1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
16 наурыз 2017
Евгений ЛЕВКИН, тұғырдан секіруден Азия ойындарының чемпионы: КЕЙДЕ ТҮСІМДЕ СЕКІРІП ЖҮРЕМІН

Сіз Евгений Левкиннің Азия ойындарының чемпионы болар алдында қызық оқиғаға тап болғанын білесіз бе? Жол апаты оның спорттағы ғұмырын белден сызса да, қазір Женяның жаңа өрістер тапқанынан хабардарсыз ба? Жалпы, өміріндегі ең үлкен жеңісін ол қалай бағалайды? Жақында Алматыда өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиадада Левкиннің комментаторлық дебюті қалай өтті? Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері осы сұрақтарымызға ықыласпен жауап берді.

– Женя, өміріңді кілт өзгерткен жол апатын ауыр болса да еске түсірейікші...
– Уақыт бәріне емші ғой. Сондықтан қазір бұл оқиға туралы еркін айта беретін дәрежеге жеттім. Біз «Сұңқар» кешенінен шығып, Әл-Фараби даңғылына кең айналып кіретін бұрылысқа жетіп қалғанбыз. Кеш түсіп кеткен, айнала қараңғы еді. Қарсы келе жатқан көліктің жарығы көзімізді қатты қарықтырды. Біздің жүргізуші де жолды анық көре алмай, соқтығысып қалмас үшін сәл оңға бұрған. Қарсыдағы да, біздің мінгеніміз де ірі көліктер еді. Оңға қарай алғанда біздің «Прадоның» бір дөңгелегі арыққа түсіп кетіпті. Бір жаққа қисайып бардық та, бірнеше рет айналдық. Кемі төрт-бес рет айналдық-ау, шамасы. Қалай аман қалғанымыз белгісіз. Бәрі түс сияқты болды. Жарға құлаған сәтімізді білемін, одан арғысы буалдыр. Көліктен кім шығарып алды, ауруханаға қалай жеттік, тіпті білмеймін. Есімді жансақтау бөлімінде бір-ақ жидым.
– Омыртқаңа зақым келген бе сонда?
– Мен алдыңғы орындықта отырғанмын. Машина шыр айналған кезде қауіпсіздік белдігі мойнымды қысып қалыпты. Содан мойын омыртқам шытынап, жұлыныма зақым келген. Аяқ-қолым сау. Тіпті ешқандай сызат жоқ денемде. Сөйтіп, жүре алмай қалдым. Бесінші-алтыншы омыртқалар негізінде қол мен аяққа «жауапты» екен ғой, солар зақымданған. Арқа тұсындағы омыртқасы сынғандар тіпті жүре алмай қалады, белден төмен мүлде істен шығады. Ештеңе сезінбей қалады. Менікі ондай емес. Оған да шүкір деймін осы күндері.
– Алғашқы кездерде қатты ауыр болды ма?
– Айтпаңыз, тіпті сөз жетпейді. Дегенмен еңсе түзеуіме, берілмеуіме спортта болғаным көмектесті. Спортшылар қарапайым адамдарға қарағанда оңайшылықпен сынбайды. Спортшыға «сен бірдеңе істей алмайсың» дегенді айтудың өзі оңай емес. Әуелі бұл жарақаттың қаншалықты ауыр екенін сезінгенім жоқ. «Сынса сынған шығар, біраз уақыт гипспен жүріп, сосын шапқылап кетемін ғой» деп ойладым. Жарты жыл, асып кетсе бір жыл қиналып, ары қарай өмірім қалыпты арнаға түсетініне сенімді болып жүрдім. Ресейдің Новосібір қаласындағы арнайы ауруханаға барғанда ғана жарақатымның тым ауыр екенін түсіндім. Мұнда 30-40 жыл бойы арбада отырған жандарды көрдім. Бірте-бірте күш түсіретін жаттығулармен айналыса бастадым.
– Қазір аяғың басуға келіп қалды ма?
– Иә, ақырындап жүре бастадым. Он қадам жасай аламын. Қалай дегенде де алға жылжып келемін. Новосібірден соң Қытайға барып, үш ай емделдім. Сонда дәрігерлердің маған үмітсіздікпен қарағаны есімнен кетпейді. «Жүре алмайсың» деген олар. Бәрібір сенбедім. Іштей өзімді қайрадым. Елге келген соң Талдықорғанға барып, мықты дәрігерлердің қолына түстім. Аяқ баса бастағаным да солардың арқасы. Ресейде жарақаты қатты ауыр болса да, жанын салып жаттығып жүрген адамдарды көрдім. Осындай жайттар адамды қатты ширықтырады. Тура менікіндей жарақатынан жазылып, өз аяғымен жүріп жүрген адамды кезіктірдім. «Демек, жазылып кетуге болады екен ғой» деп ой түйесің. «Мен неге жүре алмаймын?» деп өзіңді қайрайсың. Бірінші рет аяқ басқанда 100 келілік зілтемірді көтергендей қиналдым. Қатты қорқады екенсің. Бес жыл бойы босаңсыған еттер түскен салмаққа шыдай алмай, еркін қадам жасауыңа мүмкіндік бермейді. Қазір он қадамнан көбейтуге күшім жетпей жатыр.
– Тұғырмен секірушілер жарысын теледидардан қарап жүресің бе?
– Әуелгі кезде теледидардан тамашалау тым ауыр болды. Жылап та алдым. «Мен жоқ жерде, мен қатыса алмайтын жерде өтіп жатыр» деп қиналдым. Бірте-бірте бойым үйрене бастады. Қазір санамда секіруге талпыныс тіпті де жоқ.
– Сонда спортқа оралсам деген арманмен қоштастың ба?
– Енді өнер көрсете алмайтынымды білемін. Тіпті алдағы бір-екі жылда жазылып, екі аяғымды тең басып кеткен күннің өзінде жазатайым құлап қалсам, бәрі бес жыл бұрынғыдан да жаман аяқталуы мүмкін ғой. Дегенмен адамның өткен шағы санасынан бәрібір өшпейді екен. Кейде түсімде тұғырдан секіріп жүремін.
– Өзіңді басқа салаларда сынап көруге тырыстың ба? Комментаторлыққа тәуекел етуің де содан шығар.
– Алдағы күзде 25 жасқа толамын. Ауырып жатқанда өмір жайлы көп ойландым. Ақыры салыңды өз қолыңмен суға кетірудің мүлде қисынсыз екенін түйсіндім. Бір есік жабылған шығар, бірақ екіншісі ашылады ғой. Спортта ғана емес, басқа салаларда өзімді көрсететін мүмкіндік туар. 15 жаста компьютерге қызығатынмын, қазір ол да қиындау. Бағдарламалары күн сайын жаңарып жатыр. Әлеуметтік желілерде көп отырмаймын. Хоккей, футбол қараймын. Алматының «Қайратына», Астананың «Барысына» жанкүйер бола бастадым. Кейде Орталық стадионға барып тұрамын. Универсиада кезінде тұғырдан секіруден бөлек, хоккейді жүргізуге ықылас білдіргенім де осы жанкүйерліктен туындаған болар.
– Қанша дегенмен үлкен жеңіске жеткен тәжірибең бар. Ол да болашақта керекке жарауы мүмкін ғой.
– Қазірдің өзінде сол тәжірибемді пайдаға жарата бастадым. Алматыда қыздар құрамасының бас жаттықтырушысына көмектесіп жүрмін. Валентина Сдержникова деген талантты өркен бар, содан үміт күтеміз. Универсиадаға қатысқан Дайана Ахметуәлиева – біздің шәкірттеріміздің ең үлкені. Бір жақсысы, қазір тұғырдан секіру спортына мемлекеттен бөлек, жеке демеушілер де бет бұра бастады. Бұл жақсы құбылыс.
– Азия ойындарындағы жеңісіңе оралайықшы. Өзіңнен сондай жетістік күттің бе?
– Азиадада жарыс алдымен 125 метрлік тұғырда өтті, сосын командалық сынға түстік. 125 метрлік тұғырда өз бағам бойынша жаман секірген жоқпын, бірақ одан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Командалық сында үшінші топта секіріп, өз тобымдағы ең үздік нәтиже көрсеттім. Сөйтіп, жайлап бабыма ене бастадым. Егер бірінші күні сәтсіз секірсем, іштей жанып кетуім мүмкін еді. Сөйтіп, 90 метрлік тұғырға нағыз бабымда келдім. Білесіз бе, тұғырға көтеріліп бара жатқанымда бәтеңкемнің бауы үзіліп қалды ғой...
– Мәссаған! Не істедің, ауыстырып үлгердің бе?
– Жоға. Оған уақыт қайда?! Баудың жартысымен бірдеңе ғып байлап, тұғырға келіп жеттім. Егер бау мықтап тартылмаса, бәтеңкенің ішінде аяғың ары-бері қозғалып, дұрыс орнықпайды. Бәтеңке тобығыңды тапжылтпай ұстап тұрады. Жарты баудың қалай ұстап тұрғанына әлі таңым бар. Ешкімге айтпадым.
– Бапкерге де ме?
– Ол кісіге соңынан айттым ғой. Ол кезде айт-айтпа, кезегің келген соң секіруге тиіссің. Әйтпесе айыпқа жығып, жарыстан шығарып тастайды. Осы сәт өмір бойы есімде қалды. Жеңіске жеткен соң бауымның үзілгенін тіпті ұмытыппын. Көңіл күйім сұмдық болды ғой.
– Мүмкін, үзілген бауды өз жанкүйерлеріңнің қолдауы ұмыттырып жіберген болар?
– Дұрыс айтасыз. Азиадаға дейін де, кейін де әлем кубогының кезеңдеріне, әлем чемпионаттарына қатыстым ғой, ондағы әсер бәрібір басқаша. Өз еліңде сынға түсу соның бәрінен әлденеше есе ауыр. Бауым үзіліп кетті. Қорқа бастадым. Не істесем екен? Тұғырға шыққанымда, жанкүйерлер қиқуынан құлағым тұнды. Осы жайт маған күш берді. Отандастарымның сенімі бүкіл толқынысымды жан дүниемнен шайып кеткендей болды. Ештеңе ойламай еркін секірдім.
– Екінші рет секіргенде жерге түсе қалып, қуанышыңды білдірдің. Жеңісіңе сенімді болдың ба?
– Бірінші секірістен кейін екінші орындағы жапон қарсыласымнан 2,5 ұпай алда тұрғанымды білдім. Бұл – қарсыластан кемі 2 метр алға секірдім деген сөз. Ол екінші кезекте де менен бұрын секірді де, 100,5 метр қашықтыққа барып түсті. Мен 98,5 метрді «ұшып өтсем» де жеткілікті еді. Секіріп кеттім де, «қонған» жердің ең төменгі межеден де жақсы екенін сезіп қуана бердім. Сөйтсем, 99,5 метрге секіріппін. Бәрібір 1 метр артықшылығым қалды. Оның үстіне төрешілер менің техникамды жоғары бағалады. Сөйтіп, Азиада чемпионы атандым.
– Бұл жеңіс өміріңе өзгеріс енгізді ме?
– Иә, қатты өзгертті. Әуелі онша сезінбедім. Екі-үш күннен кейін ғана ақырындап түйсіне бастадым. Сұхбат сұраушы журналистер көбейді, түрлі шақырулар толастамады. Азиада мені өсірді. Үлкен жеңістің қандай болатынын түсіндім. Тәжірибем арта түсті. Жол апатына ұшырамағанда нәтижем жақсара түсетініне сенімді едім. 10 қараша, жұма күні дайындық жасадық. Ал жексенбі күні Норвегиядағы әлем кубогының І кезеңіне ұшып кетуге тиіс едік. Ең бастысы, бапкерім техниканы жаңадан қойып, менің бабымды тауып еді. Бірақ өкінбеймін. Қиындықтың бәрін жеңіп шығамын.
 

Сұхбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар