1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
"Жас Алаштың" спорт беті. Дайындайтын Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
29 желтоқсан 2016
Рионың риясыз сыйы

Биыл өткен спорттық сайыстардың бастысы – Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасы. ХХХI жазғы Олимпиада ойындарына жолдама үлестiретiн лицензиялық турнирлерге қатысқан спортшыларымыздың алдына 100-ден аса жолдама олжалау мiндетi қойылған-ды. Спортшылар сенiм үдесiнен шыға бiлдi. Бразилия елi барын салып, сән-салтанатымен өткiзген Олимпиададан бөктергiмiзге 3 алтын, 5 күмiс, 9 қола медаль байланды. Рио Олимпиадасы да бұған дейiн қатысқан жазғы Олимпиада ойындары секiлдi олжасын көп берген сайыс болды. Осы сында жекелеген спорт түрлерi бойынша қол жеткiзген жетiстiктерiмiзге қайыра соққанды жөн көрдiк.

БОКСШЫЛАР ЖАРАДЫ
1996 жылы өткен Атланта Олимпиадасынан берi қарай елiмiзге алтын медальмен оралып жүрген команда – бокстан ұлттық құрама. Рио Олимпиадасында да боксшыларымыз 1 алтын, 2 күмiс, 1 қола медаль иелендi. Ұлттық құраманың бас бапкерi Мырзағали Айтжанов – боксшыларды екi олимпиадаға баптап апарған әзiрге жалғыз бапкер. Айтжановқа тiзгiн тигенге дейiн бокстан ұлттық құраманы бiрнеше бапкер баптады, бiрақ олар бiр олимпиадалық мерзiмнен асқан жоқ. Айтжановтың 2012 жылы Лондонда, биылғы Рио Олимпиадасында елiмiзге алып берген жүлдесi қомақты. Тағы бiр қуанарлығы, боксшыларымыз тұңғыш рет жазғы Олимпиада ойындарына толық құрамда барды, яғни 10 салмақ дәрежесiнде 10 боксшы қостық. Бұрындары 91 келi салмақ дәрежесiнде бiздiң боксшыларға жазғы Олимпиада ойындарының жүлдесi былай тұрсын, жолдамасы бұйырмайтын. Василий Левит АИБА-ның бокстың беделiн арттыру үшiн ойлап тапқан жобасы – Бүкiләлемдiк бокс сериясында сынға түсiп, 91 келiде жолдамаға қол жеткiздi. Рио рингiсiнде жасын ойнатқан Левит қарсыластарын ықтырды. Тек финалда ресейлiк Евгений Тищенкоға есе жiберiп, күмiс медаль алды. Төрткүл дүниенiң алдында төрешiлердiң Левиттi Тищенкоға тұсап бергенiн әркiм-ақ айтып жүр. Бiз үшiн Левиттiң күмiс медалi жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалiнен де салмақты, қадiрлi. Данияр Елеусiнов капитанға тән мiнез көрсетiп, қабағынан қан аққанына қарамастан Олимпиаданың алтынын Алашына тарту еттi. Иван Дычконың да Рио Олимпиадасынан қола медаль олжалауы орасан нәтиже. Қыздар арасында Дариға Шәкiмова да қола жүлдегер атанды.
Тәуелсiз Қазақ елiнiң боксшылары iшiнде жазғы Олимпиада ойындарының финалына екi рет шыққан саңлақ Болат Жұмадiлов қана болатын. 1996 жылы Атлантада, араға төрт жыл салып Сиднейде күмiс медаль алған Болаттың орасан жетiстiгiн Әдiлбек Ниязымбетов қайталады биыл. Әдiлбек 2012 жылы Лондон Олимпиадасының финалдық айқасында ресейлiк Егор Мехонцевпен жұдырықтасып, ұпай саны тең түскен. Төрешiлер ресейлiк боксшы ширақтық танытты деген желеумен жеңiстi Мехонцевке берiп жiбердi. Биылғы Рио Олимпиадасының финалында Әдiлбек екi дүркiн әлем чемпионы кубалық Хулио Сезар Ла Крусты сабаудай-ақ сабаған. Әрине, айқын басымдық танытып, сұлатқан жоқ. Бiрақ оның алда тұрғанын бәрi аңғарған, алайда жеңiс кубалыққа бұйырды. Әдiлбектiң жазғы Олимпиада ойындарына екi рет қатысып, финалдық айқасқа дейiн жетуi де зор жетiстiк.
Боксшыларымыз үшiн келер жылы екi үлкен дода барын газетiмiздiң өткен сандарында айтқанбыз. Гамбургтегi әлем чемпионатында (25 тамыз – 3 қыркүйек) бiздiң оғландар мерейiмiздi асырады деп сенемiз. Әлем чемпионатынан бұрын 2017 жылдың 1-15 шiлдесi аралығында Азия чемпионаты өтедi. Бұл сында да құрлықта қайратты екенiмiздi байқатуымыз – басты мұрат.
Биылғы жылы бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионаты Астана қаласында өттi. Бiздiң елдiң қыздары 4 алтын, 2 қола медаль иеленiп, командалық есепте көш басына орнықты.

ДОПИНГ ДАУЫНА ШАТЫЛМАҒАНДА
Биылғы өткен Рио Олимпиадасында ауыр атлеттерiмiз де сенiмдi ақтады. Әрине тiзiмнен сызып, допинг тұтындың деп табалаған WADA (допингке қарсы халықаралық агенттiк) саңлақтарымызды додаға қосқан жоқ. Егер жазғы Олимпиада ойындарының екi дүркiн чемпионы Илья Ильин бастаған серкелерге тоқтау салмағанда бiздiң атлеттер Бразилияда жеңiстен тау тұрғызатын едi. Олимпиада чемпиондарын атақтарынан айырып, жазаға тартып, өзге спортшыларымызға қыр көрсеткендей де болған. Бiрақ жастар сенiмдi ақтап шықты. Жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысқан Карина Горичева қола медаль иелендi. Жазира Жаппарқұл қазақ қыздарының арасынан алғаш болып жазғы Олимпиаданың медалiн (күмiс) олжалады. 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, 12-орынды мiсе тұтқан Александр Зайчиков араға төрт жыл салып Риода қола медальға қол жеткiздi. Шеттен келген келiмсек спортшылар Ниджат Рахимов Олимпиада чемпионы атанды, Фархад Харки қола жүлде алды.
Келесi жылы ауыр атлеттерiмiз үшiн де басты дода – әлем чемпионаты. Әлемдiк тартыс 2017 жылдың 28 қарашасы мен 5 желтоқсаны аралығында АҚШ-тың Анахайм қаласында өтедi. Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты Малайзияның Пинанг қаласында өткiзiлуi тиiс едi. Малай елi дағдарыстың салдарынан бес құрлыққа сауын айтып, әлем бiрiншiлiгiн өткiзе алмайтындарын жеткiздi. АҚШ ауыр атлетикадан әлем чемпионатын 2015 жылы да өткiзген болатын. Анахаймдағы әлем чемпионатына бес құрлықтың қарағай кеуде, құрыш бiлек, бура сан серкелерi жиналады. Допинг дауына шатылған саңлақтарымыздың орнын басатын спортшылардың өсiп шыққанын дәлелдейтiн дода осы болмақ.
Алланың жазғы Олимпиада ойындарының алтынын бiзге тартуы ерекше. Тағдырдың жазуы деймiз бе, өзi Қазақ елiнiң спортшылары қатысқан жазғы Олимпиада ойындарында 1 алтын күтпеген жерден бұйырады. Мысалы, 1996 жылы Атланта Олимпиадасында бессайыстан сынға түскен Владимир Бохмянин чемпион атанады деп ешкiм құлай сенген жоқ. Рас Вохмянин Атланта Олимпиадасы алдында қатысқан додалардан жүлде алып жүрдi, десе де ол Олимпиада чемпионы болып оралады дегенге екiнiң бiрi сенген жоқ. Бессайыстың жүгiру додасында көмбеге құрық тастам жер қалғанда топтың алдындағы Ресей спортшысы Эдуард Зенковка омақса құлады. Оны өкшелеп келе жатқан бiздiң Вохмянин мәре сызығын бiрiншi болып кесiп, Олимпиада чемпионы атанды.
2000 жылы Сидней Олимпиадасында оғлан ұл Бекзат Саттарханов жарқ етiп шықты. 2004 жылы Афины Олимпиадасында 21 жастағы Бақтияр Артаев алтыннан алқа тағынды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында велоспортшы Александр Винокуровтың жұлдызы жарқырады. Биылғы Рио Олимпиадасында Дмитрий Баландин алтын ұл атанды. 200 метрге брасс әдiсiмен жүзуде жампоз алдына қара түсiрген жоқ.
Келесi жылы су спорты түрлерiнен әлем чемпионаты Венгрияда өтедi. Баландин бастаған оғландардың ел сенiмiне селкеу түсiрмейтiнiне сенемiз.

КҮРЕСТIҢ ЖҮГIН ҚЫЗДАР КӨТЕРДI
Мешiн жылында өткен Рио Олимпиадасынан күреске түскен қыздарымыз толайым табыспен оралды. Тәуелсiз қазақ елiнiң тарихында тұңғыш рет өз елiмiздiң өрендерi ерледi. Эльмира Сыздықова мен Экатерина Ларионова қола медаль алды. Ресейден келген балуан қыз Гүзель Манюрова күмiспен күптелдi. Жас та болса бiлiктiлiгiмен тәнтi еткен бапкер Қайрат Сағадиев баптайтын қыздарымыз да, Рио Олимпиадасынан құралақан қайтқан еркiн және грек-рим күресi балуандары да келесi жылы өтетiн байрақты додаларда сенiмге селкеу түсiрмеуi тиiс. Грек-рим күресiнен ұлттық құраманың бас бапкерi Таңат Сағындықовқа Рио Олимпиадасынан кемiнде 1 медаль алу мiндеттелген-дi. Грек-рим күресiнен үш балуанымыз (Алмат Кебiсбаев, Досжан Қартықов, Нұрмахан Тынәлиев) Олимпиада додасына қатысып, жүлдесiз оралды.
Еркiн күрестен көсегемiздi көгертедi деп украиналық Сергей Белоглазовты бас бапкерлiкке шақырттық. Рио Олимпиадасының бес жолдамасы бұйырып, Нұрислам Санаев, Ғалымжан Үсербаев, Аслан Кахидзе, Мамед Ибрагимов, Дәулет Шабанбай күреске түскен. Бес балуан барып, бiр медаль олжалай алған жоқ.
Еркiн күрес құрамасының биылғы жылдағы жетiстiгi деп Нұрлан Бекжановтың әлем чемпионатында күмiс медалiн иеленуiн айтуға болады. Рас, Бекжановқа дейiн еркiн күрестен елiмiздiң бiрде-бiр балуаны әлем чемпионатының финалында белдескен жоқ. Венгрияның Будапешт қаласында Олимпадалық бағдарламаға енгiзiлмеген салмақ дәрежесi бойынша өткен әлем чемпионатында Нұрлан Бекжанов 70 келiде күмiс медаль олжалады.
Дзюдо күресiнен жазғы Олимпиада ойындарының медалiн елiмiздiң спортшыларының iшiнде үшiншi болып иеленген оғлан – Елдос Сметов. Елдос Рио Олимпиадасының финалдық белдесуiнде шарболаттай шыңдалған, талай сыннан өткен ресейлiк Беслан Мудрановқа қосымша уақытта есе жiбердi. Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдошыларымыздың арасынан Асхат Жiткеев алғаш болып медаль иеленген болатын. 2008 жылы Бейжiң Олимпиадасының финалдық сынында моңғол Тувшинбаяр Найданға жол берiп, күмiспен күптелген едi. Елдос Сметовтiң де Рио Олимпиадасынан күмiс медаль алуы зор жетiстiк.
Дзюдо күресiнiң үздiктерi үшiн келесi жылы әлем чемпионаты Венгрияның бас қаласы Будапештте өтедi. Әлем бiрiншiлiгiне дейiн Азия чемпионаты, Гран-при, Гран-слэм турнирлерi бар. Балуандарымыздың бабы қаншалықты екенi осындай сайыстардың таразысында тартылады.
Жеңiл атлеттерiмiз келесi жылы әлем чемпионатында сынға түсiп, Лондонда өнерлерiн көрсетедi. Лондон Олимпиадасының чемпионы, Рио Олимпиадасында қола медаль олжалаған Ольга Рыпакованың iзiн жалғар iзбасарлардың бар екенiн дәлелдейтiн дода – Ұлыбританиядағы әлем бiрiншiлiгi.
Биылғы жыл паралимпиадашыларымыз үшiн де табысты болды. Рио паралимпиадасына 11 спортшымыз қатысып, 1 алтын, 1 күмiс медаль бұйырды. Жүзуден Зүлфия Ғабидуллина Олимпиада чемпионы атанды, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күмiс медаль алды. Тұңғыш рет бiздiң елдiң паралимпиадашыларына медаль тидi.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар