1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №14 (16200) 16 ақпан, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
16 ақпан 2017
Дәстүр Тұрсынхан, спортшы: АРМАНЫМ – ОЛИМПИАДА МЕДАЛIН ИЕЛЕНУ

28-қысқы Универсиада ойындары кезiнде Қытай делегациясынан бiр спортшыны iздедiк. “Қытай делегациясында қазақ баласы бар екен” дегендi естiп, iздеген адамымызды Атлеттер ауылынан таптық. Дәстүр Тұрсынхан Универсиада дуына үш рет қосылды. Жекелей сайыста жолы болмаған қандасымыз командалық сайыста қола медальға қарға адым жетпей тоқтады. Кiндiк қаны тамған Қобықсары ауылында 3-сыныпқа дейiн қазақ мектебiнде оқыған Дәстүр 4-сыныптан бастап Үрiмжiдегi спорт мектебiнде оқыпты. Қазiр Дене тәрбиесi институтында студент. Ауылынан ұзап шыққан сәттен-ақ Тұрсынханның ұлы ханзу тiлiнде бiлiмге сусындапты. Қазiр де жоғарғы оқу орнында ханзу тiлiнде оқиды екен. Екеуара әңгiме барысында кей сөздердi айтарда кәдiмгiдей iркiледi. 12 жастан бастап өзге тiлде бiлiм алған спортшы ойын жеткiзерде алдымен ханзуша ойлайтындықтан шығар деп топшыладық.
 

– Дәстүр, Қазақстанға алғаш рет келуiң ғой, алған әсерiң қандай?
– Бiз Бейжiңнен Алматыға ұшып келдiк. Алатауға бауырлап жақындап қалғанда ерекше толқыдым. Миллиардтан аса халқы бар елде өмiр сүрiп жатырмыз, құқығымызды шектеп, шiдерлеп ұстамағанымен де тәуелдiлiк бәрiбiр байқалып тұрады емес пе. Азат елге, өз атажұртыңа келгендегi, табаның топырағын басқандағы сезiмдi, әсердi айтып жеткiзе алмаймын.
Тағы бiр ерекше әсер еткенi – бiз мiнген ұшақ жерге қонып, әуежайдiң босағасынан аттағанда бiр қауым ерiктiлер қол шапалақтап, жылы шыраймен қарсы алды.
– Алматыда өткен 28-қысқы Универсиада ойындарына спортшыларын көп әкелген елдердiң бiрi – Қытай. Қытай делегациясында өзiңнен басқа қазақ балалары болған жоқ. Сенiң қазақ екенiңдi бiлген журналистер бiрiнен-кейiн бiрi сұхбат алды, елге танылуыңа септiгiн тигiздi.
– Сiз келерден бұрын да бiр-екi журналист келiп сұхбат құрдық. Телеарнадан да сөйлеттi. Менiң қазақ екенiмдi алдымен қасымызда жол көрсетiп жүрген ерiктiлер байқады. “Қалың ханзу арасында өзге ұлт екенiң бiрден байқалды” дейдi олар.
– Сен жекелей сайыста жүлде ала алмадың. 5000 метрге жүгiруде 17-орын бұйырды. Командалық сайыста та қола жүлдеге қол созым қалғанда (4-орын) тоқтадыңдар.
– Алматының ауа райы күрт бұзылып, бұрқасын қар жауды бiз сайысқа түскенде. “Медеудiң” мұзын қар басып қалып, жылдамдығымызды әбден тежедi. Қарсы алдымыздан жел борап та кедергiсiн тигiздi. Қытайдағы жарыс кезiнде мен 5000 метрдi 6 минут, 52 секундта, жүгiрiп өткенмiн. Алматыда 7 минут, 27 секундта жетiп, ондыққа iлiне алмадым. Мұздың бетiн қар басып қалғандықтан бейiмделу қиынға соқты. Оның үстiне Алматының климатына бойымызды үйретуге уақыт тығыз болды. Келген күннен көп өтпей-ақ сайысқа салды. Әрине, медаль бұйырмағаннан кейiн мұның бәрi сырт көзге сылтау секiлдi естiледi. “Медеу” мұз айдыны теңiз деңгейiнен әлденеше есе биiкте, ашыққа орналасқан. Қытай да таудың ұшар басында осындай спорт кешенi салынған. Бiрақ оның төбесi жабық, сыртта қар жауса да әсерi болмайды. Мұнда бәрi басқаша: өкпек жел гуiлдеп, жауған қар әп-сәтте мұз айдынын бүркеп тастайды.
Егер бұрынғы нәтижемдi қайталағанымда жүлдеге iлiнер ме едiм. Командалық сайыста да менiң алдымда жүгiрген әрiптестерiм Уаң Шы Вей, Жу Ча Ио шаршап қалды. Солар уақыттан ұтылып қалды да, мен оның желiнген уақытын өтеу үшiн барымды салдым. Жарыс бiткен соң “неге шабандық таныттың?” десем, жел соғып, тынысым тарылып, шаршап қалдым дейдi әлгi екеуi. Қола медаль иеленуге екi-ақ секунд жетпедi. Жүлде алмағанымыз болмаса командалық есепте 4-орынға тұрақтау да зор жетiстiк деп санаймыз. “Жеңiлiс – жеңiстiң анасы” деген тәмсiл бар. Алдағы сайыстарда сәтсiздiктен сабақ алып, өзiмiздi дәлелдеуге күш саламыз.
Жарыс кезiнде байқағаным, Оңтүстiк Корея мен Жапония елiнiң конькимен жүгiрушiлерi тым ұйымшыл көрiндi. Командалық сайысқа түскен үш спортшысы бiр-бiрiн айтқызбай түсiнiседi. Уақыттан ұтылып келе жатқанын, жылдамдықты арттыру керектiгiн өзара айтқанда, тез ұғысады.
– Туып-өскен жерiң, өскен ортаң жайлы айтып берсең.
– Қытайдың Шыңжаң аймағы, Мұңғыл ауданы, Қобықсары ауылында 1995 жылы өмiрге келдiм. Ауылда оқып жүргенiмiзде коньки спортына баулитын маман оқушыларды iрiктеуге келiптi. Менiң қатарластарымнан аяқ-қолымның ұзын екенiн байқап, жүгiртiп көрдi де, “сен бала сидам екенсiң, осы спортқа бейiмiң болады-ау” деп алып кеттi. Үрiмжi қаласындағы спортқа бейiмi бар балалардың мектебiне қабылданып, сол жерде оқып бiтiрдiм. Қазiр Үрiмжi қаласындағы Шыңжаң дене тәрбиесi университетiнде оқимын. Әкем жеке кәсiбi бар. Өзiмнен кейiн қарындасым бар. Ол Үрiмжiдегi би мектебiнде оқиды. Анам үй шаруасында.
Ақылы бөлiмде оқимын. Оқуымыздың ақысы жылына 10 мың юань. Қытай үкiметi жыл сайын спорттағы көрсеткiшiмiздi саралап, сыйақы бередi. Сыйақы мөлшерi оқудың ақысына пара-пар. Еңбегiмiзге қарай нәпақамызды тауып, ата-анамызға салмақ түсiрмей оқып жүрмiз.
– Алматыдағы 28-қысқы Универсиада ойындарына қалай жолың түстi?
– Қытайда төрт жылда бiр мәрте қысқы спорт түрлерiнен де спартакиада өткiзiледi. Сол сында жүлде алдым. Одан бұрын iшкi чемпионатта қола медаль иелендiм. Жастар арасындағы бiрiншiлiкте де қола медаль бұйырды. Содан кейiн бапкерлер студенттер арасындағы сайысқа қатысуға мүмкiндiк бердi.
– Қытайдың хоккейден ерлер құрамасы ойсырай ұтылды. Бiздiң елдiң студент-спортшылары 22:0 есебiмен ойсырата ұтты. Қытайдың студент хоккейшiлерi соншалықты әлсiз бе? Әлде олар қысқы Универсиадаға үздiктерiн әкелмедi ме?
– Шынымды айтсам, хоккейден Қытайдың құрамасындағылардың бiрде-бiреуiн танымаймын, үздiк ойыншылары келген-келмегенiн де бiлмеймiн. Командалық ойында бiр-бiрiңмен үйлесе алмасаң, сансырап қаласың.
– Биыл 4-курста оқиды екенсiң. Денешынықтыру пәнiнiң маманы атанып, дипломыңды аласың. Атажұртқа оралу жайлы сұрағым келiп отыр.
– Бұл сұрағыңызға жауап бермей-ақ қойсам.
– Қытайдың жастар құрамасына қабылдандың. Ендi сенi тек Қытайдағы қазақтар ғана емес, Атажұртыңдағы қандастарың да тiлеуiңдi тiлейдi. Келесi жылы Оңтүстiк Кореяда қысқы Олимпиада ойындары өтедi. Оған жолың түсе қоймайтын шығар. 2022 жылы қысқы Олимпиаданы Бейжiң қаласы қабылдайды. Сол додадан өзiңдi де көргiмiз келедi.
– Менiң де арманым – қысқы Олимпиада ойындарына қатысу, жарысқа түсiп медаль алу. 2022 жылғы Олимпиада ойындарына дейiн Қытайдың iшкi жарыстарында чемпион атанып, өзiмдi дәлелдеуiм керек.
– Өзiңнен басқа конькимен жүгiруде қазақ балалары бар ма?
– Аршын Шәкен, Рақымбай Талапхан секiлдi талантты спортшылар бар. Рақымбай Талапхан Голландия елiнде дайындық өткiздi дәл осы Универсиада қарсаңында. Болашақта қазақ балалары да қысқы спорт түрлерiнен де олжа салады деп ойлаймыз. Қазақ ұлтынан Қанат Ислам Қытай елiнiң намысын қорғап, әлем чемпионатының, жазғы Олимпиада ойындарының жүлдесiн иелендi. Бiз де сол ағалардың жолымен биiкке өрлеп, Олимпиада медалi үшiн барымызды салып әзiрленуiмiз керек.
– Атажұрт өзiңе ұнады дедiң, қасыңдағы командаластарыңның пiкiрi қандай? Универсиада кезiнде Қытайдың ақпарат құралдары тағам жағын көбiрек жазды.
– Ханзу спортшыларға да қазақ асханасы ұнапты. “Бұл елдiң тамағы мейлiнше еттен әзiрленедi екен” деп таңданды. Мен оларға асылған қазыны, қартаны, шұжықты көрсетiп, сыйлы қонақтарға тартылатын ет екенiн айтып бердiм. Қазының дәмiн бiлiп алған соң кетер-кеткенше соны жейтiн болды.
– Жеке бапкерiң Лю Ян Фей сен жарысқа түскенде даусы қарлыққанша айғайлап, ханзу тiлiнде тiлдесiп тұрды.
– Олар бiзге арнайы табло арқылы қарсыласымсыздан қанша уақыт озып не болмаса кешiгiп келе жатқанымызды айтады, жылдамдықты арттыру керектiгiн, кейде бiрден қарқын алып шығандап кетпей күштiң ақырына дейiн сақтау керектiгiн ескертедi.
– Бiзде Универсиада ойын дарында медаль алған спортшыларға сыйақы берiледi.
– Қытайда да медаль иеленген спортшыларға сыйақы берiледi. Оның мөлшерi қанша екенiн естiмедiк.

Сұхбаттасқан
Қ.КӨШЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті