12 наурыз 2010
Оле, Бразиль! Оле, Сейсенбеков!
БРАЗИЛИЯДА БIЛIМ АЛУ БАЙШЫКЕШТЕРДIҢ ҒАНА БАЛАЛАРЫНЫҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН БА?
2007 жылы президент Н.Назарбаев Бразилияға ресми сапармен барғанда сол елдiң президентi Луис Инасио Лула да Силвамен кездесiп, қазақстандық жасөспiрiм футболшыларды Сан-Паулодағы “Ole Brasil F.C.” футбол академиясында үш жыл оқыту туралы келiсiмге келген. Кезiнде бұл туралы спорт басылымдары алаулатып-жалаулатып жазды. “Ендiгi ұрпақ допты түзу тебетiн болды” деп...
Осы кездесуден бiр жылдан кейiн Алматыда iрiктеу өтiп, Пеленiң отанына Қазақ елiнен 26 жасөспiрiм аттанды. Бұлардың оқуына республикалық бюджеттен 83 миллион теңге қаржы да бөлiндi. “Баласы бәйгеге шапса, тақымын қысып отыратын” қазақпыз ғой, жасөспiрiмдердiң әке-шешелерiнiң қуанышында шек болған жоқ сонда. “Жылы-жұмсағын” салып берiп, қуаныштан көз жасын сықтап қалды көп ата-ана.
Бiр жыл Сан-Паулода бiлiм алған балалар былтыр желтоқсанда үш айға демалыс алып, елге келдi. Әке-шешелерiмен қауышып, сағыныштарын бiр басып алу үшiн. Наурыз айының басында қайтадан Бразилияға қайтулары керек. Керi қайтатын мерзiм жетiп, ұшаққа отырғанда бiрiне-бiрi бауыр басып қалған жасөспiрiмдер араларында тәп-тәуiр доп теуiп жүрген Бақытжан Сағатовтың, Ернар Мұқажановтың, Қанат Дәулетбековтiң, Медет Кенжебековтiң және тағы төрт әрiптесiнiң жоқ екенiн байқайды. Олардың орнында басқалар жүр...
Ресми мәлiметке қарағанда, әлгi сегiз жасөспiрiм Бразилия футболының талаптарына сай келмегендiктен оқуларын одан әрi жалғастыра алмайтын болыпты-мыс.
Мiне, содан берi әлгi сегiз жасөспiрiмнiң әке-шешесi әдiлдiкке жете алмай, тиiстi органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Бұл туралы республикалық басылымдар талай мәрте жазып, мәселе көтерген-дi. Алайда, еш нәтиже жоқ.
Жақында “Жас Алаштың” редакциясына Бразилияға бара алмай қалған Бақытжан Сағатовтың әкесi Бауыржан Жарқынбеков келдi. Ол былай дедi: “Менiң ұлым Бақытжан 1994 жылы туған. Он жасынан бастап футбол ойнайды. Соңғы алты жылда облыстық, аймақтық және республикалық деңгейдегi түрлi жарыстарға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткiздi. Бiрнеше мәрте үздiк ойыншы, үздiк қақпашы атанды. Оған дәлел — марапаттар мен мақтау қағаздар.
Футболға деген сүйiспеншiлiгi мен икемiнiң арқасында 2008 жылы iрiктеуден тамыр-таныссыз өз күшiмен өтiп, “Ole Brasil F.C.” футбол академиясына оқуға жiберiлдi. Ұлымыздың тiлеуiн тiлеп бiз қалдық.
Латын Америкасында ұлым жақсы оқыды. Түрлi жарыстарға қатысып, жүлделi орындар алды. 2009 жылы желтоқсанда демалысқа келетiнiн естiп, қатты қуандық. Бақытжанды әуежайдан күтiп алып, бәйек боп қалдық. Ұлымның әбден ысылғаны, шеберлiгi шыңдала түскенi бiрден байқалды.
Несiн айтайын, керi қайтатын мезгiл таяғанда Бақытжанның Бразилиядағы оқуын жалғастыра алмайтынын естiп, есiмiзден танып қала жаздадық. Шенеунiктерге сенсек, бiр жыл Бразилияда оқып келген сегiз жасөспiрiм ол жақтағы талаптарға сай келмегендiктен оқуларын жалғастыра алмайтын болыпты. Бұған кiм сенедi?!
Сонда ол сегiз баланың орнына кiмдер жiберiлдi? Әрине, тамыр-таныстары барлар мен қалталылардың балалары. Бұлардың арасында Бразилияда аудармашы болып жүрген Мұзафар Абдулсаттаровтың жиенi Елдар бар. Осыдан-ақ бiле берiңiз, бұдан ненiң иiсi мүңкитiнiн.
Осының бәрiн былықтырып жүрген — Асхат Сейсенбеков. Ол — Туризм және спорт вице-министрiнiң көмекшiсi. Бұл жобаның кураторы осы Сейсенбеков болғандықтан, барлық жауапкершiлiк те соның мойнында болуы тиiс едi. Бiздiң балаларымыздың орнына Бразилияға оқуға кеткендердiң iшiнде Сейсенбековтiң де туысы бар. Мәселенiң мәнiсiн мынадан байқаңыз: М.Абдулсаттаровтың жиенiне футболмен айналысқанына бар-жоғы екi ай ғана болыпты. Сейсенбековтiң туысы да — доптың домалақ екенiн ендi ғана бiлген шикi бала.
Сонда бұл қалай болғаны? Шенеунiктер мемлекетаралық мәселеге де осылай жүрдiм-бардым қарай ма? Бұл туралы бiз қаржы полициясының Астана қалалық департаментiнiң басшысы Д.Айтжановқа, бас прокурор Қайрат Мәмиге, бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жауапты хатшысы Ф.Қуанғановқа, туризм және спорт министрi Т.Досмұхамедовке хат жолдағанбыз. Әлi нәтиже жоқ. Баяғы жартас — сол жартас”.
Орта жолда қалып қойған сегiз баланың бапкерi Нұрбол Қошқарбаев та Бразилияға бара алмай қалыпты. Бұның себебi — “бапкерлердi ауыстырып тұру керек” деген желеу ғана. Н.Қошқарбаевтың айтуынша, кезiнде өзiнiң аудармашысы болған Мұзафар Абдулсаттаров ендi бапкер болып шыға келген. “Өзбекстанның әскери-техникалық училищесiн бiтiрген адамның қандай бапкер болатыны түсiнiксiз. Ұят қой мынау!
Футболшыларды ауыстыру мәселесiне келер болсақ, бразилиялық мамандар “мыналарды ауыстырыңдар” деген жоқ. Тек “қажет деп тапсаңыздар, оқушылардың кез келгенiн алмастыруларыңызға болады” дедi. Бразилияға бара алмай қалған сегiз бала ешкiмнен кем ойнаған жоқ. Бәрiнiң деңгейi бiрдей болатын”, — дептi басылымдарға берген сұхбатында Н.Қошқарбаев.
“Ole Brasil F.C.” футбол академиясында оқып жатқан жасөспiрiмдердiң бәрi тамыр-таныс арқылы бармаған шығар. Ал егер куратор Асхат Сейсенбеков шынымен де жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа жол берсе ше? Онда “Оле, Бразиль! Оле, Сейсенбеков!” деп қыжыртамыз да. Басқа не айтамыз?..
Е.Биеке.





Уәж айту