Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) бірқатар аудандарында қасқыр қарасының көбейгені төрт түлік малына сенген ағайын үшін қиын болып тұр. 10-15-тен топтанған түз тағылары қыстау-қыстауды жайлап, тіршілігін тыныш дөңгелетіп жатқан шаруаны былай қойғанда, ауыл-аймақтың өзіне ішкерілей еніп, шашау шыққан, қараусыз жүрген тайынша-торпақ, тай-жабағыларды жайратып кетіп жатқанға ұқсайды. Әсіресе таулы аймақтарда үш-төрт үйден қоныстанғандардың алаңдаушылығы басым.

Елдің ішін елеңдеткен осынау жайсыз хабарды ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы да растап отыр. Осы басқарманың жануарлар әлемін қорғау бөлімінің бас маманы А.Сапановтың айтуынша, Күршім, Зайсан, Бесқарағай аудандарында жұрт қарасының сиректігі өз алдына, ауылдарының да арасы алыс орналасқан. Бірақ мал өсіруге қолайлы, төрт түліктің қарасы көп болғанымен, қасқырдың қаптағаны жанға жай таптырар емес.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы аңшылық науқанның басталғанын жариялап, аңшыларға қасқыр атуға рұқсат бергенімен, оның қарапайым тұрғындар үшін пайдасы шамалы. Аталмыш инспекция тарапынан аңшы куәлігі мен қару ұстауға рұқсат қағазын алғандардың ғана аңға шығуына мүмкіндік бар. Ал малын аман сақтағысы келген былайғы жұрттың қарасы күн өткен сайын қарасы артып бара жатқан қасқырдан қалай қорғанары әзірге беймәлім. Бір жағынан қарусыз, бейқам келе жатқанда тұтқиылдан кез болатын түз тағыларын арнайы шығып аулау да оңай іс емес.

— Қасқырдың қысылтаяң сәттегі айлакерлігі мен қулығына ешбір аң жете алмайды. Өзіне төнер қауіпті алыстан сезетін түйсігі де мықты. Қасақана кезіккенде дәл тигізіп атып құлату кәнігі аңшының ғана қолынан келеді. Тауда үйірімен өріп жүргенімен, сай-саланың ықпыл-жықпылын бізден жақсы білетіндіктен оқ дарыта қоймайды. Оның үстіне жылдағыға қарағанда көбейгені байқалады. Сондықтан қасқырларды тікұшақпен жүріп атпаса, оның қаупінен жақын арада құтыла қоймайтын сияқтымыз, — дейді тарбағатайлық азамат Бердібек Әміров.

Бір емес, бірнеше аудандардың тұрғындарының күндіз-түні қора-қопсысын күзетіп отырғаны алдағы қыстың ортасына дейін жалғаса беретін сыңайлы. Өйткені ШҚО табиғи ресурстар және табиғи реттеу басқармасы аңшыларды қай аймақ-ауылдарға аттандыру қажеттігін енді ойланып жатыр. Оның үстіне арнайы тендер өткізіліп, сол тартыста айы оңынан туған аңшылық ұйымдар ғана қасқыр аулауға шығатын болады. Ал қасқырларды тікұшақпен аулауға бөлінетін қаржы 10 миллион теңге шамасында. Қасқыр атып, қанжығасы майланған әр аңшы 12 мың теңгеден жоғары сыйақы ала алады.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы