"Жас Алаштың" коллажы.

Кешегі кеңес заманының киносымен есейген жандардың арасында «Али баба және 40 қарақшы» фильмін көрмеген пенде жоқ шығар, сірә… Сол фильмде шаһар басшысы алтын жасырған үңгірдің аузын «Сим-сим» деп ашушы еді… Міне, екі аптадай болды, Шымкент қаласының әкімі әр жиналысын «зың-зың» деп ашып жүр. Иә, «Не шықса да Шымкенттен шығады»… Жақында шырайлы Шым-қаланың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «зың» еткізіп тілімізге біртүрлі сөз енгізді.

Қала күні мерекесінде әкімге «Шымкенттің қандай қала екенін бір ауыз сөзбен қалай айтуға болады?» – деген сұрақ қойылған еді, Ғабидолла Рахматоллаұлы бір сәт ойланып тұрды да: «Шымкент қаласы «зың»…» – деп бір-ақ қайырды. Сол-ақ екен, «зың» деген сөз ел ішін шарлап жүре берді. Әрине, әкімдікі әзіл шығар. Бірақ содан бері екінің бірі «зың-зың» дейді де, күледі, тағы бірі «дың-дың» дейді де, одан бетер күледі. Әйтеуір, соңғы он күннен бері елдің аузынан осы сөз түспеді. Тіпті жастар жағы осы сөзге түрлі-түрлі күлдіргі клиптер түсіріп, ән шығарып та тастады.

Рас, «зың» деген сөз оңтүстікте бұрыннан айтылатын. «Тірлігі «зың» екен», біреуді мақтағысы келсе «зың» жігіт екен» деп жатады. Жақсы, мықты, ерекше деп мақтағандары ғой. Бірақ, біздің білуімізше ,«зың» мен «зың-зыңның» мағыналары бөлек еді. «Зың» сөзінің не мағына беретінін жоғарыда айттық. Оңтүстікте «зың-зың» деген сөзді көбінесе мынандай мағынада айтады: «Зың-зың еткізіп тұмсықтың астынан екі соққы бердім де, мұрнын қанатып тастадым…» деген сияқты… Ал «дың-дың» деген сөзді бұған дейін мүлдем естімеппіз. «Кейінгіні көріп қартаясың» деген, қазіргі жастардың шығармайтыны жоқ, әйтеуір…

Жалпы, Шымкент дегенде бұрын «шырайлы, шуақты» деген тіркестер тілімізге орала кететін. Яғни көк-жасыл желек осынау шуақты қаланың басты символы. Шымкент, шынында, ерекше қала. Былтыр шырайлы қалаға арнайы келген президент Н.Назарбаев та: «Ерекшелігі бар ағайынсыңдар ғой, енді… Мен облысты үш «ш»-мен айтамын. «Шырайлы Шымкент шаһары». «Ш»-ға жақынсыңдар ғой, жандарың…» – деп, оңтүстік жұртының әлдебір ерекшеліктерін жұмбақтап жеткізгендей елді күлкіге көміп кеткен.

Иә, Шымкентті ел еркелетіп «Шым-қала» деуші еді. Енді «Зың-қала» болатын түрі бар. Осыдан кейін Ғабидолла Әбдірахымов тез арада «зың-зың» еткізіп Зың-қала деген атқа лайықты бір «зың» ескерткіш орнатып тастаса дұрыс болар еді. Бірақ «зың» деген сөзге қандай белгі, қандай символ лайық деп ойлайсыз? Қаланың кіреберісіне «Зың» деп бадырайтып жазып қою тағы ыңғайсыз. «Дың» деп жазып қойсақ, ел тағы түсінбейді. Енді қайттік? Бәлкім, қаласы «зың», тірлігі «дың» әкім тағы бір нәрсе ойлап табар…

Оралхан Дәуіт