ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев

Жол қатынасы, оның жөнделуі, салынған жолдың сапасы туралы мәселе — бүгінгі басты тақырыптардың бірі. Ауылдан қалаға, қаладан басқа аймақтарға жетелейтін сан түрлі бағыттағы жолдардың мән-маңызы Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) да әр түкпірінен табылады. Әлеумет үшін қашан да өзектілігі алға озып тұратын саланың тыныс-тіршілігі жайында ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевты әңгімеге тартқан едік.

Жас Алаш: — Құрметті Мұрат Хабдыжаппарұлы, қазір еліміздің қай аймағында болсын жол мәселесінің өзекті күйде тұрғаны рас. Шығыс өңірдегі халық асыға күткен қай бағыттағы жолдар толықтай жөндеуден өтті?

Мұрат Мұсатаев: — Биыл «Омбы — Майқапшағай», «Таскескен — Бақты», «Өскемен – Зыряновск — Үлкен Нарын – Катонқарағай — Рахман қайнарлары», «Өскемен — Семей», «Семей — Қайнар» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Теректі – Ұрынқай — Төсқайың», «Семей — Қарауыл», Алакөл көлі, Алтай альпілері демалыс базаларына, Бородулиха-Шемонаиха, паром өтпесінен Күршім ауылына дейінгі бағыттардағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жас Алаш: — Жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына қыруар қаражат бөлінеді. Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы қай ауданға немесе қалаға қомақты қаражат бөлінді?

Мұрат Мұсатаев: — Биыл облыс орталығы Өскемен қаласы көшелерінің 14,5 шақырымын салуға және қайта жаңғыртуға 5 714,6 млн. теңге, 23,8 шақырым көшелерді орташа жөндеуге 1 412,7 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. Семей қаласында күрделі (1,7 шақырым) және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге (22,4 шақырым) жалпы сомасы 970 млн. теңге бөлінді. Риддер қаласындағы көшелерде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 122,8 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Аягөз қаласындағы көшелерді қайта жаңғыртуға, Глубокое, Жарма, Зырян, Тарбағатай, Үржар, Шемонаиха ауданындағы көшелерді орташа жөндеуге де қомақты қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүзеге асты.

Жас Алаш: — Қала мен ауылдың, ауыл мен қаланың арасындағы жол қатынасының сын көтермейтіні туралы мәселе жиі көтеріледі. Әкімшілік орталығы Семей қаласына қарайтын Абыралы өңіріндегі ауылдардың ара қатынасының қиындап тұрғаны бәрімізге белгілі. Жұрт жөнделетінінен күдерін үзе бастаған «Семей — Қайнар» бағытындағы жолға қатысты жайттан хабардар етсеңіз.

Мұрат Мұсатаев: — Абыралы өңіріндегі «Семей — Қайнар» 8-284 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы «ҚазАвтоЖол» ҰК» ШҚО филиалының иелігінде. Аталған мекеменің ақпаратына сүйеніп айтар болсақ, «Семей — Қайнар» автожолында биыл 74-86,78 шақырымдарында, жалпы ұзындығы 12,78 шақырымына ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Автожолдың 12 шақырымында су өткізгіш құбырлар ауыстырылды, 27 шақырымындағы Мұқыр өзені арқылы өтетін көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Автожолды күтіп ұстау жұмыстары аясында 8-94, 104-107 шақырым телімдерінде 65 мың шаршы метр шұңқырларды жабу жұмыстары жүргізілді. Ал келесі жылы бұл бағыттағы жолдың 112-126, 186-210 шақырым телімдерінде ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.

Жас Алаш: — Семей қаласының басты бренді іспетті Ертіс өзенінің үстіне салынған аспалы көпірдің бүгінде тозығы жеткен. Көпір үстіндегі жолдың жөнделуі тиісті талапқа қаншалықты сәйкес келеді? Жақында аспалы көпірдің салынуына мұрындық болған Жапония делегациясымен байланыс орнатылғанын естіген едік.

Мұрат Мұсатаев: — Семей қаласындағы аспалы көпірдің жабынын жөндеу — күрделі мәселе. Алайда көпір құрылымының, құрылыс кезінде пайдаланылған материалдар мен технологиялардың бірегейлігіне байланысты жөндеу тереңірек зерттеуді талап етеді. Осы мақсатта биыл шілде айында біздің басқарма Семей әкімдігімен бірге Жапония халықаралық әріптестік агенттігі (JICA) өкілдерімен, яғни JICA Орталық Азия және Кавказ басқармасы бас кеңсесінің директоры Хаджиме Танигучи және Қазақстандағы жобаларды қалыптастыру бойынша кеңесшісі Мицуо Мураямамен кезекті кездесуі өткізді. Осы кездесу барысында қабылданған шешімдердің қорытындысы бойынша көпір салған IHI компаниясы 2018 жылы сәуір-мамыр айларында көпірде тексеру жүргізеді.

Жас Алаш: — Үржар ауданындағы Алакөл аймағына алдағы жылы салынатын жолдың жайы қандай?

Мұрат Мұсатаев: — Үржар ауданындағы Алакөл аймағындағы «Мақаншы — Жалаңашкөл» бағытындағы автожолдың биыл 25 шақырымын, келесі жылы 42 шақырымын жөндеу жоспарланды, оған сәйкес бюджеттік өтінімдер әзірленген. Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен қаржыландыру мәселесі шешілсе, жұмыстар ойдағыдай атқарылатын болады. Аталған жол Үржар ауданындағы 5 елді мекенді қосады, қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 900 автомобильге жуық. Жалаңашкөл теміржол станциясына және Алакөл аймағындағы туристік жайларға жетуді қауіпсіз ету, жол жүру уақытын азайту және қолайландыру мақсатында бұл жолды жөндеу — маңызды.

Сұхбаттасқан Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз