмсiздiк танытса, конституциялық сот, жоғарғы сот, орталық банк төрағалығына президент ұсынған үмiткердi қолдамаса, оны таратуға құзырлы болады.
Сондай-ақ қазiргi заңнан «президенттiк үмiткердiң жасы кем дегенде 35-те болуы керек» деген шектеу алынып тасталып, депутаттыққа үмiткердiң де жас шектеуi 25-тен 18-ге түсiрiлмек. Жалпы, Әзiрбайжанда соңғы 25 жылда ел конституциясы осымен үшiншi мәрте өзгерiп жатыр. Сарапшылар прези­дент­тiкке және парламентке үмiткер­лер­дiң жас мөлшерiн азайту президент Ильхам Әлиевтiң 19 жастағы ұлы Гейдар Әлиев үшiн жасалып отырған қадам деп бiледi. Ал кейбiр болжамдар бойынша, референдумда қарастырылған бiрiншi вице-президент лауа­зымына президент Әлиевтiң әйелi, «Жаңа Әзiрбайжан» партиясының төраға орынбасары Мехрибан Әлиева немесе олардың ұлы Гейдар Әлиев тағайындалуы мүмкiн.
Егер ел аузындағы осы сөз шындыққа айналса, онда Орталық Азия елдерi iшiнде Әзiрбайжан бiрiншi болып таза монархиялық мемлекет атанбақ. Себебi, 1993-2003 жылдары президент болған Гейдар Әлиев тақтан кетер кезiнде баласы Ильхамды премьер-министрлiкке тағайындап, ол кейiннен әкесiнiң орнын басты. Ендi референдум қорытындысы билiк ойлағандай шықса, Ильхам Әлиев ешкiм сайламайтын, ешкiммен кеңесудi қажет­сiнбейтiн, парламенттiң өтiрiк болсын рұқсатын алуды талап етпейтiн бiрiншi вице-президентке өз ұлын немесе әйелiн еш қиналмай тағайындай алады. Және тағайындаған вице-президентi өзiне қиын-қыстау шақ туған сәтте мем­лекет­тi басқарып кете бермек. Яғни, билiктi “өз қанына” аманаттап берiп кетудiң заңды жолы салынбақ. Әлбетте, Әзiрбайжан шенеунiктерi бұл референдумға шыққан ұсыныстарды “тұрақтылықтың, демократияның кепiлi”, “басқару билiгiн, адам құқықтарын, бостандығын өте жоғарғы деңгейде қорғауға референдум қажет” деп уағыздады. Ал билiктiң мұндай бастамаларына соңғы айларда наразылық танытып, алаңға шыққан жүздеген жұрт полиция соққысының астында қалып, қамауға алынып, әкiмшiлiк жазаға тартылды. Елдегi оппозиция “конституцияны өзгертудегi мақсат – Әлиевтiң президенттiк мерзi­мiн ұзарту және оның отбасын билiкте қалдыру”, “отбасының iс жүзiндегi шексiз билiгiн конституцияға енгiзiп, оның авторитарлығын бекiтуге талпыныс” деп бағалады. Азаматтық бел­сен­дiлердi қудалап, құқық қорғаушыларының аузына қақпақ қойып тастаған Әзiрбайжандағы референдумның қорытынысы билiк күткен межеден шығатынына ешкiм күмәнданбайды.
Бiрақ шетелдiк сарапшылар мен мамандар Әзiрбайжан билiгi бұл жеңiстi ұзақ тойламайтынын меңзейдi. Мәселен,  Еуропа кеңесiнiң Вена комиссиясы Әзiрбайжан конституциялық реформасын, “ешкiм сайламай-ақ ел басқаратын вице-президент”, “негiзсiз бес жылдан жетi жылға созылған президенттiк мер­зiмiн” сынға алды. Ал Әзiрбайжан тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы жайында сараптама жазып жүрген ағылшын саясаттанушысы Томас де Ваал президент Иьхам Әлиев референдум арқылы шетiн шаралар­ға кеткенiн, бiрақ, Әзiрбайжан қоғамының көзi ашылып, соңғы жылдары ширығып алғанын жазады. Оның ойынша, Әзiрбайжан зиялы қауымы билiк пен халық арасындағы соңғы көпiрдi сақтап қалмаса, саяси төңкерiстер тоқтамайды. Томас де Ваал Әзiрбайжан үшiн аспаннан шексiз доллар жаудырған мұнай мен газ дәуiрi аяқталғанын және оның ендi қайтып келмесiн, ел билiгi бұрынғыдай тегiн ақшамен алыс-жақынға сүйкiмдi көрiне алмасын жазады. Саяси реформа жүргiзiп, шағын және орта кәсiпкерлерге, судьялар­ға, ақпарат құралдарына бостандық, еркiндiк бермесе елдегi кедейшiлiктiң одан әрi күн сайын көбейетiнiн, оның соңы билiктiң шекесiне таяқ болып тиерiн сөз етедi. Саясаттанушының пiкiрiнше, Ильхам Әлиев пен оның отбасылық билiгiнiң өзi қыл үстiнде тұр. Се­бебi, Ильхам Әлиев айналасындағы төрт-бес саяси топтың уысында отыр. “Рамиз Мехтиев, Рамиь Усубов, Кямаледдин Гейдаров, Артур Расизаде, Зия Мамедов секiлдi шенеунiктердi Ильхам Әлиев ұзақ жылдан берi қызметтерiнен ала алмай келедi. Олардың өзiне және айналасына ықпалдарын да азайта алмады” дейдi ағылшын саясаттанушысы. Бiр қызығы, Әзiрбайжан референдумының қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Бас ассамблеяда сөйлеген сөзiнде көптеген саяси жетекшiлер өз азаматтарының мүддесiн аяққа «таптап» жатқанына тоқталды. 
Сарапшылар қалай десе де, Әзiрбайжанда дүйсенбiде өткен референдум Ильхам Әлиевке отбасылық монархиялық билiк құруға жол ашты. Ендiгi мәселе осы жолмен олар жүре алар ма екен?
Жасұлан Ақкер,
Астана
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті