1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті. Дайындайтын Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
12 қаңтар 2017
«Әлем чемпионы» атағына тоқтаған тарлан

Тауық жылында оқырмандарымызға “Жарқ еткен жасын” айдарымен спортта жарқырап көрiнген таланттардың қазiргi жай-күйi жайында жазып, таныстыруды бастаймыз. Спорт деген сиқырлы салада кез келген спортшы Олимпиада шыңына шығып, болмаса әлем чемпионатының алтынын ала бермейдi. Ал сол көпке бұйыра бермейтiн бақ, маңдайына қонбайтын атаққа ие болғандар неге ерте ұмыт болады? Рас, бiрiнiң жолына жарақаты кесе-көлденеңдеуi мүмкiн, бiрiнiң тағдыр-талайы басқаша өрбiп, спорттан қол үзедi. Айдарымыздың бүгiнгi кейiпкерi де сондай жарқырап шығып, әлем чемпионы атанған соң спорттан басқа саланы таңдаған жан. Бекжан Кiбiтқалиев – бокстан 2011 жылы өткен әлем чемпионатының жеңiмпазы. 15 жасында осындай атаққа қол жеткiзген Кiбiтқалиев қазiр қайда жүр? Ересектер додасына неге қосылмай кеттi? “Жарқ еткен жасынның” кейiпкерiн iздеп, жеке бапкерiмен де тiлдестiк. Сонымен...

2011 жылдың жазында Астана қаласында бокстан жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионаты өттi. Сұлтан Костоев аға бапкерлiк ететiн жасөспiрiмдер құрамасының бес боксшысы жартылай финалға өтiп, олардың арасынан екеуi финалдық жекпе-жекте өнер көрсеттi. Сол екi боксшының бiрi Бекжан Кiбiтқалиев финалдық жекпе-жекте венгр Норберт Херцегке қарсы айқасып, тартыс 10:10 есебiмен тең аяқталды. Төрешiлер әлем чемпионы атағы мен алтын медальдi Кiбiтқалиевке бердi. Қазақ елiнiң намысын қорғап, финалға жеткен екiншi ұланымыз Дидар Төлеген (80 келiден жоғары) өзбек Ойбек Шәрiповке есе жiбердi.
Костоев баптап қосқан құрама 1 алтын, 1 күмiс, 3 қола медаль иелендi. Бұл көрсеткiшке көңiлi қоңылтақсығандар да болды. Астана қаласында өткен әлем бiрiншiлiгi алдында 13 салмақ дәрежесiнде боксшы қосқан бiздiң бапкерлер 4 алтын аламыз деген болатын. Бекжан Кiбiтқалиев әлем чемпионатына 54 келiде қатысты. Тағы бiр дерек: әлем чемпионатына жер жаһанның 52 елiнен 367 боксшы қатысты. АIВА жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатына 1995-1996 жылы туған өрендердi қосты. Қызығы, 13 салмақ дәрежесiнiң iшiнде 54 келiде боксшы өте көп болды. Осы салмақта 35 елден боксшы қатысты. Кiбiтқалиев iрiктеуден iркiлмей өтiп, ширек финалға шығарда әзiрбайжан боксшысы Пейман Юсифлидi ұтты. Ширек финалда румын Арсен Мұстафаны ұпай басымдығымен жарыстан ығыстырды. Жартылай финалда ресейлiк Артем Мелконянды жеңдi.
Өз жерiмiзде өткен әлем чемпионатында бiр өзi ғана әлем чемпионы атанған Бекжан Кiбiтқалиев туралы сол кезде бәрiмiз шуласа жаздық. Көпшiлiкке таныстырдық. 2011 жылғы әлем чемпионаты алдында яғни сол жылдың басында Қызылорда қаласында Қазақстан чемпионаты өттi. Бекжан Кiбiтқалиев 54 келiде қола жүлдегер атанды. Қазақстан чемпионатында жеңiске жетпеген боксшыны әлем чемпионатына салған аға бапкерлердiң де түйсiгi алдамапты. Кiбiтқалиев сенiмге селкеу түсiрмей, үмiттi еселеп ақтады. Бiрақ сол жылдың жазынан кейiн бiз Кiбiтқалиевтi көрген жоқпыз. Ел бiрiншiлiгiнен де, халықаралық турнирлерде де бұл саңлақ төбе көрсетпедi. Қазiр қайда жүр деп Кiбiтқалиевтi әлем чемпионатына баптап қосқан жеке бапкерi Нұржан Қаңлыбаевқа хабарластық. Алғашында шәкiртiнiң бес жыл бұрынғы жетiстiгiн есiне қайта салғанымызға таңданды. “Одан берi қаншама жыл өттi, сол кезде газет-журналдан келiп жазды, теледидардан көрсеттi. Ендi неге iздедiңiздер?” деген Қаңлыбаев шәкiртi жайында бүй дедi.
– Бекжан маған 2005 жылы келдi. Өте талантты боксшы, солақай едi. Ол қаша жүрiп те жұдырықтасатын, қарсыласының шабуылын қарсы шабуылмен тойтаратын тәсiлдi өте шебер меңгерген. Бекжан әлем чемпионы атанған соң “спортты доғарып, бiлiм алуға күш саламын, келешекте iшкi iстер саласында еңбек еткiм келедi” дедi. Ата-анасы да солай деп шешкен екен. 18 жасқа толғанда әскери борышын өтеп келдi. Қазiр өзiнiң қалаған мамандығы бойынша қызметте.
Бекжан әскерден келген соң боксты қайта бастап көрдiк, бiрақ болмады. Жасөспiрiмдер арасында жүрген кездегi жаттығу мен ересектердiң арасындағы сайыстың айырмасы жер мен көктей ғой. Ақыры болмаған соң боксты доғарды. Бекжан әлем чемпионы атанғаннан кейiн сабағын оқимын деп ешқандай сайыса қатысқан жоқ: ел iшiндегi додаға да, халықаралық турнирлерге де.
Спортта барлығы бiрдей Олимпиада чемпионы атанса, әлем чемпионатының алтыны екiнiң бiрiне бұйыра берсе, оның несi бәсеке? Боксты жеткiншек кезiнде бастап, жасөспiрiм шағында доғарған Бекжанның көңiлге медеу тұтатыны – өшпейтiн атағы бар. Бiздiң елде жасөспiрiмдер арасында әлем чемпионы атанған өрендер көп емес. Сол аз шоғырдың iшiндегi шоқтылардың бiрi болып Кiбiтқалиев те саналады. Мiне, бiздiң iздеген боксшымыз бокстан осылай қол үзген.


Қ.ЖӘНIБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар