1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №31 (16217)   20 сәуір, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
20 сәуір 2017
Журналистердің доп додасы

Жақында Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 қазақ орта мектебінде шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының кубогы үшін турнир өтті.
Бұл жарысқа бұқаралық ақпарат құралдарының сегіз командасы қатысты. Онда Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының «Жеңіс» командасы, «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар» агенттігі, Қазақ радиосы, «ҚазМедиа», Sport 59, KazSport пен «Атамекен» бизнес телеарнасының клубтары күш сынасты.
Турнирде командалар екі топқа бөлініп, өнер көрсетті. А тобында Қазақ радиосы, «Егемен Қазақстан», Kazsport пен «Хабар» ұжымының командалары ойнаса, В тобында алаңға «ҚазМедиа», «Жеңіс», Sport 59 бен «Атамекен» телеарнасының жігіттері шықты. Жарыс өте тартысты және қызықты өтті. Оны турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, соған дейін ойындарды өз көзімен көрген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов та айтты.
А тобында «Хабар» агенттігі мен «Егемен Қазақстан» газетінің командалары бірінші және екінші орынмен келесі айналымға шықса, В тобында «Жеңіс» пен Sport 59 командалары 1/2 финалға жолдама алды. Сөйтіп, жартылай финалдың бірінші матчында «Хабар» мен Sport 59 клубтары кездесті. Бұл ойында журналистердің жарыстарында топ жарып, бас жүлдені алып жүрген «Хабардың» жігіттері басымдық танытты. Кездесуде команда капитаны Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер турнирдің «тинейджерлер» командасы атанған Sport 59 клубын 3:0 есебімен ұтты.
Жартылай финалдың екінші ойыны «Жеңіс» пен «Егемен Қазақстан» командаларының арасында өтті. Бұған дейін Астана қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен БАҚ лигасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы «Егеменнің» ойыншыларынан жеңілгенін білеміз. Кездесуде «Жеңістің» жігіттері сол жолы кеткен есені қайтарып алды. Олар қарсыластарын 3:2 есебімен жеңді. Ал турнирдің үшінші орны үшін болған матчында Sport 59 «тинейджерлер» командасы «Егеменнің» жасағынан айласын асырып, қола жүлдегер атанды.
Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Бұл сында «Жеңіс» клубының бабы мен бағы келісті. Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы финалда «Хабар» агенттігінің жігіттерін пенальти сериясында ұтып, турнирдің жеңімпазы атағын жеңіп алды. Матчта командалар бір-біріне дес бермей, жанкүйерлерге тамаша ойын көрсетті. Мәселен, 3:3 есебімен аяқталған ойында «хабарлықтар» 1:3 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіріп кетті. Ұйымдастыру комитеті жекелеген аталым бойынша үздік атанған төрт адамға арнайы сыйлық тағайындады. Онда турнирдің үздік ойыншысы атағын – «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман, үздік қорғаушы аталымын «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Елтай Нұрғазин алса, Құмарбек Азат («Жеңіс») үздік шабуылшы, Айбек Қабылша («Хабар») үздік қақпашы атанды.
Спорт журналисі, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы Дастан Кенжалин жарыс соңында турнирге арнайы келіп, журналистерге өзінің жылы лебізін білдірген мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовқа, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков пен мектеп директоры Ербол Іргебайға ерекше алғыс білдірді.
Енді болашақта Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының Астана қалалық филиалы журналистер арасында жарыстың бірнеше түрінен спартакиада өткізуді жоспарлап отыр.

Динара СҰЛТАН,
Халықаралық бизнес университетінің студенті

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар