1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
13 сәуір 2017
Арман МОМЫНОВ, ринг-анонсер: ГОЛОВКИННІҢ КЕШІН ЖҮРГІЗГІМ КЕЛЕДІ

– Арман, «Астана арландарының» бокс кешін тұрақты түрде жүргізіп келе жатырсыз. Есіңізде айрықша қалған кездесуді және ерекше көзге іліккен боксшыны айтып өтіңізші...
– Биыл «Астана арландары» жетінші маусымын өткізіп жатса, мен соның алты маусымын тұрақты түрде жүргізіп келе жатырмын. Есте қалған жарқын сәттердің бірі – 2013 жылы Астанада өткен үшінші маусымның финалдық кездесулері. «Астана арландары» «Украина атамандарынан» екі күннің қорытындысы бойынша 4:5 есебімен жеңіліп жатқан сәтте 91 келіден ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев бауырымыздың ерлік көрсетіп, Ростислав Архипенконы (2:1 – 46:48; 48:46; 47:47) жеңіп, кездесуді тай-брейкке жеткізгені көз алдымда. Сонда қосымша 11-ші кездесу ұйымдастырылып, 54 келідегі Бағдат Әлімбеков мол-
дован Александр Рисканды 3:0 (50:45, 49:46, 50:45) нәтижесімен жеңді. Сонда жалпы 6:5 есебімен «Астана арландары» чемпион болған сәт ерекше есте қалды.

– Ең алғаш қашан ринг-анонсер болдыңыз?
– Ең алғаш сол «Астана арландарының» кездесулерін жүргізуден бастадым. Бірінші қадамды ешқашан ұмытпайсың ғой (күліп). Шыны керек, алғаш шығатын сәтте әлемге әйгілі Майкл Баффер, ресейлік Александр Загорский сынды азаматтардың жүргізу мәнерін қарадым және осы шаруа қолымнан келетініне толық сендім. Оның үстіне әзіл-қалжыңға толы КВН сахнасынан бірден спортқа ден қою бастапқыда қиынға соқты. Ал есте қалғаны – сол алғашқы кездесуге дайындық барысы.
– Соңғы екі маусымда «Астана арландары» Қазақстанның әр қаласында бокс кешін өткізіп жүр. Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Талдықорған, Атырау қалаларында өтті...
– Бұл бастаманың негізгі мақсаты – боксшыларымызды жергілікті халыққа кеңінен таныту. Менің ойымша, Алматы мен Астананың тұрғындары жартылай кәсіпқой боксқа тойған сияқты. Ал әр аймақтағы ағайындардың алдында шаршы алаңға шығып, осыған дейін тек теледидардан тамашалап келе жатқан жұртшылыққа ләззат сыйлау бір басқа деп есептеймін. Әр қаланың өз ерекшелігі бар және қабылдауы да бөлек. Шымкент, Талдықорған, Атыраудағы бокс кештетарының бәрі керемет.
– Жалпы, өзіңізге ұнайтын спортшы және ол несімен есте қалды?
– Маған осыған дейінгі де, бүгінгі «Астана арландарының» барлық боксшылары ұнайды. Мейірболат Тойытов (56 келі) қарсыластарын соққысымен есеңгіретіп жіберетін сирек боксшылардың санатында. Алдыңғы маусымда жұдырықтасқан Василий Левитті де атап өтер едім. Өзіне жүктелген жұмысты істейді, жоғарғы деңгейдегі бокс көрсетеді және әрдайым күліп жүреді. Сол сияқты Руслан Мырсатаев, команда капитаны болған Самат Бәшеновті айтар едім. Ерекше тоқталып өтетін азамат болса, ол – Мерей Ақшалов. Бір байқағаным, егер Мерей бір қасын жоғары көтеріп жұдырықтасса, онда қарсыласы Ақшаловтың ашуына тиді деген сөз. Сол сәтте қандай жағдай болса да Мерей жеңеді. Атап өтетін спортшылар көп.
– Қазақстанда сіз білетін, мойындайтын басқа ринг-анонсерлерден кімдерді атар едіңіз?
– Жалпы, мен білетін ринг-анонсер – халқымызға белгілі азамат, танымал актер Болат аға Әбділман. «Алаш-Прайдтағы» жігіттердің кездесуін, басқа да шараларды өте жақсы жүргізеді. Ал басқа да анонсер азаматтарды көріп жүрмін, бірақ, өкінішке қарай, есімдерін білмейді екенмін.
– Байқайсыз ба, сіз «дарқан даламыздың» деп басталатын сөзді жиі қолданасыз. Бұл ерекшелік пе, әлде әдет пе?
– Менің ойымша, кез келген ринг-анонсердің өзіндік ерекшелігі болу керек. Мәселен, әлемге әйгілі Майкл Бафферді танымал еткен өзіне ғана тиесілі Let’s get ready to rumble сөзі. Майклдың інісі, UFC-ді жүргізетін ринг-анонсер Брюс Баффердің ерекшелігі – It’s show time деуінде. Неге өзімізде осындай ерекшелік қалыптастырмасқа? Ағылшын тілінде емес, қазақ тілінде «дарқан даламыздың батырын» шақырып жатсақ, өз болмысымызды да осы сөзге лайықтасақ жақсы ғой. Даламыздың кеңдігін, соған сайын көңіліміздің дарқандығын, ұлымыздың батырлығын, қызымыздың қайсарлығын көрсетіп жатқаннан кейін бұл сөз айтылады. Бұл – менің ерекшелігім.
– Кәсіпқой боксшы Қанат Исламның Алматыда өткен кездесуін шетелдік әріптестеріңізбен бірге жүргіздіңіз. Оларға не үйреттіңіз, сіз не үйрендіңіз?
– Әрине, бұл кеш мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өйткені оны әлем тамашалады. Қазақ елінде үлкен кешті жүргізе алатын ринг-анонсердің бар екендігін көрсету менің мойныма артылған үлкен жүк болды. Бастапқыда мен шетелден келген ринг-анонсерлердің жанында тек аудармашы қызметінде және қосымша жүргізуші болуым керек еді. Бокс кешінен бір күн бұрын салмақ өлшеу сәтінде өзімді бар қырымнан көрсеттім деп ойлаймын. Кешкісін Майк Маркен мен Александр мырзалар келіп: «Арман, сен негізгі ринг-анонсер бол, біз тек өз эфиріміз үшін ағылшын тілінде жүргіземіз», – деп форматты 180 градусқа өзгертті. Негізгі жолды маған ұсынды, бірақ біз қонақжай қазақпыз ғой. Шетелдік әріптестеріммен келісіп, хабарлап тұруды өз мойныма алдым, төрешілер шешімін айтуды соларға тапсырдым.
– Армансыз адам болмайды. Ринг-анонсер ретінде жүргізгіңіз келетін бокс кеші...
– Ринг-анонсер ретіндегі арманым: бүгінде халқымыздың аузынан түспей жүрген батырымыз Геннадий Головкиннің Қазақстанда болатын кешін Қанат Ислам бауырымыздың кеші сияқты үлкен ықыласпен жүргізгім келеді. Головкиннің кешіне Майкл Баффердің өзі келетін шығар, соның қасында өз өнерімді көрсетсем деймін.
– Өзіңіздің жеке фитнес-орталығыңыз бар. Ашуға не түрткі болды және оған өзіңіз жиі барып тұрасыз ба?
– Иә, өзімнің жеке кәсібім бар. Фитнес саласындағы бизнес. Бұған түрткі болған жағдай: эфирде жүргеннен кейін, теледидарға шыққаннан кейін, халықтың көз алдында, ортасында жүргеннен кейін адамның денесі жинақы болуы қажет. Жалпы, өзімнің фитнес саласына келгеніме төрт жылдан асты. Соңғы екі жылда жаттығуларды үзген жоқпын. Бос уақытымды спорт және фитнес залдарында өткіземін. Аптасына аз дегенде үш-төрт рет бас сұғып тұрамын. Жақында ғана «неге өзім фитнес залын ашпаймын?» деген ой келді. Аллаға шүкір, қазір жұмысы жақсы. Өзім аптасына үш рет барып, «сайкл» деген велобағдарламадан сабақ беремін. Өзімнің клубымда бапкер есебінде жұмыс істесем, басқа клубқа өзім үшін жаттығу жасауға барамын.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Серік ҚАНТАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар