Қызылорда облысында салынып жатқан шыны зауыты туралы әңгіменің шыны қайсы, өтірігі қайсы екенін ел айырудан қалды. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа осы шыны зауыты арқылы 1 миллиард теңгені «шығарып» алды деген айып тағылғалы бері бұл жобаның тағдыры тығырыққа тірелгендей…

Экс-министр «Бәйтерек» холдингін басқарған кезде Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгені сыбайластарымен бірге ұрлап, осы іс бойынша OrdaGlass және «Шымкентхиммонтаж» компанияларының басшылары мен Бишімбаевтың бауыры ұсталған болатын.

Осыдан кейін орта жолда құрылыстың мердігері ауысты. Бұл жөнінде инвестиция комитетінің төрағасы Сапарбек Тұяқбаев: «Біз механизмін таптық, яғни жаңа компания басты мердігер емес, басты мердігердің консорциум мүшесі болады. Компанияны ауыстыру консорциумның бұрынғы келісімшартына еш әсер етпейді. Сол себепті механизм бар және сол бойынша осы мәселені шешетін боламыз. Менің ойымша, нысанды уақытында өткіземіз. Айлық мәселесі жақын арада реттеліп, құрылыс қайта жанданады», – деген болатын.

Іле-шала «Бәйтерек» холдингінің сол кездегі басшысы, қазір премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев та Қызылордадағы шыны зауыты биылғы жылдың қазан айында пайдалануға берілетінін шегелеп тұрып айтты.

Сондай-ақ биылғы жылдың 17 ақпан күні Астана төрінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев: «Ағымдағы жылы күзде, бәлкім, қазанда немесе қараша айында шыны зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыған шығарсыздар, бас мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалса да, аталған кәсіпорында негізгі құрал-жабдықтардың бәрі бар. Меніңше, «Бәйтерек» ұлттық xолдингі, инвестициялық қор, Қазақстанның даму банкі және инвестормен бірлесіп, ол зауытты қазанда, ары кетсе қараша айында іске қосамыз. Себебі ондай өндіріс облысқа ғана емес, ел экономикасына да ауадай қажет», — деген болатын.

Енді өткен аптада ғана, яғни 18 қазан күні тағы да Астана төрінде өткен брифингте Қырымбек Көшербаев былай деп тұр:
– Қызылордадағы шыны зауыты алғашқы өнімін Астананың 20 жылдық тойы қарсаңында шығарады. Шыны зауытының құрылысы көктемде аяқталып, үш ай бойы пештерді қыздыру жұмысы жүреді. Алғашқы өнім Астана күні қарсаңында дайын болады. Зауыттан күн панельдері мен смартфон, планшеттерге қажетті әйнек шығады. Жалпы, облыста индустрияландыру аясындағы 20 жобаның 16-сы толық қуатпен жұмыс істеп тұр.
Осыдан-ақ ел экономикасына ауадай қажет, бірақ бірнеше жылдан бері «әне, боп қалды, міне, боп қалды» деумен үзіліп-созылып келе жатқан бұл жоба талай басшының бас ауруы болып тұрғанын байқаймыз. Облыс әкімінің «Астананың 20 жылдығы қарсаңында іске қосылады» дегені туған күніңізге күшті сыйлық жасаймыз деп президенттің арқасынан қағып жұбату ма, жоқ әлде уақыт созып, оған дейін бір жөні болар деп өз-өзін алдау ма, әйтеуір, түсініксіз.
Небәрі сегіз айдай ғана министр қызметін атқарған Қуандық Бишімбаевтың ісі жақында сотқа өтті. «Қуандық Бишімбаевқа «сегіз рет пара алды және 1,2 миллиард теңге қаражат жымқырды» деген айып тағылып отыр. 346 миллион теңге көлеміндегі соманың жеті парасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жалдамалы баспана құрылысына бөлінген қаражат. Бишімбаев Қосшы ауылында үй салған. Үйдің ауданы – 500 шаршы метр, бағасы – 400-500 мың доллар. Бұл – оның алып жатқан парасының бір бөлігі», – деді ұлттық бюроның тергеу департаменті жетекшісінің орынбасары Олеся Кексель. Дегенмен де Қ.Бишімбаев та, оның бауыры да кінәларын мойындап отырған жоқ.
Шыны зауыты туралы әңгіме бола қалса, «ҚазСтройСтекло» компаниялар тобының бас директоры Мұратхан Тоқмәди туралы айтпай кету мүмкін емес. Осы саланың ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай білетін бұл кәсіпкер Қазақстанда шыны зауытын салу туралы бастаманы 2012 жылы көтерген болатын. Сөйтіп, инвестор тауып, келісімшартқа отырып, тірлікті енді бастаймыз дегенде Қ.Бишімбаев бұл жобаны қолдаудан айнып қалып, М.Тоқмәди ақпарат құралдары арқылы министрді әбден сынға алды.
– Бұл өте тиімді жоба болып есептелді, – деп ашынған болатын кәсіпкер «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында. – О баста бұл зауытты салуға еліміздегі үш аймақ ыңғайлы деп танылды. Ең алдымен Павлодар және Қостанай облыстары айтылды. Бұл облыстар Ресеймен шектеседі және Сібір жақта мұндай кәсіпорын мүлдем жоқ. Сосын Ақтөбе облысы. Бірақ Павлодарда газдың болмауына байланысты таңдау ақырында Ақтөбеге түсті. Және бұл облыстың шыны жасауға қажетті құм кеніне жақын орналасқаны да назарға алынған еді. Ал Қызылорда облысы тіптен жоспарда жоқ болатын. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл зауыттың қуаты тәулігіне 600 тонна өнім шығаруға жетеді. Оның 40 пайызы ішкі нарыққа, 60 пайызы экспортқа шығуы тиіс. Қызылорда қаласы үлкен нарықтан алыста жатыр. Сосын кез келген шыны зауытына байытылған кварцтік құм қажет. Неміс мамандары Ақтөбедегі кен орнындағы құмның сапасын тексеріп, бұл бағытта бізбен жұмыс істеуге уағдаласқан болатын. Glas Trоsch-Euroglas компаниясының президенті Эрик Трёш Қазақстанға арнайы келіп, бәрін сараптап, осы жобаға атсалысуға келісім білдірді. Бірақ сол кезде Қуандық Бишімбаев басқаратын «Самұрық Қазына Инвест» компаниясы бұл жобаны тым қымбат деп бағалап, бұдан гөрі қытайлар әлдеқайда арзан соғады деген себеп айтты. 2013 жылы біздің есебіміз бойынша жоба 180 млн евроны құраған болатын. Сөйтіп, бұл жобаға Қытайдың Qinhuangdao Yaohua Glass Machine Manufacture Co. Ltd.компаниясын тартты. Олар зауытты 150 млн долларға салуға келіскен көрінеді. Бірақ арнайы жұмыс комиссиясы қытай зауытына барып, шыныларының сапасын тексерген кезде тіптен шошып кетті. Сапасы өте нашар болып шықты. Содан көп ұзамай Қытай компаниясының өзі бұл жобадан бас тартты. Одан кейін де 5-6 компаниямен келіссөз жүргізілді. Бірақ ешқайсысы тәуекел етпеді. Әрине, «Самұрық Қазына Инвест» компаниясы бұл жобаны іске асыруға жанталасып жатты. Тым ұзаққа созылып кеткенін сезген президент Н.Назарбаевтың өзі үлкен жиында Қызылорда облысының әкімін орнынан тұрғызып, «зауыт қайда?» деп сұрағанын елдің бәрі біледі. Қазір бұл жобаны америкалық STEWART Engineers компаниясы іске асырып жатыр. Дегенмен құрылыс басталғалы бері екі жылдан астам уақыт өтті. Әлі іске қосылмады. Неміс компаниясы 22 айда зауытты іске қосуды жоспарлаған болатын. Сосын өз басым осы зауытқа сатып алынған жабдықтардың сапасы мен таңдалған технологиялық шешімдерге күмәнім бар. Бүгінгі заманда қарапайым шыны шығарып, нарықты жаулай алмайсың. Қазір энергоүнемдейтін шынылар қажет. Осы саланың маманы ретінде бұл компания ондай шынылар шығара алмайтынын айтқым келеді. Яғни бұл жобада компания да, аймақ та дұрыс таңдалмағанын ашып айту керек.
Иә, кәсіпкердің сөзіне қарағанда, ерте ме, кеш пе, шыны зауытының ашылатыны анық. Бірақ жұмысы жүріп кете ме? Шынында, бұл кәсіпорынды шикізаттан алыс жатқан Қызылордадан салу қаншалықты тиімді болды? Бар күшімізді салып, зауыттың тұсауын кескенімізбен, тірлігінің баянды боларына сеніміміз мол ма?
Шыны зауытының шырғалаңымен министр Қ.Бишімбаев қамауға алынды. «Әне, мен сол кезде айтқанмын, бұл министрдің бір нәрсеге ұрынатынын» деп Мұратхан Тоқмәди әңгімені тағы да қыздырып жүргенде өзі де аяқастынан істі болып қалды. Оның істі болуына осы шыны зауытының да қатысы болғаны анық еді. Бірақ Тоқмәдидің қолына алғаш кісен салынғанда, оған тағылған айыптардан адам шошитын.

«Арнайы қызмет Алматыда «Депутаттық корпус» аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Қылмыстық топты «ҚазШыныҚұрылыс» зауытының иесі Мұратхан Тоқмәди басқарған. Мұның алдында Алматыда ҰҚК, ІІМ және прокуратура қызметкерлерінің еліміздегі ең ірі зауыттардың біріне тінту жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Ол жерден нақты не табылғаны әлі белгісіз. Сонымен бірге Мұратхан Тоқмәди де ұсталып, оның үйіне де тінту жасалған. «Депутаттық корпус» қылмыстық тобына арнайы қызмет бірнеше жыл бақылау жүргізген. Мұратхан Тоқмәдиге 2005 жылы анықталмаған тұлғалармен қылмыстық келісімге келіп, «Семрюжком» және «ҚазШыныҚұрылыс» ЖШС-ларының тең құрылтайшысын күш қолдану және қорқыту арқылы аталған кәсіпорындардың негізгі қорын иемденген деген айып тағылып отыр. Тергеу мәліметі бойынша, Тоқмәди бұл әрекетімен аса ірі көлемде – 185 137 246 теңге материалдық шығын келтірген. Сондай-ақ, прокуратура мәліметінше, оның үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған. «Депутаттық корпус» мүшелері бұған дейін де бірнеше рет қолға түскенімен, әрқашан судан құрғақ шығыпты. Өйткені қылмыстық топтың билік тұтқасын ұстаған таныстары көп көрінеді. Соған қарағанда, тұтқындаулар Тоқмәдиевпен бітпейтін сыңайлы».

Міне, Мұратхан Тоқмәди ұсталған кезде құзырлы органдар осындай ақпарат таратқан еді. Енді, міне, жақында кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот үкімі шығып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сөйтсек, сотталушы М.Тоқмәди мен процестік прокурордың арасында айыпты мойындау туралы келісім болыпты.

Әрине, қылмыс жасаушы өз ісіне өкініп, құқық қорғау органдарымен келісімге келіп, қылмыстың ашылуына қол созып жатқаны бір жағы дұрыс та шығар. Дегенмен соңғы кездері біздің құқық қорғау саласында талай қылмыстық істердің дүбірлеп басталып, ақыр аяғында күбірлеп айтатындай дәрежеге түсуі тым белең алып бара жатқандай ма, қалай өзі… Бұл әлде күдікке ілінушілерді «сындырудың», сол арқылы бизнесін иемденіп алудың бір тәсілі ме?

Оралхан ДӘУІТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз