25 ақпан 2010
Жалғыз жүлденi қанағат тұтамыз-ау

Ванкуверде өтiп жатқан қысқы олимпиада ойындары бел ортасынан ауды. Он үш күндi артқа тастаған спортшылар ендi санаулы күннен кейiн төрт жылда бiр келетiн дүбiрлi доданы тәмамдайды. Бүкiл әлем көз тiгiп отырған олимпиада ойындарын қазақстандықтар сол баяғы жалғыз күмiс медальмен қорытындылайтын сияқты.
Дүйсенбi күнi кешкiсiн аяқтарына шаңғы байлаған жiгiттерiмiз командалық сайысқа түсiп, нәтижесiнде бесiншi орынға тұрақтады. Алғашқы iрiктеуде үздiк ондықтан орын алған жiгiттерiмiз Норвегия, Германия, Ресей және Канада шаңғышыларын алға жiберiп қойды. Бұл сайысқа қазақстандықтардың атынан Николай Чеботько мен Александр Полторанин қатысты. Ал кеше жарыс жолына биатлоншы қыздарымыз шықты. Елена Хрусталева, Анна Лебедева, Любовь Филимонова және Марина Лебедева сынды бойжеткен-биатлоншыларымыз 4х6 шақырым эстафеталық жарысты он төртiншi болып аяқтады. Тау шаңғысынан екi жаттығу бойынша өнер көрсеткен Игорь Закурдаев 51-орын алып, еңсемiздi түсiрдi. Оның алдында командалық жарысқа түскен шаңғышы қыздарымыз Оксана Яцкая мен Елена Коломина уақыт көрсеткiшi бойынша Швеция, Норвегия, АҚШ шаңғышыларынан қалып қойып, финалдық кезеңге шыға алмады.
Жалпыкомандалық есеп бойынша, көш бастаушылар бiрiнен-бiрi қалысар емес. Мәселен, дүйсенбiден сәрсенбiге дейiнгi аралықта көш басындағы АҚШ спортшылары қоржындарына тағы екi медаль салса, немiстер медальдар санын бесеуге дейiн көтердi. Норвегия мен Олимпиада иесi Канада спортшылары да алдыңғы екеуiнен үзеңгi қағысып қалысар емес. Швейцария спортшылары үздiк үштiктiң қатарына кiруге талпынуда.
Дәл қазiр хоккейдiң қызған шағы. Кеше түстен кейiн ерлер арасындағы хоккейден ширек финалға шыққан командалардың барлығы белгiлi болды. Жаңа ереже бойынша топтық ойындарда ең көп ұпай жинаған үздiк төрт команда бiрден ширек финалға жолдама алды. Ал қалған сегiз команда екi-екiден жұп құрап, ширек финалға берiлетiн төрт жолдаманы сарапқа салған-ды. Өз тобында АҚШ хоккейшiлерiнен 3:5 есебiмен ұтылып, үздiктердiң қатарына кiре алмай қалған Канада хоккейшiлерi ширек финалдық жолдаманы Германиямен сарапқа салып, 8:2 есебiмен жеңдi. Ең қызығы, соңғы екi бiрдей әлем бiрiншiлiгiнiң финалында ресейлiктерден жеңiлiп қалған Канада хоккейшiлерi ширек финалда нақ осы Ресей құрамасымен ойнайтын болды. Ширек финалдың қалған жұптарына келер болсақ, төрт жыл бұрын Туринде өткен олимпиадада топ жарған Швеция хоккейшiлерi Словакиямен жұп құраса, Чехия Финляндиямен ойнайтын болды. Ал АҚШ хоккейшiлерi Швейцариямен күш сынасады.
Әйелдер арасындағы хоккейден финалға шыққан командалар бұл күнде белгiлi болып қойды. Жартылай финалда Швеция хоккейшiлерiн 9:1 есебiмен ойсырата жеңген АҚШ хоккейшiлерi алтын медаль үшiн болатын айқаста айдын иелерiмен кездеседi. Канада хоккейшiлерi жартылай финалда Финляндияны 5:0 есебiмен ұтты.





Уәж айту